• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Маусым, 2020

Байқау нәтижелерін жариялады

165 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қар­саңында журналистерге арналған «Аманат» және «Туған ел» бай­қау­лары­ның қорытындысын жариялады. Оған республикалық және өңірлік телеар­налардың, мерзімді басылымдардың тілшілері, блогерлер мен теле­грамм-арналардың авторлары қатысқан болатын.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысу­шылар мен жеңімпаздарға Пала­таның заң шығару қызметін дәріп­тегені және еліміздің күн тәртібіндегі мәселе­лерді ақпараттық тұрғыда ілгерілетудегі ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.

«Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде журналистер­дің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ресми түрде бекітілді. Бұл қадам түрлі оқиғалар мен елімізде қолға алынған реформалар туралы халыққа шынайы және жедел хабар тарататын мамандарға деген құрметтің белгісі. Қазіргі күрделі уақытта журналистер дәрігерлермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүр. Олар қауіп-қатерге қарамастан, аза­мат­тардың дәлелді әрі дәйекті ақпарат алуы үшін аянбай жұмыс істеуде. Отандық журналистердің қызметі әрдайым жоғары бағаға лайық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы «Аманат» және «Туған ел» байқауларына ұсы­нылған еңбектердің кәсіби деңгейде дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, сессия барысындағы заң шығару қызметі, сенаторлардың сауалдары мен көптеген парламенттік шаралар маз­мұнды телевизиялық сюжеттерге, жан-жақты сараптамалық мақалаларға, репортерлік зерттеулер жасауға арқау болған.

Байқауға келіп түскен материалдарды сараптау комиссиялары мұқият талдап, өз бағаларын берді. Комиссия құрамына Сенат депутаттары, белгілі жазушылар мен журналистер енгенін айта кеткен жөн. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, бірнеше арнайы марапаттар да тағайындалды.

 

«АМАНАТ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ:

Гран-при – Оңғар Тоқанов, «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі;

Бірінші орын – Жадыра Жол­мұхаметова, «Информбюро» ақпарат агенттігінің тілшісі;

Екінші орын – Лаура Түсіпбекова, «Ка­зах­стан­ская правда» газетінің тілшісі;

Үшінші орын – Татьяна Ковалева, «Zakon.kz» порталының тілшісі.

 «ТУҒАН ЕЛ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ:

Гран-при – Азамат Қасымов, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі;

Бірінші орын – «Еуразия» бірінші арнасының» «Сенат online» теле­жоба­сының ұжымы;

Екінші орын – Мирлан Алтынбек, «Хабар 24» агенттігінің тілшісі;

Үшінші орын – Әмірболат Хусаян, «Azat­tyq Ruhy» ақпарат агенттігінің тілшісі­.

Байқау комиссиясының шешімімен блогерлерге, танымал жарияланым­дар­дың авторлары мен ерекше ақпарат­тық материалдарға арнайы марапаттар тағайындалды. Олардың қатарында:

– Ғазиз Әбішев – Abishev Analytics телеграмм-арнасының авторы;

– Иван Сухоруков пен Роман Павлов – «Tengrinews» интернет-ресурсы­­ның журналисі және бейнеинженері;

– Ұлпан Бегалина – «Atameken business» арнасының тілшісі;

– Айхан Шәріпов – «AIQYN» газетінің тілшісі;

– Сырым Итқұлов – «Hola news» шеф-редакторы;

– «Ainews» және «Aitube.kz» интернет жобаларының ұжымдары бар.

Ұйымдастырушылар байқауға белсенді қатысқаны үшін барлық қатысушыларға алғыс білдіреді. Осы ретте COVID-19 індетінің таралу қаупі сейілмеуіне байланысты журналистермен дәстүрлі кездесу және лауреаттарды марапаттау рәсімін 2020 жылдың күзіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.