Құрманғазы ауданында тұратын Ғалымжан Мұқашевтың мамандығы – есепші. Бірақ бала кезінен тарихи жәдігерлерді, көненің көзіне айналған бұйымдарды жинауға әуес болыпты.
Алдымен тігіншілігімен танымал болған анасы Молқұйма Құспанғалиева аяқпен қозғалысқа келтірілетін ұршығын далаға тастағысы келмепті. Сөйтіп, анасы тұтынған бұйымдарды көненің көзіндей сақтауды жөн көреді. Кейін соғыс ардагері, ішкі істер саласының үздігі атанған әкесі Батырғали Мұқашевтың қолданған бұйымдарын да жинақтайды.
Осылайша, өз үйінде музей жасақтала бастағанын байқамай қалады. Кейін музей қоры ауыл азаматтарының бұйымдарымен толығып, өткен ғасырдың 60-70-жылдарын көз алдыңызға елестетеді. Кейбір жәдігерлердің жүзжылдық тарихы бар. Музей білте шам, үтік, құман секілді тұрмыстық бұйымдармен толықты. Тіпті диірменнің тасы да тұр. Телевизор мен радиоқабылдағыштың, музыкалық аспаптардың бірнеше түрі бар. Тәуелсіздікпен бірге айналымға енген теңгенің алғашқы нұсқаларын да кездестіруге болады.
– Ән жазылған пластинканы айналдыратын ескі патефонды табу қиын ғой. Іс тігетін машина, радионың бірнеше түрі – мұның бәрі көне жәдігер. Кейбірін ағайындардан, достарымнан сұрап алдым. Белгілі қаламгер Рахмет Иманғалиевтің жазу машинкасын балалары тапсырды. Идаят Қуанғалиев деген көршімнің транзисторын ағаның көзіндей сақтап отырмын, – дейді Ғалымжан Мұқашев.
Қолы босаған сәтте өзі жасақтаған шағын музейдегі көне бұйымдарды қалпына келтіріп, кейбірін өңдейді. Сол себептен болар, елу жыл бұрынғы патефондар, радио-транзисторлар әлі күнге дейін жұмыс істейді. Мыс пен жезден, ағаштан жасалған көне бұйым, әсіресе телефон мен фотоаппараттың алуан түрі тізіліп тұр. Болашақта музейді кеңейтіп, аудан жұртшылығына таныстыруды мақсат етіп отыр. Кейбір жәдігердің тұсына шыққан жылын, атауын жазып қоюды қолға алмақ.
Атырау облысы