• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экология 24 Маусым, 2020

«...Тауыңда қыран қалды ма?»

521 рет
көрсетілді

Ауылда бала кезімізде көктемде сарыала қаздарды, ара-тұра бәбісектерді көруші едік. Қазір қаладамыз, көп көрмеген соң құстардың заты тұрмақ, атын да ұмыта бастайды екенсің. Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақтың көбі құс танудан қалып бара жатқаны рас. Бізден гөрі орыс ағайындарымыздың табиғатты, соның ішінде аң-құстарды аялауға келгенде оқ бойы озық тұрғандығын мойындауға тиіспіз.

 

Ернар Әуезовтің жолын жал­ғай­тын қазақ жастары қайда?

Алысқа бармай-ақ өзім тұ­рып жатқан Шығыс Қазақ­стан­ды алайық. Білуімше, біздің об­лыста құстармен шұ­ғыл­­данып, індете зерттеп, санақ жүргізіп, олардың тағдыр-тала­йына алаң­дап жүрген бірде-бір қазақ орнитологі жоқ. Ал өзге ұлт өкіл­дерінің, оның ішінде орыстар­дың құс­тарға соншалықты құштар, қанат­­тыларға өзге­ше қам­қор­­лық­пен, ерекше мейі­ріммен қарай­тынына қарадай қызы­ғасың. Қашан көрсең, қыс демей, жаз демей, жауын-шашын, боран демей, тау-тасты, құз-қияны ерінбей-жалықпай ара­­лап, аң-құсты тізімге алып, сурет­ке түсіріп, соңынан кітап-аль­бомдар шығарып жүретініне кәдім­гідей сүйсінесің. Бұл ретте Б.Щербаков, С.Стариков, Ю.Ко­тухов секілді облыс­тағы орни­тологтер есімін құр­мет­пен атап өтуге тиіспіз. Біз аңғар­ған тағы бір дүние, қазақ фото­граф­­тарының көпші­лігі таза ауаға шығып, табиғат­ты су­ретке түсі­руге құмбыл болға­ны­мен, тау кезіп, тас басып, аң-құсты фо­­то­ға тартуға келгенде кеже­гесі кейін тартатын секілді. Бір қа­ра­­­ғанда, бір қарағанда емес-ау, шынында, арнайы уақыт бө­­ліп, бәрін тас­тап, тау-тас­ты шар­лап, аң-құсты сурет­ке түсі­ру ға­жабынан гөрі аза­бы көп жұ­­мыс екені де рас.

Қазақ фотографтары осы азапқа (дұрысында, ғажап қой) шыдамайтын секілді, «Әй, қойшы соны» деп жандарын қинағысы келмейтін сияқты. Жуықта өңірімізге есімі белгілі жазушы, былтыр 80 жасқа тол­ған өскемендік орнитолог Борис Щербаковқа хабарластым. Об­­лыс­тағы аң-құстың жайын сұрас­тырып, сөз арасында өзімді көптен толғандырып жүрген «Қа­зақ неге құстарға қызықпайды? Облыста неге қазақ орнитологтері жоқ?» деген сауалымды қой­дым. «Қазақтар табиғатқа, оның ішін­де аң-құстарды зерттеу­ге көп қызықпайды. Кейде дис­сер­тация үшін жазады. Соңғы жылдары Ғылым академиясын­да Нұрдәулетов деген жігіт тұяқ­тыларды зерттеумен шұғыл­данып жүр», деп қысқа қайырды қарт орнитолог.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сында тұратын, бұрындары Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Жаратылыстану және экология факультетін басқарған, кейін проректор қызметін атқарған ботаник- ғалым, биология ғылымдарының докторы Анар Мырзағалиева қазақтардың орнитологияға қы­зықпауының бір себебін ал­дымызға тартты. «Шығыста орни­тологиямен шұғылданатын қазақтардың жоқтың қасы екені рас. Мәселен, өзім еңбек еткен Аманжолов атындағы университетте орнитология биология факультетінде зоология курсының ішінде оқытылады. Константин Прокопов деген кісі сабақ береді. Шәкірттерді де сол кісі таңдайды. Ғылымды көтеру үшін әр ғалымның өзінің ғылыми мектебі болуы керек. Өзім Қуанышбек Сыбанбеков деген кісінің мектебінен өттім. Ол кісі біраз шәкірт тәрбиеледі. Университетте Жаратылыстану және экология факультетін басқарған уақытта биология кафедрасы арқылы «Қазақ балық шаруашылығы» институтының тапсырысымен қазақ балаларын балық шаруашылығына даярладық. Университетте өзімнің де ғылыми мектебім болды, шәкірттерімнің алды докторантурада оқып жатыр. Қазір жоғары оқу орындарының ғалымдарына өз ғылыми мек­тептерін дамытуға қолдау қа­жет, оларға қамқорлық жасау керек. Қамқорлық болмаған жағ­дайда ғылыми мектеп жойылады, сабақтастық үзіледі. Қазақ жастарының орнитология саласына бармауының бір себебін осыдан іздегеніңіз жөн шығар»,  дейді ботаник-ғалым.

