Ел қуатты болса, қуаныш тұрақты болады. Ғасырларды уақыт ұршығында иірген мыңжылдықтар тоғысында Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемлекет құрылды. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті
Осы бір мерейлі миссияны орындау мемлекетіміздің негізін қалаушы ұлы перзенті, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылғаны – әлемде аумағы жағынан алып елдердің алғашқы ондығына енетін, ұлан-байтақ жерінің асты да, үсті де табиғи ресурстарға бай, кешегі Кеңес Одағынан ірге бөліп шыққан кезде қолында жалын атқан от қаруы бар стратегиялық маңызы зор елге уақыттың өзі сыйлаған ерекше бағы. «Ақылды басшы алдырмас» деген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен саяси өзгерістердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел.
Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені.
Менің Елбасын алғаш көргеніме де 35 жылдың жүзі болыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөздер барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптестеріме қарап: «Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басшылығына келді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды айқындап берді. «Беласу» атты кітабымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған жылдарымда әлемге әйгілі саясаткерлердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік баға берген сөздерін талай естідім. Халқымыз үшін мерейлендім.
Елдің Президентіне ғана емес, еміренген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген ерен сүйіспеншілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кездегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.
Нұрсұлтан Назарбаев кәнігі саясаткер ретінде алып елдің кетеуі кетіп, шаңырағы шайқалып тұрғанын жақсы сезінді. Сондықтан да сол сындарлы шақта Одақ басшылары ортасында жүріп жатқан ойыннан тыс болып, интеграциялық үрдістердің жақтаушысы ретінде көрінді. Бұл ұстанымы қаһарлы елдің қабырғасы сөгілген кезде ТМД ұйымын құруға негіз болды. Жаңа мемлекеттердің құрылуына байланысты «югославиялық сценарийдің» болғанын ескерсек, бұл шын мәнінде ықтимал қантөгістің алдын алған сарабдал шешім болатын.
Тәуелсіздік алған Қазақстанның алдында тағдыршешті таңдау тұрды. Жас мемлекет әлемдік геосаясаттағы орнын анықтап алуға тиіс еді. Бұл туралы Елбасы былай деп еске алады: «Қазақстан қандай ел болады? Азия мен Еуропаның арасына көпір бола ма? Немесе «Солтүстік – Оңтүстік» осіне айнала ма?
Мемлекет басшысы жүргізген қайта құрулардың маңызы мен тарихи ауқымын түсіну үшін сол кездегі елдің ахуалын көз алдымызға елестетіп көрсек те жеткілікті. Кеңестік қоғамнан тәуелсіз Қазақ еліне тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, кедейшілік, жұмыссыздық мәселелері «мұраға» қалған-ды. Мұның бәрі әлеуметтік қысымды күшейте түсті, кез келген уақытта ел ішінде тұрақсыздық белең алуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ сол кездегі көптеген саясаткерлер мен сарапшылар еліміздің болашағына үлкен күмәнмен қарағаны да шындық. Олардың пайымынша, Қазақстандағы экономикалық, демографиялық қиындықтар мен шекараның заңды түрде бекітілмеуі елдің шынайы тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді-міс. Алайда Тұңғыш Президенттің парасатпен жүргізген пәрменді саясаты әлгіндей сенімсіздік танытқан тұжырымдардың тас-талқанын шығарды. Бір ғана шекара белдеуін шегендеп берудің өзі қаншама қажыр-қайратты қажет етті десеңізші.
Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болды. Сол жылдары КСРО сияқты әскери әлеуеті зор мемлекеттің ядролық қару-жарағына ие болып қалу Қазақстанға қаншалықты артықшылық бермек, әлде жаңа бір шиеленістің ошағы тұтана ма деген сауалдар күн тәртібінде тұрған-ды. Өйткені еліміздің қолындағы ядролық арсенал осы санатта әлемнің алғашқы төрттігіне қосылуға мүмкіндік беретін еді. Алайда, Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді.
