Әйгілі Goal басылымы жуырда әлемнің ең үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесіне басты үміткер футболшылардың есімін атады. Бір қызығы ТОП-3 футболшының қатарында алты дүркін «Алтын доп» иегері аргентиналық Мессидің аты аталмаған.
Басылымның жазуынша, үздіктер көшін осы маусымда «Бавариямен» бірге Германия чемпионатында бас жүлдені олжалаған польшалық шабуылшы Роберт Левандовский бастап тұр. Сонымен қатар ол биыл Бундеслиганың үздік сұрмергені атанды. Екінші орында «Ювентус» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду тұр. Ал үздік үштікті «Манчестер Сити» командасының жартылай қорғаушысы Кевин Де Брюйне қорытындылады.
Ал Goal басылымының нұсқасы бойынша «Алтын допқа» үмітті қалған футболшылардың реттік тізімі мынадай: Лионель Месси («Барселона»), Томас Мюллер («Бавария»), Карим Бензема («Реал»), Неймар (ПСЖ), Эрлинг Холанд («Боруссия» Д), Килиан Мбаппе (ПСЖ) және Джейдон Санчо («Боруссия» Д).
Айта кетейік, былтыр «Алтын допты» Лионель Месси жеңіп алған болатын.