Елімізде қолға алынған маңызды жобаның бірі – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Былтыр Атырауда аталған бағдарламамен 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілді. Ал биыл дәл осы бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Әрине қағазда бәрі қатып тұр. Алайда биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Неге?
– Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның ішінен 6 217-і, яғни 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Қазір жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Алайда мекемелер ұсынған тұрақты жұмыс орындарына 2 344 адам орналастырылып, жоспар 19,5% ғана орындалыпты. Бұдан да төмен көрсеткіштер Атырау қаласында (9,8%), Жылыой және Исатай аудандарында (14,8%) байқалып отыр. Мәселен, Исатай ауданында үш жобамен 780, ал Құрманғазы ауданындағы екі жобаға 190 жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Алайда алғашқысында тек 10 адам жұмысқа қабылданы белгілі болып отыр. Ал Құрманғазы ауданындағы екі жобаға бірде-бір адам тартылмаған.
Енді нақты жоспармен жұмыс істеп, карантинді сылтауратуды қою керек. Төтенше жағдай, тіпті карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық арнайы штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді. Бірақ нәтиже төмен, деген Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды ұйымдастыра алмаған аудан әкімдерін сынға алды.
Ал Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын 25 инфрақұрылымдық жобамен 2446 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыспен қамтылатын әрбір екінші азамат ресми жұмыссыздар қатарынан алынбақ.
– Қазір 20 компаниядан 809 бос жұмыс орнына сұраныс түсті. Соған байланысты орталықта 3 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде, 244 адам жұмысқа орналасты. Алайда кейбір азаматтар берілетін жалақыны місе тұтпай, ыстық тамақты, қызметтік көліктерді талап етіп, ұсынылған жұмыстан бас тартады, – деді Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар Құспанова.
Дегенмен Қ.Оразбаевтың пікірінше, жұмыссыздық мәселесін шешуге алдымен жұмыспен қамту орталығы мүдделі болуы керек. Мәселен, Атырау қаласындағы №55 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған «КомпанияТехСтрой» ЖШС директоры Ержан Самалихов 18 адамды жұмыспен қамту орталығынан шақырып отыр. Бұл серіктестікке тағы 15 жұмысшы қажет. Алайда кейбір мердігерлер жұмыссыздар шақырту алса да, жұмысқа келмейтінін алға тартады.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыздық мәселесін бірлесе шешуіміз қажет. Өзі жұмысшы сұрап, алдына келген адамды негізсіз жұмысқа алмайтын компаниялар бар. Олармен жұмысты жалғастырудың қажеті бар ма? – деді қала басшысы.
Енді облыс әкімі М.Досмұхамбетовтің тапсырмасымен мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақының уақтылы және толық көлемде төленуіне мониторинг жасау қолға алынбақ.
Атырау облысы