Тұңғыш Президенттің тоқтамын халықаралық қауымдастық та оң қабылдады. Бүгінге дейін Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекеттер ашық күнді тозаққа айналдырған ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келеді.
Айталық Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификацияланды. Қазақстанның бұл бейбітшіл идеясы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді. Осы бейбіт бастаманы әлі де белсенді жалғастыруымыз қажет.
Елбасы – БҰҰ мінберінен әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер. Бұл мәселе 1946 жылы алғаш шақырылған Бас Ассамблеяда қозғалғанымен әлем елдері жанталаса қарулануын тоқтатпаған болатын. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тегеурінді сөзі мен ісі бір арнадан табылып, ол жаһандағы жойқын қаруды таратпау жолындағы жүйелі жұмысты бастап берді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық жылыну мәселесіне де бейжай қарамай, әлем назарын Орталық Азияның ғана емес, адамзаттың бас ауруына айналған Арал проблемасына аударды. Өйткені теңіздің құрғаған табанынан ұшқан тұз солтүстік жарты шарға жеткен болатын. Бүгінде кіші Аралдың арнасы толып, тұздылығы азайып, балық шаруашылықтарына қайтадан қан жүгірді, теңіз табанынан көшкен құмды тоқтату үшін үлкен аумаққа сексеуіл ормандары егілуде. Ол осы орайда экологиялық апаттармен күресуге жәрдемдесу мақсатында әлемдік экономикалық мәселелердің реестрін дайындау сынды өте өзекті ұсыныс білдірді. Сол арқылы БҰҰ-ның әлемдік қарым-қатынастарды, адамзатқа ортақ мәселелерді реттеудегі орнын күшейтуге де үлес қосты.
Ол ұлтты біріктіруші ұлы тұлға ретінде тәуелсіздік тұжырымын бекітуге және нығайтуға бар күш-жігерін арнады. Еуразия құрлығындағы алыптардың ортасында отырып, достық рәуішті дипломатия арқылы мәмілегерлік жолды ұстанды. «Ел ұстама, ел ұстасаң, кек ұстама» деген бабалар сөзімен берік байлам жасады. Әлбетте, дүниенің екі бөлігі – Еуропа мен Азияның арасынан, екі өркениет – батыс пен шығыс мәдениетінің ортасынан, екі жүйе – тоталитаризм мен демократияның аралығынан жол тауып шыға білу – сұңғылалықпен, көрегендікпен сипатталатын саяси зор қабілет. Елбасы осы бір алшақ дүниетанымдардың арасынан қоғамға ортақ қасиеттер – азиялық дәстүр мен батыс жаңашылдығын жымдастыра отырып, жаңа тұрпатты мемлекеттің ұстынын қалыптастырды. Бүгінде барша әлем Қазақстанды қарқынды интеграцияның қатысушысы және бейбіт ел ретінде біледі. Бұл – Елбасының ерен еңбегі мен ерекше көрегенділігінің нәтижесі. Осы жолда ол АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің, Еуропа, Азия елдері басшыларының бірнеше буынымен ресми-бейресми байланыс орнатып, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы орнын айқындауға айрықша еңбек сіңірді.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық реформаның қозғаушы күші де, кепілі де өзі болды. Сондықтан да қолға алған іс-қимылының дені сәтімен жүзеге асырылды. Оның бастамасымен еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Барлық мемлекеттік құрылымдарда түбегейлі реформалар жүргізілді. Демократия дәстүрлері орнықпаған, құқықтық тәртіп беки қоймаған елде қатаң орталықтандырылған жүйеден еркін нарыққа көшу үздік-создық, ауыр әрі күрделі болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан жасалған тәуекелі зор, үлкен қадам еді.
