• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 23 Маусым, 2020

Қарақұмда өскен қарағай

1779 рет
көрсетілді

Осыдан 2 жыл бұрын белгілі түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов Қызылорданың Аралы мен Ақтөбенің Шалқары арасында өсіп тұрған қарағай орманын видеоға түсіріп, біраз жұртты таңғал­дырып еді. Қалың құмның арасында жай­қалып тұрған қарағай «Қызылорданың құмы­на ештеңе өспейді!» деп кесіп-пішіп айтуға құ­мар біраз ағайынның аптығын басқан болатын. Тіпті осыдан кейін біраз адамның көкейінде «Шалқар­да шыққан қарағайды өзімізде неге көрмес­ке» деген ойдың қылаң бергені де рас еді. Сол қарағайдың көз жетер жердің бәрін жота-жота құм басқан Қарақұмда өсіп тұрғанын көргенде жоғы­мызды тапқандай қуандық-ау...

Таулы жердің таза топырағына шығатын ші­кәмшіл қыр қарағайын құм арасына әкеліп тік­кен осы ауылдың байырғы тұрғыны Аманжол Жұма­беков ақсақал екен.

– Осыдан 10 жыл бұрын батыс өңірге сапардан қайтып келе жатып, Қандыағаштан қарағайлы алқап көрдім. Содан кейін-ақ осы ағашты Қа­ра­­құмға әкеліп егу туралы ой маза бермеді. Әдеп­­кіде Ақтөбедегі тұқымбақтан алып келген көшет­терімді көктеп келе жатқанда білместікпен «өлтіріп» алдым. Осыдан 5 жыл бұрын сол өңірден 10, былтыр 46 түп көшет және әкелдім. Содан қазір ауламда 18 түп қарағай өсіп келеді, – дейді ақ­сақал.

Қазір кәдімгідей бой алып өсіп тұрған қарағай Ақтөбенің Ойылына Көкшетаудағы Бурабайдан жеткізіліпті. Ақсақалдың айтуынша енді бой алып келе жатқанында суын уақтылы беріп, күннен тасаласа тау қарағайы құмға тез жерсінеді екен. Қазір осыдан бес жыл бұрын егілген талдың биіктігі 3 метрден асып қалған.

Аманжол ақсақал есік алдын көгерту үшін арнайы ұңғыма қаздырып, жеміс ағаштарын да отыр­ғызыпты. Өрігі мен шабдалысы биыл алғашқы өнімін бермек. Одан бөлек бау-бақшалық алқабы да жай­қалып түр.

Құм арасын абат баққа айналдырғысы келетін қарияның әбден ізденгені байқалады. Ол алдағы уақытта тағы 50 шақты көшет әкеліп, осы маңды қарағайлы орманға айналдыруды жоспарлап отыр.

 

Қызылорда