• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Маусым, 2020

Ауыл мектебінің ахуалы алаңдатады

1063 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім саласындағы қашаннан бері қордаланып қалған мәселелерді саралай келе, ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру қажеттігін айтқан болатын. Шынында да, бұл – өте өзекті мәселе. Облыстағы ауыл мектептерінің ахуа­лы алаңдатарлық. Тәуелсіздік таңы атқалы 150 мектеп жабылып қалған. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін білім ошақтарында 834 мұғалім жетіспесе, оның 543-і ауыл мектептеріне тиесілі. 66 мектепте спорт залы жоқ.

Облыстағы 556 мектептің 67 па­йызы шағын жинақталған мектептер. Күрделі мәселелердің қор­даланып қалған жері де осы. Ең алдымен мұғалімдердің же­тіспеушілігінен бір мұғалім бір­неше пәннен беретін олқылық та осы тұста. Облыстық білім басқармасы басшысының орын­басары Ботагөз Дүйсенованың айтуына қара­ғанда, кемшіліктің кестесін облыстағы 21 тірек мек­тебі жазып жіберуге септігін ти­гізуде. Тірек мектептердің жанынан ресурстық орталықтар құ­рылған. Облыстық бюджеттен орталықтардың материалдық-тех­никалық базасын заман талабына сай жарақтандыруға 178 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Осы жерде жылына үш мәрте сессия ұйымдастырылады. Сессия барысында толық емес мектептерде білім алатын оқушылар өз пәнінің нақты мамандарынан дәріс алып, білім негізін нығайта түсуде.

Бұл орайда, ел Президенті екпін түсіріп айтқа­нындай, толық емес мектептерде барлық пән мұға­лім­дерін ұстау өте қиын. Кадр жетіспеушілігі облыстың Біржан сал, Бұланды, Атбасар аудандарында қатты сезіліп отыр. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері, ағылшын тілі, математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих, химия пәндерінің мұғалімдері жоққа тән. Сондықтан амалсыздан зейнет жасындағы ұстаздар мен өзге пәннің мұғалімдері сабақ беріп амалдауда. Олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деген «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасынан да қайыр болмай тұр. Бұл орайда, ештеңе бітпей жатыр деген ұғым тумауы керек. Әр жыл сайын облыс мектептеріне 900-ден астам маман бағытталады. Соңғы үш жыл ішінде 1398 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал жоғарыда айтқан бағдарлама бо­йынша 797 маманға баспана сатып алу үшін 2690,2 млн теңге кө­лемінде қаражат бөлінген. 927 маманға 133,2 млн теңге мөлшерінде көтермеақы төленген. Осы бір деректерге көз жүгіртіп отырсаңыз, ауыл мектептерінің мұғалімнен тапшылық көретін реті жоқ тәрізді. Алайда шын мәнінде, бағдарлама арқылы ел мектептеріне орналасатын жас толқынның шалғайдағы шағын ауылға ат басын бұруы өте сирек. Оның басты себебі, ауылдық жердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, екіншіден, негізгі мектепте сағат саны аз. Міне, сондықтан жас маман жартымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейді.

Кадр мәселесін шешу үшін талпыныс та жасалып жатыр. 2017 жылы облыстық бюджеттен педагогикалық мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандарды даярлауға 298 грант бөлінген. Міне, осы орайда бір ұсыныс айта кетсек артығы болмас, осы гранттар ең алдымен шалғайдағы шағын ауылдың балаларына бөлінуі керек. Олар өздері жақсы білетін, тыныс-тіршілігіне үйренген ауыл тұрмысынан қай­мықпайды ғой. Екіншіден, осы гранттар арқылы оқып, білім алған түлектердің міндетті түрде ауылда жұмыс іс­теуін қадағалайтын жүйе қажет.

– Қазіргі күні шалғайдағы шағын ауылдарды ұстап тұрған мектеп екендігі белгілі, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Әлімжан Молдаш, – егер мектеп жабылса, мұғалімдер ауылда бір күн де тұрмайды. Жұмыс іздеп қоныс аударады. Оған әрине, ешкімді кінәлауға болмайды. Ата-аналар да мектебі бар елді мекендерге қоныс аударады. Демек, мектеп ауылға, ауыл мектепке дәнекер болып тұр.