НАТО-ның Бас хатшысы Дж. Робертсон бұл туралы кейін: «Президент Назарбаевқа өткенді бұзу және ел ішінде шынайы реформаларды жалғастыру, тез өзгеретін халықаралық жағдайға бейімделудің қаншалықты қиынға түскенін жақсы түсінеміз» деп еске алады. Міне, осындай өтпелі кезеңде Елбасына бір мезгілде бір-біріне қайшы келетін мәселелерді шешуге тура келді. Ол бір жағынан халықтың күнделікті өмір сүруіне қажетті нәрселермен – қалалар мен елді мекендердегі жылу, жарық мәселелерін шешумен, екінші жағынан мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарларын айқындаумен айналысты. Бірінші кезеңде қатаң билік жүйесімен астасқан экономиканы либералдандыру міндеті тұрды. Өйткені мейлінше аз шығын мен күш жұмсай отырып, жоспарланған өзгерістерді жасау үшін қуатты атқарушы билік және халық алдындағы, тарих алдындағы жеке жауапкершілік керек екенін жақсы түсінді. Ең қиын реформалар осы уақытта жүргізілді. Жекешелендірудің бірнеше кезеңі өткізілді. Нәтижесінде өндіріске жан бітті, қаржылық және макроэкономикалық тұрақтандыру іске асырылды, бюджет пен салық жүйесі құрылды, инфляция жүгенделді, халықтың өмір сүру сапасының ең төменгі жеткілікті деңгейі қамтамасыз етілді.
Президенттің бас болып атқарған үлкен бір қызметі – ұлттық валютаның қолданысқа енуі. Өзіндік қаржылық-экономикалық жүйе құрылды, биліктің атқарушы органдарының бірыңғай вертикалы бекітілді, Қарулы күштер және басқа да күштік құрылымдар жасақталды, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі нығая түсті. Сонымен қатар көппартиялы жүйе жасалып, азаматтық қоғамның негізі қаланды, баспасөздің еркіндігіне жол ашылды. Қазақстан өзінің өркениетті даму жолын таңдады.
Қол жеткізілген жетістіктер мемлекеттік дамуды жоспарлаудың келесі кезеңіне өтуге, стратегиялық сипаттағы міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Осылайша Президенттің бастамасымен Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары жасалды. Бұл құжат елімізді жаһандық дамудың күрделі өткелдерінен, сындарлы сәттері мен дағдарыстарынан аман алып өтуге жол сілтеді деп нық сеніммен айта аламыз. 2012 жылы еліміздің жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданды. Осы арқылы ХХІ ғасырдағы жаһандық он сын-қатерге дайын болу жөніндегі негізгі бағыттар белгіленіп, еліміздің алдына әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндеті қойылды.
Негізгі жетістіктерге сыртқы байланыс саласында көптеп қол жеткізгенімізді айтуға болады. Жетекші елдердің арасындағы теңгерімді саясатқа негізделген дипломатия арқылы еліміз ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Елбасы әлемде жан-жақты байланысты жүргізе отырып, көпвекторлы саясаттың негізін қалады, оның авторы атанды. Ол бұрынғы КСРО мен ТМД кеңістігіндегі әріптестерінің арасынан жаһандық деңгейде мойындалған әлемдік көшбасшылардың санатына енді. Бұл жөнінде «Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев елді басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады» деген Сингапурдың бірінші Премьер-министрі, көрнекті саяси тұлға Ли Куан Юдың бағасы әділ болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі мінезге ие адамдармен жарасым таба алады. Әрине оның харизматикалық болмысы туралы аз айтылмайды. Мұндай сирек қасиет әркімге беріле бермейді, бұл – расында да ең әуелі табиғат сыйы, содан кейін адамның өзін өзі үнемі дамытуына тікелей байланысты қасиет. Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таңғалатынымды жасырмаймын. Ол көп оқиды, ұлттық әдебиетке ғана емес, шетел әдебиетіне де көңіл бөледі, барлық оқиғадан хабардар болып отырады, елдің тарихы мен мәдениетін жетік біледі, әсіресе экономикалық ақпаратқа жіті ден қояды.
