Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды емдеу үшін 138,8 миллион теңгеге 59 дәрі түрі сатып алынғанын айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету - тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бекітілген бұйрыққа сәйкес амбулаторлық деңгейде жүзеге асырылады. Бүгінде коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды емдеу үшін 138,8 миллион теңгеге 59 дәрі түрі сатып алынған. Аталған дәрілік заттар барлық өңірге жеткізілді. Медициналық ұйымдарда "Лопиновир", "Ритонавир" және "Гидроксихлорохин" дәрілері бар. "Ремдесивир" дәрісін сатып алу жұмыстары аяқталды, келісім шарт жасалды, енді жақын күндері бұл дәрі стационарларға жеткізіледі", - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова.
Оның айтуынша, аталған дәрілер коронавирустың күрделі түрін емдеуге аса қажет.
"Сонымен қатар біз "Фавипиравир" дәрісін емдеу шараларына қосқаннан кейін, ол да жақында сатып алынатын болды. Бірнеше өндірушілермен келіссөздер жүргізілді", - деді ол.