Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа онлайн-форматта есеп берді. Оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Бас редакторлар клубының, жастар ұйымдарының, қоғамдық кеңестердің төрағалары мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты.
Аида Балаева ең алдымен министрліктің идеологиялық бағыттағы 5 үлкен салаға жауап беретінін айтып, осы бағытта жұмыс істейтін құрылымдармен нәтижелі жұмыстар жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Министрлік мәліметіне сай, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2020 жылы жалпы құны 17,7 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 2 мыңнан артық әлеуметтік жоба іске асырылмақ.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде 40 мың волонтер қиындыққа тап болған 1 миллионға жуық азаматқа көмек көрсеткен. «Еріктілердің жұмысын одан әрі жүйелі дамыту үшін өңірлік деңгейден республикалық деңгейге дейін бірыңғай вертикаль қағидаты бойынша волонтерлік инфрақұрылым қолға алынды. Қазіргі уақытта ҮЕҰ-мен бірге тиісті заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде адамдарды волонтерлік қызметке араласуын ынталандыру үшін практикалық тетіктер іске қосылатын болады», деді министр. Сонымен бірге биыл еліміздің 7 волонтері БҰҰ құрылымындағы қызметке жіберілетіні мәлім болды. «Биыл 7 қазақстандықты волонтер ретінде БҰҰ құрылымдарындағы жұмысқа бағыттау жоспарланып отыр. Қазақстанның дамуы мен әлеуметтік маңыздағы мәселелерді шешуге үлес қосқан үздік волонтерлер мен бастамалар «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығымен ынталандырылады», деді А.Балаева.
«Министрлік жұмысының келесі бір үлкен бағыты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және ақпаратты қолжетімді ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы шын мәнінде үлкен үміт күтетін концепцияға айналып отыр. Оның аясында осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Мәселен, министрлік басшылығының азаматтарды тұрақты түрде қабылдауы мен олардың өтініш-тілектерін бақылау ісі бір жүйеге келтірілген. Министрдің жеке блогы да үздіксіз жұмыс істейді», деді министр. Баяндамадан белгілі болғандай, барлық мемлекеттік органда қоғамдық және онлайн қабылдау орындары жұмыс істеуде. Мемлекеттік мекеме сайттары біріктіріліп, азаматтардың өтініші түсетін тұтас платформа ашылған.
Сонымен бірге ол ақпараттық қызмет сапасы мен азаматтық қоғамның шешім қабылдау үрдісіне қатысу белсенділігін арттыруды мақсат еткен «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі» тұжырымдамасы әзірленгенін айтты.
Одан әрі министр ведомствоның тағы бір маңызды бағыты – халыққа ақпаратты қолжетімді ету мәселесіне тоқталды. «Бұл ретте, ақпарат бойынша заң жобасына бірқатар өзгеріс дайындалған болатын. Олардың негізгі көздеген міндеттері: мемлекеттік органдардың осы бағыттағы құзыретін, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігі туралы Президентке есеп беру, әрбір мемлекеттік органда осы бағытқа жауапты қызметкерді тағайындау мәселелерін және басқа да өзекті шараларды заң жүзінде бекіту», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, халықты шешім қабылдау үрдістеріне тарту үшін ведомство әкімдіктің ашық моделін жасаған. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдарға қарасты көптеген мекеме осындай модельмен жұмыс істеп отыр. Мәселен, 100-ден аса ұйым «Ашық диалог» порталында бірінші басшыларының блогын ашты. Сөйтіп порталда көптеген ашық мәлімет жариялана бастады. «Қазір жалпақ елге ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік бағдарламалардың ортақ порталын жасап, іске қосудамыз. Онда Үкімет пен жергілікті органдар жүзеге асырып жатқан барлық бағдарламамен танысуға болады», деді А.Балаева.