Сыртқы саясатта қызмет еткен адам ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік басшылармен кездесуге өте тыңғылықты әзірленетінін білемін. Ол Сыртқы істер министрлігі мен басқа да ведомстволар дайындаған ақпараттық материалдармен мұқият танысқан, содан соң жеке қойын дәптеріне өзінің тезистерін жазған еді. Оны барлық нәрсе қызықтырған деуге болады: сол елдің экономикалық жағдайы, кездесетін тұлғаның мінезіндегі ерекшеліктер, іскерлік қасиеттері және басқалар. Осының бәрін мықтап көңілге түйетін Тұңғыш Президент барлық әріптестері, тіпті БАҚ өкілдері үшін де тартымды, қызғылықты әңгімелесушіге айналады. Ең ерекше қасиетінің бірі – әзіл сөзді орынды қолданады. Елбасының тауып айтатын әзіл-қалжыңы әр кездесу соңынан әлемдік саясат өкілдері арасына бірден тарап кетеді. Оның тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды.
Бұл қасиеттері оны ұдайы жетістікке жеткізіп келеді. Дегенмен, саяси тұлғасының жөні бөлек. Ол әлемдік оқиғалар туралы, оны өз еліне өлшеп-пішу арқылы заманауи қарым-қатынастағы құрылымға үйлестіру туралы үнемі ойланады. Иә, Елбасы Қазақстанның әлемдік саясаттан шеткері қалмауы үшін де шетелдерге көбірек шыққан, резиденциясында шетелдік қонақтарды жиі қабылдаған.
Нұрсұлтан Әбішұлы Уинстон Черчилльдің «Қиын уақытта елді мықты басшы басқаруы керек» деген сөзін басшылыққа алады. Қазақстанға қатысты қарасақ, саясат алыбының бұл тұжырымы өте өзекті, өйткені мұндай басшылықсыз ел оң өзгерістер жасай алмас еді. Елбасы өзі атап өткендей, реформалардың нәтижесінде ең басты мақсатқа – адамдардың психологиясын өзгертуге қол жетті. Сондықтан Францияның экс-президенті, көрнекті саясаткер Жак Ширак: «Франция 1991 жылдан бергі өзгерістерді өте маңызды әрі шешуші өзгерістер санайды. Белгісіздік және күрделілік жағдайында Сіздің еліңіз мемлекеттік құрылыстың кері айналмайтын жолына түсті, өзінің ұлттық құндылықтары мен ұзақ тарихына адалдық танытып, адамзаттың ортақ демократиялық қағидаттары мен құқықтық мемлекетке бейілділігін көрсетті» деп зор бағасын бере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру, дін мен мәдениеттер арасындағы диалогтарды дамыту іспетті бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Елбасының арқасында Қазақстан интеграциялық үдерістерге ашық ел ретінде танылды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Түркі кеңесі және т.б. халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі әрі бастамашысы ретінде еліміз аймақаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастарды тиімді дамытудың жақтаушысы болып келеді.
Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды. Оның елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де, әлемдік қауымдастық алдындағы беделіне де айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Қазақстанның біртұтас ел ретіндегі дамуын айқындай түсті. Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді.
Жаңа астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы бағасына ие болды. Нұр-Сұлтан қаласы қазір Қазақ елінің ғана емес, әлемдік ойталқылардың орталығы, халықаралық басқосулардың айтулы алаңы ретінде қалыптасты. Астанамызда 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем елдерінің басшылары бас қосты. Елорда 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласымен бірлесіп ұйымдастырды. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі көз алдымызда зор табыспен өтті. Қазақ елі аталған көрмеде әлемдегі өзгермелі жағдайды ескере отырып, баламалы қуат көздерін дамыту туралы бастама көтергені мәлім. Бүгінде бұл бағытта жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізілуде. Осылайша жас мемлекетіміз Жер шарының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны барынша қорғауға өзіндік үлесін қосты. Әлемдегі дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін «Назарбаев моделі» деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықыласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ел экономикасы қарыштап алға басты, индустрияландыру бағдарламалары бойынша жемісті жұмыс жүргізілді. Көптеген кәсіпорын құрылып, бәсекелестікке төтеп бергендері ел игілігіне қызмет етуде. Табиғи ресурстарды игеруге әлемнің маңдайалды корпорациялары жұмылып, Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция құйды. Олар бүгінде бюджетке айтарлықтай салық түсімін қамтамасыз етіп отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан да ел инфрақұрылымына қажетті нысандар көптеп салынды. Мұның бәрі ең әуелі халыққа жұмыс тауып беруге жол ашты.
