Маңғыстауда қыз-келіншектер арасында Жапырақ Кеңесханқызын танымайтын адам жоқ. Қазақы мінезді, кең де кішіпейіл ол алдына келген әйел-ананың айтарына құлақ түріп, шешіле сөйлесуді өзінің азаматтық, дәрігерлік міндеті санайды.
– Дәрігердің ісі тынымсыз, қауырт істерге толы. Кей кезде ота, ауыр жағдайдағы ана мен бала, жиналыс, өзге де қым-қуыт шаруаларға асығып жүріп, кейбір нәрселерге мән бермей қалатынымыз бар. Жасырақ кезімде осы сынды істермен қарбаласып жүрген болуым керек, дәлізде отырған бір әйелдің өтінішіне немқұрайды жауап беріп өте шығыппын. Артынша әкем хабарласып: «Айналайын, мен сені дәрігер болғанда халқыңа қатал болсын дегенім жоқ, керісінше олармен бірге жылап, бірге күлетін, олардың ауырын жеңілдетіп, жанына араша түсер азамат болсын дедім. Сен дәрігер ретінде енді ел алдында жүресің, әрбір жүріс-тұрысың, іс-әрекетің жұрттың көз алдында болады. Кеше ғана досымның бір қызына салғырт қарап өте шығыпсың, әкесі маған айтқанда қатты ұялдым. Сөйлесіп, оны тыңдағанда нең кетеді? Екінші рет мұндай жағдайға жол берме», дегенде ойланып қалдым. Осы оқиға әкемнің бұйрығы сынды маған өмірлік сабақ, өмірлік ұстаным болды, – дейді Жапырақ Кеңесханқызы.
Оның алдына келгеннің жан дүниесін түсінуге ұмтылып, барынша тыңдап, мүмкіндігінше көмектесуге дайын тұратын адамгершілігінің түп тамыры қайдан екенін осылай ұғындым.
1989 жылы Семей қаласындағы Мемлекеттік медицина институын бітірген Жапырақ Епенова Өскемен қаласындағы №4 қалалық аурухана базасында интернатурадан өтіп, 1990 жылы Ақтау қаласындағы босану үйінен қызметін бастайды. Содан бері отыз жыл бойы бір мекемеде тұрақты еңбек етіп келеді. Еңбек жолының алғашқы он жылында, яғни 1990-2000 жылдары мекеменің қабылдау, дерттану, босану, гинекология, аналар бөлімі сынды барлық бөлімдерінде еңбек етсе, екінші он жылда – 2000-2010 жылдары аталған бөлімдердің меңгерушісі болып еңбек еткен, содан соң үшінші онжылдықта – 2010-2020 жылдары орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Онжылдықтармен жүйеленген жұмыс жолы жуырда жаңарып, 2020 жылы мамыр айынан бастап Маңғыстау облыстық Перинаталдық орталық директорының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша жан басына шаққанда соңғы жылдары республикада алдыңғы орында келеді. Осы көрсеткіш ішінде Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықтың үлесі зор. Орталықта 2018 жылы 7546 босану болып, егіздер мен үшемдер санымен өмірге келген бала саны 7693-ке жетсе, 2019 жылы 8 457 бала дүниеге келіп, 8 313 босану орын алған. Биыл бес айда орталық төрінен дүние есігін ашқан балалар саны 4 мыңға жуықтап қалған.
Маңғыстаудағы уақытынан бұрын босанушыларды, ауыр деңгейдегі ақау-ауытқуы бар әйелдерді босандыратын үшінші деңгейдегі орталық – облыстағы дәрігерлік ғимараттар ішінде алғашқы болып су жаңа ғимаратқа ие болған мекеме. Үш жыл бұрын маман тапшылығын шешу үшін орталық басшылығы құзырлы орындарға хат жазып, резидентураны орталық базасынан оқыту мәселесі жолға қойылды. Сол жылы бес қыз бала келген. Қазір олар – болашақ акушер-гинекологтер, орталық қабырғасында еңбек етіп, тәжірибе жинап жүр. Сондай-ақ жетіспейтін анестезиолог, неонатолог, реаниматолог мамандарды шақыртып, мекеме есебінен пәтер жалдап берумен қатар, оларды ынталандыру үшін жоғары еңбекақы да қарастырылған.
– Адамды өмірге әкелу оңай емес. Мен алдымен тоғыз ай көтеріп, дәрігерлермен кеңесе отырып өзін күтіп, ұл мен қызды өмірге әкеліп жүрген аналарға алғыс айтамын. «Алып анадан туады» дегендей, болашақ атпал азаматтарды өмірге әкелетін аналар мықты. Ал дәрігерлердің еңбегі – еңбек. Қазіргі пандемия орын алған қиын шақта 2-3 айдан бері қауырт жұмыс жасап жатқан өзіміздің орталықтың қабылдау бөліміндегі қызметкерлерге риза боламын. Ел үшін жасалған еңбектен жан рақаттанады ғой, – дейді Ж.Епенова.
Жасыратыны жоқ, қазір Маңғыстауда экологиялық жағдай әсері ме, халықтың денсаулығында әртүрлі проблемалар бар. Бірақ қиын жағдайда ұрпақ сабақтастығын жоғалтпай, өмірді жалғап жүрген аналардың да, оларға қамқорлықпен қызмет етіп жүрген акушер-гинекологтердің да еңбегі зор.
Бүгінде отыз жыл бойы қызметте әбден ысылған, ыстық-суықты көріп, біраз тәжірибе жинаған Жапырақ Кеңесханқызы – өзінен кейінгі әріптестерінің, әсіресе жас буынның ұстазы. Мекемені басқарып қана қоймай, жас мамандарды тәрбиелеу ісіне көңіл бөлуді мақсат етіп отыр. Ол – ошағының ұйытқысы болып отырған отанасы. Жолдасы стамотолог дәрігер болса, ұлы да осы мамандық бойынша жоғары оқу орнында білім алуда. Өзге мамандық иесі атанған қызы отбасында дәрігер ата-анасынан алған тазалық, жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып келеді.
Маңғыстау облысы