Әрине, қазақ орнитология­сы сөз болғанда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің құсшы ұлы Ернарды тебірене еске аламыз. Ернарды еске алғанда оның 1968 жылы Алакөл аралдарынан реликті шағала деп аталатын, әлемнің үш-ақ жерін мекен ететін ғажайып құсты тауып, тауып қана қоймай, 1972 жылы оған тұқым мәртебесін беріп, кейін «Алакөл» табиғи қорығының ашылуына себепкер болған жанкешті еңбегі ойға оралады. Өкінішке қарай бүгінде Ернардың есімін де, қанша жыл ғұмырын арнаған есіл еңбегін де ел ұмытып барады. Ернардың жолын жалғап жүрген қазақ жастары да ілуде біреу. Былтыр бір әріптесіміз: «Жалпы, Алакөлдің аралдарына немесе көрнекті бір жеріне Ернар мен шағаласының аты беріліп, поэтикалық мүсін орнатылса, өзімізге де, өзгелерге де (турис­терге) маңызды мәлімет болар еді. Алакөлді туризм орталығына айналдыру үшін тер төгіп жүрген Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осы ұсынысты жерге тастамай, жүзеге асырса игі еді», деп орынды ұсыныс жасаған болатын. Өткен жылы Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігінде турис­терге арналған музей ашылған еді. Келешекте осы музейдің бір бөлмесі Ернар Әуезовке, оның тапқан шағаласына арналса, ғибратты іс болары анық.

 

Қарт орнитологтің арманы

Қазақтың ғажайып ақын­да­­рының бірі Жұматай Жақып­баевтың:

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба?

Ақымақ ғалам бір рет, – деп келетін өлең шумақтары бар еді. Ақын айтпақшы, ақымақ ғалам ақынның ғана емес, Борис Щербаков секілді шынайы та­би­ғат жанашырлары, ғалым-орни­то­лог­тердің де тілін бір рет болсын алса ғой, арман-тілегін орындаса ғой деп ойлайсың кейде. Арман дегеннен шығады, қарт орнитолог бір жылдары Өскеменнің дәл іргесіндегі Шешек асуынан 110 гектар жер алып, оқушыларға ар­налған экологиялық қорық аш­пақшы болыпты. Сол маңайдың фауна мен флорасын мұқият зерт­теп, экологиялық соқпақтар әзір­леп, тіпті суырларға дейін әкеп жі­­бе­ріпті. Не деген жанкештілік де­сеңізші. Орнитологтің жары Ла­риса Щербакова С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің сту­денттерімен бірге осы аумақ­та өсімдіктің 150 түрі бар еке­нін анық­тапты. Сол маңдағы аңдар мен құс­тар да тізімге алы­ныпты. «Қала шетіндегі қорық Қазақстанды былай қой­ғанда, ТМД елдерінде жоқ еді. Ғажап идея еді бұл. Сту­дент­­тер мен оқытушыларға, жалпы қала тұрғындарына таптыр­мас жер болатын еді», деп өкіне­ді әдемі идеясының жүзеге ас­пай қал­ғаны­на қапаланған кейіп­кері­міз.

