Қазақстан және Өзбекстан Кәсіподақ федерациялары тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы мақсатта өңірге арнайы келген Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және федерацияның үйым басшылары "Өргебас" және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардаптарын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен, "Достық", "Жеңіс", "Жаңа-тұрмыс" елді мекендерінде салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мырзакент кентінде жергілікті тұрғындармен және су апатынан зардап шеккен елді мекендердегі жалпы орта мектептерінің басшыларымен кездесті.
Тұрғындармен кездесуде Сатыбалды Дәулеталин Мақтаарал ауданының тұрғындары берекені көктен емес, қажырлы еңбектен тілеген тынымсыз еңбекқор жандар екенін атап өтті. "Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сондықтан да, біз осындамыз. Кәсіподақтар елмен бірге, тағдыр тоңдырған мақтааралдықтарға жылумен келдік. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған Президент пен Үкіметке өз ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде, әріптесіміз – Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді мекендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп, 66 миллион теңгенің көмегін көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті компьютерлік сыныптардың толық жабдығын тапсырамыз" , деді С.Дәулеталин. Сондай-ақ ол Аманжолов, Мүсірепов, Фердоуси атындағы орта білім беретін және "Нұрлы жол" елді мекеніндегі мектептердің директорларына 25 ноутбук, 25 парта мен 50 орындық, 2 принтер, бір-бірден мультимедиалық тақта табыс етті. Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 100 тұрғынына федерацияға қарасты "Көктем", "Меркі", "Манкент", "Жаңақорған", "Щучинск" шипажайларына жолдама берілді. Тегін жолдамалар зейнеткерлерге, мұғалімдерге, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да табыс етіледі.
Апаттан зардап шеккен ауданның мұғалімдеріне Республикалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы тарапынан да елеулі қолдау көрсетіліп, 365 білім саласы кәсіподақ мүшесіне материалдық көмек ретінде 35 мың теңгеден берілді. Жалпы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік үйымдары 50 млн теңгенің көмегін көрсетті. Өз кезегінде Өзбекстаннан "Достық керуенін" бастап келген, Жизақ облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Сенат депутаты Нусуратулла Пардаев бауырластық әрі көршілік қарым-қатынастар қазақ және өзбек халқының қатынастарының негізі болатынын атап өтті. "Бүгін таңертең Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан біздің "Достық керуені" өтті. Біз де Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы сияқты бауырлас халықтың басына түскен осы қиындықта бейтарап қала алмадық және біздің қазақстандық әріптестердің зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету акциясына қосылдық", деді өзбекстандық делегацияның басшысы. Өзбекстан кәсіподақтары жалпы сомасы 16 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек алып келген. Оның ішінде алғашқы қажеттілік тауарлары, құрылыс материалдары, төсек-орын жабдықтары мен азық-түліктер бар. Мақтаарал ауданының тұрғындары екі ел кәсіподақтарына осы бастамалары мен ауданның өмірін қалпына келтіруге сіңірген елеулі үлестері үшін өз алғыстарын білдірді.