Атыраудағы жобаларға жұмысқа тартылған шетелдік жұмысшыларға бірнеше есе көп жалақы төленетіні жасырын емес. Ал, қазақстандық мамандар олардан әлденеше аз еңбекақы алады. Бұл мәселе көптен бері қозғалып жүр. Тіпті былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге келген сапарында бұл мәселеге айрықша назар аударған еді. Содан бері жалақы айырмашылығын жою үшін не істелді?
Рас, шетел инвесторлары өңір экономикасына, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібіне қомақты инвестиция салып отыр. Соны сылтау ете ме, шетел компаниялары инвестициямен бірге, өз мамандарын да қоса әкелуді қолай көреді. Өйткені инвесторлар қазақстандық мамандардың біліктілігін төмен санайды-мыс. Шынымен солай ма?
– Біз былтырдан бері 30-дан асатын шетелдік жұмысшылары бар 43 компанияға жүргізілген тексеру кезінде 400-ден астам заң бұзушылықты анықтадық. Сонымен бірге 16 кәсіпорында шетелдік және жергілікті қызметкерлерге еңбекақы төлеуде 109 сәйкессіздік фактісі расталды, – дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.
Оның айтуынша, тексеру қорытындысымен 264 әкімшілік іс қозғалып, заңсыздыққа жол берген компанияларға 88,6 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Заң бұзатын компаниялардың дені «Теңіз» кен орнындағы жобаларға мердігерлікке тартылған. Жұмыс берушілер жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мән бермейді. Ал жалақы төлеуде әділдік салтанат құрмай, алшақтықты 10 есеге дейін өсіріп жібереді.
– Мәселен, 28 күндік вахталық ауысыммен жұмыс істеген қазақстандық инженерге 700 мың теңге жалақы төленген. Ал дәл сондай лауазымда жұмыс істеген шетелдік инженер 3 млн теңгеден астам жалақы алған, – дейді басқарма басшысы Игілік Әубәкіров.
Міне, шетелдік пен қазақстандықтың атқаратын жұмысы бірдей болғанмен, жалақыдағы алшақтық жер мен көктей. Жұмыс беруші тарапынан осындай алалау болған соң, әрине шетелдік жергілікті жұмысшыға шекесінен қарайды. Тіпті қазақстандыққа қарағанда, шетелдікке жасалған тұрмыстық жағдай әлдеқайда жоғары екені анықталған.
– Мұндай кемшіліктерге байланысты жұмыс берушілерге арнайы мерзімде оны жою туралы талап қойылды. Жұмыс беруші мәселені қандай әдіспен шешетінін өзі біледі. Біз үшін маңыздысы – талаптың орындалуы, –дейді Игілік Әубәкіров. – Кейбір компаниялар жұмысшылардың жалақысын төлеудегі сәйкессіздікті теңестірді. Енді бірі шетелдік қызметкерлерді жұмыстан шығарып жіберді. Өзіміз анықтаған фактілер бойынша талабымыз орындалды. Біз мәселені алда да бақылауда ұстаймыз.
Басқарма тарапынан жүргізілген тексерістен кейін шетелдік 262 азаматтың рұқсат қағазы кері қайтарылыпты. Ал ел аумағынан шығарылған шетелдік 212 маманның арасында 43 ұлыбританиялық, 24 түркиялық, 33 түрікменстандық бар. Сондай-ақ былтыр Атырауға шетелден 17 мың маман жұмысқа тартылса, биыл шетелдік жұмыс күшіне берілетін квота 40 пайызға төмендетіліп отыр. Қазір мұнайлы өңірде әлемнің өзге елдерінен 10567 маман тартылған.
– Шетелдік үлесі бар мекемелерге жыл сайын жоспарлы тексеру жүргізіледі. Оларға қойылатын негізгі талап – шетелдік жұмысшы санын 30-дан асырмау. Облыс әкімінің өкімімен екінші жартыжылдықта тексерілетін компаниялар тізімі бекітілді. Өткен жылы олқылыққа жол берген компаниялар қайтадан тексеріледі. Басты мақсатымыз – кемсітушілік пен теңсіздікке жол бермеу, – дейді облыстық мемлекеттік инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.
АТЫРАУ