Айта берсек, 80 жастан асқан орни­тологтің арманы көп. Бәл­кім, көп арманының бәрі жүзеге аспаса да, бірі жүзеге асар. Өске­менде, қаланың қақ ортасында Жас­тар паркі (қазіргі Қайсенов саябағы) деп аталатын тамаша жер бар. Мұнда ағаштың түр-түрі өседі. «Біздің қаладағы саябақтар бір қарасаң әдемі, бір қарасаң, жұ­таң. Жұтаң болатыны, құстар жоқ. Жастар паркіне Еуропа елде­ріндегідей тиін жіберсе ғой, шіркін! Сонымен қатар сая­бақта бұл­бұл секілді әнші құс­тардың жұмыртқа басуына жағдай жасалса жақсы болар еді. Өйткені мұндай құстардың қала аумағынан бой көрсетпегеніне 10-15 жыл болды. Оралту керек оларды. Ол үшін саябақ ішінде тығыз, қа­­лың тоғайлар болуы қажет. Қа­лада қарлығаш та азайып кет­ті. 1968 жылдан бері Ертіс ала­бынан сарышымшық пен суық- торғайды көрген емеспін. Өс­кемендегі сол жағалаудағы су жа­ғасынан, әсіресе күз мезгілінде тау­құдірет, шәукілдек, бөдене секіл­ді құстарды көру әдепкі көрі­ніс еді. 1970 жылдан бері бұл аяулы құстар көзден бұлбұл ұшты. Балықшы құс та мүл­де жоғалды. Қарапайым қара­торғай­ды көрмегелі де қай заман?! Қай­сы­бірін айтайын», дей­ді аң-құсты жанындай жақсы көре­тін ақсақал.

Ғалымдар Қазақстанда ұя бас­пайды деп жүрген 25 құстың ұя басатынын дәлелдеп, «Марқакөл» қорығын құруға атсалысқан, Рид­дер қаласы маңындағы «Батыс-Алтай» қорығын ашу бастамасын көтерген орнитолог өңірдегі сирек кездесетін аң-құстар мен өсімдік түрлерін сақтау үшін Шығыс Қазақстан аумағында әлі де бірнеше кешенді және зоологиялық қорықшалар ашу қажет деп санайды. Борис Щербаковтың пайымынша, Ертіс өзені бойында (Өскеменнен Шүлбі су қоймасына дейінгі аумақ) кешенді маусымдық қорықша, Батыс Алтайда (Дөңгелек тө­бе (Круглая сопка) мен таулы Үлбі ауданы аумағы және Ива­нов жотасындағы Громатуха шат­қалы мен Аю соқпағы аралы­ғында) екі кешенді қорықша, Оң­түс­тік Алтайда (Нарын мен Бұқ­тырма өзендерінің құйылар тұсы) зоологиялық қорықша, Зай­сан қазаншұңқырында (Қара Бүйрек, Шекелмес шоқылары, Қиын Керіш, Ашутас табиғи ескерткіштері аумағы) кешенді қорықша, Маңырақ жотасында (Тарбағатай зоологиялық қорық­шасы аумағына жақын Толағай төбесін) қорғалатын аумақ, Сауыр жотасында (Обалы өзені жазығы, оның төменгі ағысы, Кендірлік өзені, оның Қалқа өзеніне құяр төменгі ағысы, Сайқан жотасының беткейлері аумағы) кешенді қо­рықша, Алакөл ойпатында (Қаракөл өзенінің басталар тұ­сы мен Сасықкөлді Мың көл ме­кенімен қоса алғандағы аумақ) зоологиялық қорықша, Абай ауданында (Арқат тауы мен дала өзендері) кешенді қорықша және Қалба сілемдерінде (Сібе массиві және Айыртау төбесі Сартымбет көлімен бірге) кешенді қорықша мен зоологиялық қорықша құру керек. Өйткені бұл аумақтарда жылдан-жылға құрып, жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енген, аса сирек кездесетін, оның ішінде тек біздің облысты ғана мекендейтін, яғни эндемикалық өсімдіктер, аңдар мен құстар бар.

 

Түйін

Әлемді жайлаған аты жаман індет туралы қазір әртүрлі пікір ай­тылып жатыр ғой. Сол көп пікірдің арасынан «Бұл – Алла тағаланың адамдарға жіберген сынағы. Індет дүние жүзіне тарап, адамдар үйден шықпағаннан кейін табиғи баланс қалпына келе бастады, табиғат тынығып, тазарып, жаңарып, жанданып жатыр» деген сөзді оқығанда кәдімгідей ой­ға қалғанымыз рас. Рас, қазір та­­­биғат жарықтық тынығып, аң-құс­тары алаңсыз асыр салып жүр. Бәлкім, осы жағдай адам­­дар­дың табиғатқа деген көз­­қа­расын түбе­гейлі өзгертер, жа­на­шырлық сезі­мін арттыра түсер деп үміт етеміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы