Бүгін 29 маусым күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Кездесу барысында дін саласындағы қордаланған мәселелердің шешімін тауып, қоғамда белең алған радикалды топтарды дер кезінде бұғаттауды күн тәртібіне қойды, деп жазады Egemen.kz
"Бұл бағытта біздің алдымызда 3 өзара байланысты міндет тұр. Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау. Ал енді осыларды іске асыру үшін келесі бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар", дейді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, өткен 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен 3 миллиондай адамды қамтыған 50 мыңнан астам іс-шара өткен. Дін саласындағы проблемалық сұрақтарға жедел жауап беру мақсатында 300 адамнан тұратын білікті лекторлар пулы құрылған.
Сонымен бірге Аида Балаева: "Көріп отырсыздар, жұмыс өте тиімді. Сондықтан да, осы жылы біз бұл топтардағы мамандардың санын 500-ге дейін арттырып, 1200 лекторларды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз", дейді министр.
"Бұдан бөлек, "Жусан" операциясының нәтижесінде елге оралған 163 әйел-азаматшаларымызбен мақсатты түрде жұмыс жүргізгеннің арқасында 144 әйел радикалды ойларынан қайтып, олардың біразы зайырлы өмір салтына өтті. Әрине, мәселенің салдарымен емес себебімен күресу керек. Сондықтан да, 2019 жылы 5300-ден аса интернет-ресурстары сарапталып, оның 3200-нен заңға қайшы материалдар анықталды. Олардың барлығы дер кезінде бұғатталды", дейді Аида Балаева.
Дін мәселесіндегі нақты ойларының бірі – халықтың радикалды ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырып, елдегі дінаралық қақтығыстардың алдын алу болып табылатындығын айтып өтті.