Мамандардың айтуына қа­ра­ғанда, негізгі мектеп болып есеп­­­­телгенімен, сыныптары түгел емес білім ошақтары да аз емес. 2007 жылы Үкі­меттің қау­лы­­­сы­мен бастауыш мектептерді ұс­тап тұруға ұйғарым жасалған. Тіпті мүмкіндігі жоқ жерде оқу­шы­­ларды тасымалдап оқыту да ұйым­дастырылуда. Бұл орайда бірінші кезекте оқушылардың қауіп­­сіздігіне назар аударылады. Оның үстіне мектептегі тіл мәселесі де бар. Шағын ауылдардың дені жер­гілікті ұлт өкілдерінің мекені. Мек­тебі сақталып қалған ауылдар күні кешегі кеңшар орталықтары. Мұндай жерлердің көпшілігінде бі­лім ошағындағы тәлім-тәрбие бір-ақ тілде, орыс тілінде жүргізіледі.  Ал шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары болса, перзенттерін өз ана тілдерінде оқытқылары келеді. Мәселенің мәніне тереңдеп барған сайын бір-бірімен қиын түйіні сабақтасып жатқан баяғы Мақтақыздың ертегісі тәрізді болып көрінеді көзге. 

– Негізінде, Үкіметке өкпе де жоқ. Мысалы шағын ауылдағы 10-15 балаға даңғарадай мектепті ұстап тұруға қаншама қаражат қажет. Ауыл мектептерінің барлығы дерлік қазандық арқылы жылытылады, кемінде 3-4 пеш жағушы ұстау керек. Ондаған тонна көмір қажет. Суды тасымалдайды, дәретханасы далада, –дейді ел ағасы Алпысбай Тұрсынбаев, – ұтымдысы бірнеше шағын ауылдардың ортасында интернат ашу шығар. Қала баласының мүмкіндігі мол, олар облыс ор­талығындағы түрлі мәдени шараларды көре алады. Кітапхана да, спорт үйірмелері де, көркемсурет мектептері де сонда. Ал кейбір ауылдарда интернет желісі мектепте болғанымен, барлық үйде бар деп айту қиын. Егер бір жерден ұйымдастырылса, осындай кемшіліктерді жоюға болар еді.

Ұсынысы көңілге қонымды бол­ғанымен, бұл орайда да қолбайлау бар. Мәселен, мұндай мектептердің басым көпшілігі бастауыш мектептер. Облыстағы мұндай білім ошақтарының саны – 28. Ата-аналар мектеп та­бал­дырығын жаңа аттаған бауыр еті балалары көздерін жәудіретіп ин­тернатқа бере қояр ма екен. Туған жерін тастап көшіп кетуге мәж­бүр болып жүргендердің бір себебі осы.

Ауылдағы білім ошағының жағ­дайы бүгінгі күннің талабына толық жауап береді десек, жалған болар еді. Материалдық-техникалық базасын жетілдіру әлі де оңынан оралып отырған жоқ. Бүгінгі күні облыстың 66 білім ошағында спорт залы жоқ. Ауыл түгіл облыс орталығының өзінде де келеңсіз көрініс қылаң беруде. Мәселен, Көкшетау қа­ласындағы гуманитарлық-тех­ни­калық лицейінде спорт зал мүлдем жоқ. Жас өрендер қыста  шаңғы тебу  мен  үстел ойындарымен, өзге уақытта жеңіл атлетикамен ғана айналыса алады.

Аймақта спорт залдардың тап­шылығынан Бұланды ауданындағы Алтынды орта мектебінде жаңа спорт залының құрылысы бас­талды. Ал ескі ғимарат апатты жағдайда. Целиноград ауданында үлкен спорт залдары бар 4 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Яғни Қосшы мен  Қояндыда – 1200 орындық және Максимовка мен Қажымұқан орта мектептерінде 300 орынға шақталған екі мектеп салу көзделген. Аршалы ауданындағы Ижевск орта мек­тебіне қаржы бө­лініп, жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Бұланды ауданында Ма­кинск қаласындағы №3 орта мек­тептің спорт залы таяу­да ғана аяқ­талды.

Сөз соңын шиырып айтқанда, ауыл мектептерінің ахуалы мақ­та­нарлық жағдайда емес. Тығы­рық­тан шығып, талап биігінен көріну үшін жан-жақты ойластырылған кешенді шара қажет тәрізді. Ай­та­лық, білім ошағында, білім оша­ғының арқа­сында түтін түтетіп отырған ауылды да аман алып қа­ла­тын шешім керек.  

 

Ақмола облысы