Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар бірнеше құжатты жұмысқа алып, бірқатар заң жобасы мақұлдады.
Жалпы отырыс барысында Палата бірқатар ратификацияланатын заң жобаларын жұмысқа алды. Ең алдымен депутаттар 3 заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді мақұлдады. Атап айтар болсақ, еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібіне, Қазақстан мен Грузия үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге, Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстанда офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялауға қатысты құжаттар бойынша қорытынды әзірленетін болды.
Одан әрі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Құжат салық салудың өзекті міндеттерін шешу мақсатында әзірленді.
Министрдің айтуынша, заң жобасы жеке тұлғаларға салық салуды жеңілдету, инвестицияларды ынталандыру, салықтық әкімшілендіру бағыттарын қамтиды.
Баяндама барысында салық төлеушілерге қолайлы болу мақсатында көлік салығын төлеу мерзімін осы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру ұсынылды. Сонымен қатар инвестициялық салықтық кредитті енгізу ұсынылды. Заң жобасы бойынша кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға берілетін болады. Ол пайызсыз болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептелмек.
«Мақтаны қайта өңдеуге, ашытқы, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қантты өндіруге есептелген қосылған құн салығын азайту бойынша норманы қолдану ұсынылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандыратын болады.
Экспорт кезінде қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату мақсатында отандық өндірушілер үшін қосылған құн салығын жеңілдетілген түрде қайтару құқығын беру ұсынылады: яғни тексерусіз – 50%, қалған 50%-ы тексеруден кейін.
Көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіру үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдікті қолдану ұсынылады. Бұл отандық автокөліктердегі қазақстандық қамту үлесін арттырады», деді министр.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Одан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Құжат бойынша баяндама жасаған Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында құқықтық олқылықтарды әрі құқық қолдануда туындайтын қайшылықтарды болдырмауға, сондай-ақ нормалардың редакциясын жақсартуға және оларды талаптарға сәйкес келтіруге бағытталған бірқатар түзету қарастырылғанын айтты.
Аталған құжат қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жобаларды іске асыру үшін құқықтық қолдау тетіктерін құру мақсатында әзірленді. Осыған байланысты, заң жобасында экология, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
«Заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған кезде айтылғандай, ол қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін құқықтық база қалыптастыру мақсатында әзірленді. Құжат тұрмыстық қатты қалдықтарды термиялық жолмен өңдеу арқылы электр энергиясын алуды көздейді. Бұл процестер экологиялық және экономикалық оң нәтиже алуға ықпал ететін болады», деді Шавхат Өтемісов.