• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

638 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Сіздерді бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ақпараттық сала – қазіргі заманғы мәдениеттің жаһандық және нақты ұлттық өлшеміндегі бөлінбес бөлшегі" - деген болатын. Технологиялардың қарыштап дамуы әлемдегі ақпарат алмасу жылдамдығын еселеп арттырып, медиа саладағы бәсекелестікке әкелді, әрі журналист мамандығына айрықша жауапкершілік жүктеді.

Қазіргі қоғам үшін журналист жеделдік пен шынайылықты, икемділік пен біліктілікті бойына сіңірген, мәселені жан-жақты зерттеп, талдап, көрермен мен оқырман назарына ұсынатын кәсіби, әмбебап маман.

Сіздер ғаламдық даму көшіне ілесу мақсатымен елімізде және өңірімізде жасалып жатқан тың реформаларды халыққа түсіндіріп, насихаттау арқылы аймағымыздың дамуына ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес былтыр Үкімет қаулысымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні бекітілді.

Топырағы киелі Сыр өңірін мемлекетшіл, халықшыл журналистердің алтын ұстаханасы деп атасақ, қателеспейміз. Аймақ журналистикасының қалыптасуы мен дамуына елеулі еңбек сіңіргендердің арасынан Асқар Тоқмағанбетов, Қалқабай Әбенов, Мырқы Исаев, Нұрділдә Уәлиев, Евгений Хан, Ахат Жанаев, Сахитжан Бермағанбетовті және т.б. атап өтер едім.

Пандемиямен күрес кезінде қауіп-қатерді елеместен, халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізіп, тынбай атқарған қызметтеріңіз үшін Сыр елі халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін.

Ел өмірінің әрбір жетістігін өз жетістігім деп біліп, қиындығына жүрегімен беріліп, әрбір сәтті қалт жібермеуге тырысатын барша баспасөз, теледидар, радио, интернет басылымдары қызметкерлерінің еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін.

Жеткізер жақсылықтарыңыз таусылмасын, қаламдарыңыз мұқалмасын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Жақындарыңызға жанашыр болыңыз! Біз біргеміз!" - делінген Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауында.