Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Охотзоопром» инспекторлары киіктің 280 мүйізін алып келе жатқан браконьерлерді ұстап алды. Ресейде тіркелген «SUZUKI» маркалы автокөлік жүргізуші – батысқазақстандық азамат. Ол соңына бақылау түскенін сезіп, Чапаев ауылында бірнеше күн жасырынып жүрген екен.
– Биыл жыл басынан бері ақбөкенге қатысты 18 қылмыстық іс ашылды. Өткен жылы мұндай қылмыстың саны – 26, ал 2018 жылы 43 болған еді. Біздің инспекторлардың ерен еңбегі және мемлекеттік қорғау шараларының күшеюі арқасында бұл салада қылмыс саны азайып келе жатыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев.
Батыс Қазақстан облысы қазір елімізде ақбөкен саны ең көп шоғырланған өңірге айналып отыр. Орал киік популяциясына кіретін жануарлардың бүгінгі ареалы – Ақжайық, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда, Жаңақала және Тасқала аудандарының аумағы. 2019 жылы әуе санағында, өңірдегі киік саны 217 мың екені анықталған еді. Биыл карантин салдарынан төлдеу маусымы алдындағы дәстүрлі әуе санағы жасалмай қалған. Бірақ инспекторлардың, бақылаушы мамандардың болжауынша, Батыс Қазақстанның байтақ даласындағы киік саны былтырғыдан 2-2,5 есе өскені байқалады. Яғни бүгінде Орал киік популяциясының саны 450-500 мыңға жетіп қалуы әбден мүмкін. Енді нақты әуе санағы 2021 жылдың құралай маусымы алдында өтеді.
Киік саны көбейгені жалпы халыққа жағымды ақпарат болғанымен, ақбөкенді аймақты жайлаған шаруа қожалықтары жайылымы мен шабындығынан айрылып, су тапшылығын бастан кешіріп жатқаны туралы дабыл көбейген еді. Бірақ өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев бұл ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен ақбөкендер үшін «Бөкей Орда» мемлекеттік резерватын құру жұмысы сиырқұйымшақтанып, әлі шешілмей келеді.
– Киік санының артуы, оның таралу аумағының кеңеюі қорғау жұмыстарына да айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, біздің инспекторлар киікті қорғау, күзету жұмыстарына 15 күндік ауыспалы режіммен шығады. 20 инспектор 8 автокөлікпен 4 топқа бөлініп қызмет етеді. Алайда бұл құрам киік мекендейтін аумақты толық қамтып үлгермейді. Яғни ақбөкен ең көп шоғырланған, 5 мың-20 мың басқа дейін жететін үйірлерді қадағалайды. Ал 100-200 бастан құралған шағын үйірлер назардан тыс қалады. Мамандар инспекторлар құрамын көбейтуді немесе басқа аумақтардан жедел топтарды тартып, әуе күзетін жүргізуді сұрап, еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның басшылығына хат жолдаған болатын. Бірақ ол ұсыныс әзірге аяқсыз қалып тұр.
Осы кезге дейін ақбөкен аулағаны, мүйізін алып, саудаламақ болғаны үшін талай адам жазаға тартылса да бұл қылмыс азаймай тұр. Құқық бұзушылардан жыл басынан бері 305 киіктің еті және ақбөкеннің 1280 дана мүйізі тәркіленген. 2020 жылы мемлекетке келтірілген залал 1 305 438 750 теңгені құрапты. Айта кетейік, елімізде 1 киік текесінің құны 4 167 000 теңгеге бағаланған. Ал ешкісі мен лағын өлтіргені үшін айыппұл – 2 916 900 теңге.
Киіктің төлдеу маусымы кезінде «Киік» кең көлемді акциясы құрылып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшжақты бұйрыққа қол қойған болатын. 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында өткен акцияда облыстық аумақтық инспекциялары, табиғат қорғау, құқық қорғау мекемелерінің мамандары 46 рейдтік іс-шара жүргізген. Осы кезеңде өңірде 3 қылмыс ашылды. Құқық бұзушылардан 8 киік ұшасы, 623 дана киік мүйізі, «ИЖ» маркалы 1 ұңғымалы мылтық және 3 автокөлік тәркіленген.
Батыс Қазақстан облысы