Маусым айынан бастап ІІМ елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу жұмыстарына кірісті. Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сәйкес, алғашқы екі аптаның өзінде 2 мыңнан астам шетелдік көлік тіркелген. Олардың дені республиканың батыс аймағына, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Тәртіп сақшылары жылжымалы мүлікті тіркеуді кейінге қалдырмауға шақырды. Өйткені жаздың аяғында еліміздегі эпидемиялық ахуал қиындап, аталған көлік иелері бұл науқаннан тыс қалуы мүмкін.
Көлік сенімхат және сақтандыру полисімен тіркелмейді
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарының атына тіркелген, сондай-ақ елімізге 2020 жылдың бірінші ақпанына дейін әкелінген автокөліктер жатады. Мұндай көлікті сенімхатпен немесе сақтандыру полисі бойынша жүргізіп жүрген тұлғалар тіркей алмайды. Себебі олар бұл санаттағы көліктердің меншік иелері болып саналмайтынын айтады тәртіп сақшылары. Дегенмен сақтандыру полисі арқылы аталған көлік құралдарын басқару құқығы беріледі.
«Тиісті қаулының негізінде автокөлікті тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды. Тіркеу үшін тағайындалатын алымның құны – 695 теңге. Техникалық төлқұжат үшін 3473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін 7778 теңге төлеу тәртібі қарастырылған. Әкелінген көліктер Арменияның құзырлы органдарының есебінде тұрғандықтан, оны Қазақстанға тіркеу кезінде сары түсті мемлекеттік тіркеу нөмірі табысталады. Мұндай нөмірлер басқа мемлекетте тұрақты тіркеуі бар көліктерге беріледі. Бұған қоса көлік иесінің тұрғылықты өңірі бойынша облыстық коды тапсырылады», деді С.Түсіпов.
Оң жақты рульді көліктер тіркеуден шет қалады
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары басқару рулі оң жақта орналасқан автокөліктер тіркеу науқанына қатыса алмайтынын нақтылады. Бұл көліктерді тіркеуге Қазақстанда 2009 жылдан бері тыйым салынған. Аталған мәселе еліміздегі жол қозғалысына қатысты заңмен қатар, Кеден одағының техникалық регламентімен реттеледі. Бұл – Армениядан бөлек, барлық елдерден әкелінетін жылжымалы мүлікке қойылатын ортақ талап. Сондықтан басқару рулі оң жақта орналасқан көліктерді тіркеу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ дейді полиция өкілдері.
Сауда және интеграция министрлігі Көліктік реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов Арменияда басқару рулі оң жақтан солға қарай ауыстырылған автокөліктердің Қазақстанда қауіпсіздік сертификатын алуы міндетті екенін еске салды. Бұл сертификатты арнайы зертханалардан алуға болады.
«Зертханада көлік құралдары еуропалық талап негізінде қайта жарақталғаны тексеріледі. Бұл процедураны жүргізу үшін тиісті құрылғылар пайдаланылуы тиіс. Демек, мұндай рәсім қайта жабдықтаудан бұрын Арменияның тиісті орталықтарында жүргізілуі керек. Яғни қауіпсіздік сертификатын жылдам әрі оңай алу үшін тиісті жұмыс жүргізілгенін айғақтайтын құжат ұсынылуы тиіс», деді С.Құсайынов.
Кәдеге жарату алымын төлеу қарастырылмайды
Қап тауы аймағынан әкелінген көліктерге қатысты жүргізушілер тарапынан койылатын сұрақ аз емес. Ақтөбелік Әлихан Оспанқұлов – басқа да Қазақстан азаматтары сынды армениялық нөмірлі көлікке ие болғандардың бірі. Темір тұлпар иесі енді жылжымалы мүлігін елімізде тіркеген жағдайда онсыз да қымбат алым түрлерін төлеуге мәжбүр болатынына алаңдаулы. Сала мамандары алым төлеудің тәртібін былай түсіндірді:
«Заңнамада көзделген барлық алымдар, нақты айтқанда бұл – мемлекеттік баж салығы, кәдеге жарату алымы және кедендік төлемдер шетелден әкелінген және басқа мемлекеттердің есебінде тұрмайтын көлік құралдарын тіркеу кезінде қарастырылған. Үкіметтің қаңтар айындағы қаулысы Арменияда автокөлікті есептен алып, оны Қазақстанда әдеттегі тәртіппен тіркеуді қалайтын көлік иелері үшін қабылданды. Сондықтан бұл көлік иелеріне аталған рәсімдерді орындау үшін жеткілікті уақыт берілді», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары.
Қазір шетелдік нөмірлі көліктерді арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеу мүмкіндіктері қарастырылған. Азаматтарға қолайлы болу үшін бұл орталықтардың жұмысы жексенбі күндері түскі сағат 13:00-ге дейін жалғасады. Полиция өкілдері ХҚКО-ның мұрағатында Арменияның жауапты органдарынан берілген техникалық құжаттар мен мемлекеттік нөмірлері сақталатынын айтады.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, азаматтардың едәуір бөлігі әлі де көліктерін тіркеуге асықпайтын сыңайлы. Қазіргі орайлы сәтті дер кезінде пайдаланбаса, ертең кеш болуы да ғажап емес.
«Кейбір азаматтар асықпай, көлікті тамыз айында тіркеуді жоспарлауда. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, егер де олар автокөлікті сенімхат бойынша немесе сақтандыру полисі бойынша басқарса, қажетті құжаттарды жинауға уақыт жетпеуі мүмкін. Екіншіден, соңғы айда өтініштердің көлемі артып, қызмет көрсету орталықтары артық жүктемені өңдеп үлгермеуін естен шығаруға болмайды. Сонымен қоса бұл эпидемиялық жағдайдың ушығуына соқтыруы мүмкін», дейді құқық қорғаушылар.
Жылдың басында Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерге байланысты ІІМ-нің жаңа талабы шыққан еді. Бұл мәселе қоғамда резонанс тудырып, әжептәуір талқыланған-ды. Осыған орай Мемлекет басшысы аталған проблеманы шешу үшін Үкіметке тиісті тапсырма жүктеген болатын.