Қостанай қаласына Тобыл арқылы кіре берістұста бірнеше табиғи бұлақ көзі бар. Жергілікті жұрттың пайымында жердің астынан атқақтап шығып жатқан бұл қайнар бастаулардың суы ең таза әрі денсаулыққа шипасы мол деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан көптеген тұрғындар бірталай жылдан бері ауыз суды осы бұлақтардың басынан алып келеді. Алайда эколог мамандар қала маңындағы бірде-бір бұлақтың суы ішуге жарамайды деп дабыл қағуда.
Бұлақ суының денсаулыққа зиянды екені «Qostanai – adaldyq alany» жобалық кеңсесі мен экология департаменті зертханалық-сараптамалық бақылау бөлімінің мамандары бірлесіп жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі болып отыр. Қайнар судың құрамында нитрат, фосфаттар мен ауыр металдардың шектен тыс көп мөлшері анықталған. Мамандардың айтуынша, көктем және жаз маусымында судағы адам ағзасына зиянды элементтер үш есе көбейеді екен. Мысалы, бір литр судағы амоний тұзының шекті мөлшері 45 мг-нан аспауы керек. Ал сарапшылар Қостанай маңындағы бұлақ суларында бұл көрсеткіш 145 мг-нан асып кеткенін айтады.
– Бұл су сапасының төмендігін және оның мүлдем ішуге жарамайтынын білдіреді. Біз жүргізген талдаулар су құрамында ауыр металдар мен аммонилі топ элементтерінің мөлшерден тыс көп екенін көрсетіп отыр. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен айтатын болсақ, бұлақ суының құрамында шаруашылыққа пайдаланылатын химиялық қалдық көп. Оған қала көшелерінде жаңбыр суы ағып кететін тоғандардың болмауы мен тұрмыста полифосфаттардың жиі қолданылуы әсер етіп отыр, – деді экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Сәбиев.
Әсіресе жаздың аптап ыстығында қала маңындағы бұлақтардың басында су кезекте тұрғандар көбейеді. Біреуі шайлық су алады, біреуі мұздатқышына қойып қайнатпай ішеді. Мамандар мұны білместікке санап отыр. Экологтердің айтуынша, бұлақ суын сүзгіден өткізіп ішті не, қайнатып ішті не, бәрібір денсаулыққа кері әсері сақталады. Өйткені су құрамындағы ағзаға зиянды заттар қанша қайнатсаң да кетпейтін көрінеді. Мұның зиянын адам бірден байқамайды. Тіпті шамадан тыс нитраттар мен фосфаттардың кесірінен бүйрегіне тас тұрып ауырып қалғанның өзінде, немесе марганец салдарынан есте сақтау қабілеті кеми бастағанда дерттің судан екенін аңғармауы мүмкін.
Мамандардың ескертуіне қарамастан, бұлақ бастауларына барып жатқан жұрт толастар емес. Осыдан бір-екі жыл бұрын бұл табиғи су көздерінің басына «Бұлақ суы ішуге жарамсыз!» деген ескертпе тақтайша орнатылған екен. Көпшілік көп өтпей ол тақтайшаны да түбінен қопарып жұлып алыпты.
– Біз мониторинг өткізу барысында бұлақтың басына барып, тұрғындармен тілдесіп, судың зиянды екенін түсіндіріп көрмек болдық. Бірақ мұнымыздан түк шықпады. Бұлақ басындағылар сөзге құлақ аспастан, құтыларын толтырып алып жатты. Енді қала маңындағы бұлақтарды шаруашылыққа пайдаланылатын су көзі ретінде танып, оны көміп тастау туралы мәселе көтеру ғана қалды. Басқа амал жоқ, – деп қынжылды «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Анжела Әлжанова.
Қостанай облысы