Алқалы жиында отандық БАҚ саласы сөз болды. «Бізде ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары бар. Онда отандық БАҚ-тың бәсекелестігін арттыру, адами капиталды дамыту, ақпарат саласын құқықтық реттеу, мемлекеттік қолдауға қатысты концептуалды іс-шаралар қарастырылған. Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдаудың қадамдары қайта қаралды. Қазақстандық баспасөзді қолдау, цифрлы радиохабар мен интернет телеарнаны дамыту, ақпарат саласында мемлекеттік ұйымдарды оңтайландыру бойынша шаралар кешені іске асырылады. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру отандық БАҚ-тың экономикалық дербестігін арттыруға және қоғам тарапынан тұтынушылық сұраныстың өсуіне ықпал етеді. Осы тұрғыда мемлекеттік органдардың қызметі туралы халыққа сапалы хабар тарату мақсатында биыл мемлекеттік БАҚ-тың бірыңғай порталын іске қосамыз», деді министр. Сонымен бірге жас журналистердің біліктілігін арттыру да жоспарда қарастырылғанын жеткізді.
«Қазір жаңа екі телеарна ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Олар – «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» телеарнасы. «Абай ТВ» телеарнасы 30 маусымда көрерменге жол тартады. Ол «Qazaqstan» ТРК» құрамына кіреді және отандық мәдениет мұрасын насихаттайтын арна болады. Алдағы оқу жылының басында «Хабар» агенттігінің базасында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған жаңа білім беру-ағартушылық телевизиялық платформа болатын «Әл-Фараби» арнасы іске қосылады», деді министр.
Отандық сериал өндірісінің дамуы туралы айта келе, А.Балаева биыл 42 сериал өндірісі жоспарланғанын хабарлады. Көрерменге отбасы құндылықтары, волонтерлердің қызметі туралы қызықты жобалар, педагогтер, дәрігерлер, полицейлердің имиджін көтеруге, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сериалдар түсірілмек.
Министр ведомствоның міндетіндегі тағы бір жауапты сала – дін саласындағы міндеттерді атап өтті. Нақты айтсақ, халық арасында зайырлы құндылықтарды ілгерілету, конфессияаралық келісімді сақтау және діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде 2019 жылы 3 миллион адамды қамтитын 50 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Министр атап өткендей, бұған 300 білікті маманы бар ақпараттық-түсіндіру тобы жұмылдырылған. Осы құрылымдардың тиімділігін арттыру үшін биыл мамандардың санын 500 адамға дейін арттыру, сондай-ақ 1 200 лекторды қайта даярлау жоспарлануда.
Министрдің айтуынша, «Жусан» операциясы аясында террористік белсенділік аймағынан қайтарылған 163 әйелді қайта әлеуметтендіру бойынша кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда олардың 144-і радикалды діни көзқарастардан бас тартты, ал кейбіреулері зайырлы өмір салтына толығымен көшті.
2019 жылы әлеуметтік желілерде, электронды БАҚ және басқа да интернет алаңдарда діни экстремизм идеологиясын қарсы насихаттау аясында 5,3 мыңнан астам интернет-ресурстардың мазмұны талданды, оның ішінде 3,2 мыңы заңға қарсы сипаттағы материалдарды қамтиды. Олардың барлығы уақтылы бұғатталған. Министр халықтың радикалды ағымға қарсы иммунитетін қалыптастырып, дінаралық қақтығыстардың алдын алудың маңыздылығын айтты.
Министр этносаралық келісімді қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту және Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында министрлік жанынан этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет құрылатынын хабарлады. Ал елге оралған қандастардың тез арада азаматтық алуына жағдай жасау үшін «бір терезе» қағидасы негізінде қажет құжаттардың тізімі қысқартылған. Сонымен бірге Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия, Түркия және АҚШ-та Қазақ мәдени-іскерлік үйлері құрылатын болады.
2019 жылы Жастар жылы шеңберінде 300-ден астам республикалық іс-шара жүзеге асырылып, оған 2 миллионнан астам жас қамтылған. Сондай-ақ ол министрлік қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарын орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің стратегиялық құжаттарына ықпалдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. «Министрлік тарапынан тұлғаны дамытуға бағытталған жаңа 4 арнайы жоба бойынша ұсыныстар енгізілді: «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Жаңа – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғасыр». Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама әзірленді, онда оны іске асыру механизмі индикаторлармен және күтілетін нәтижелермен егжей-тегжейлі сипатталған», деді ведомство басшысы.