Негізі, бизнес нағыз бәсекелестік ортада дамитыны белгілі. Ол үшін қолайлы орта құрылып, қажетті заңнамалық-құқықтық қолдаулар жасалуға тиіс. Яғни салынған инвестицияның қорғалатынына, әділ бәсекелестік ортада жұмыс жүргізілетініне сенім болуы қажет. Мемлекет кепілдігі осы арада керек. Бұл міндеттемені мемлекеттік институт жоғары деңгейде орындады. Қазір Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі шетелдік инвесторларға қажетті жағдайдың бәрі бар. Жыл сайын елге тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Бұл үрдіс халықтың әл-ауқатының артуына, тұрақтылығының нығаюына септігін тигізуде.
Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда кез келген өзгеріске даяр болу, үнемі ізденісте жүру, өзін өзі жетілдіру өте маңызды. Бұл ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстан қоғамының ой-санасын прагматизмге үндеуге зор үлес қосты. Ел руханиятының айнасы іспеттес осы бағдарлама арқылы мәдениетіміз бен өнеріміздің жоғы түгенделіп, бары бағасын алды. «Рухани жаңғыруда» мемлекетіміздің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретін қажетті қадамдар нақты белгіленді.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің билігін қолға алған 30 жылдың ішінде жаңа мемлекет құрудың барлық қиындығын бастан өткерді. Еңселі мұраттарды еңсеріп, толағай табысқа қол жеткізді. Қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытып, барша әлемге мойындата білді.
Мен Елбасынан көп нәрсе үйрендім, өмірлік өнеге алдым. «Төрелі жерге ел тоқтайды, төбелі жерге мал тоқтайды». Былтыр еліміздің тарихында үлкен бетбұрыс болды. Тұңғыш Президент биліктің ауысуы барысында маған өлшеусіз сенім артты. Бұл тағы да Елбасы ел мүддесі жолында кез келген шешімге бара алатын ерекше батылдығын байқатты. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақтылық жағдайында өткізе білдік. Бұл – Елбасының парасаты мен көрегенділігін көрсеткен тарихи оқиға. Былтырғы Президент сайлауында халық Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі!
Менің «Игілік – баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламам Елбасының бастамасымен қол жеткізген жетістіктерді еселеуге, Тұңғыш Президенттің бағытын жалғастыруға негізделген. Осылайша елімізде сабақтастық салтанат құрды. Бұл бағытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудамыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ел ішіндегі күрделі мәселелерді билік тармағына жеткізуші алаңға айналды.
Биылғы алғашқы жартыжылдық барлық әлем елдері секілді Қазақстанға да оңай тимеді. Жаһанды әбігерге салған пандемия бізді де айналып өтпеді. Бұл сын-қатерлер халқымызды біріктіре түсті. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз тәуелсіздікті сәт сайын қорғауымыз керек!» деген қанатты сөзі бар. Жер шарының тұрғындарына қауіп төндірген қатерлі дерттен азаматтарымызды қорғау – тәуелсіздігімізді де қорғау деп білемін.
Індетпен күрес шаралары әлі жалғасады. Елбасы осы сындарлы кезеңде де елімен етене екенін білдіріп, өзі жетекшілік ететін Nur Otan партиясының жалпыхалықтық «Біз біргеміз!» акциясын жариялады. Үндеу тастап, үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырды. Күллі ел Елбасының ізгілікке шақыруын қабыл алып, күрделі кезеңде береке-бірліктің үлгісін көрсетуде. Бұл игі бастама Нұрсұлтан Әбішұлының халықты мемлекеттік мүддеге жұмылдырушы тұлға екенін тағы да айқын танытты.
Елдегі әлеуметтік ахуалды оңалту – біздің негізгі міндетіміз. Әлеуметтік қолдаумен бірге халықты еңбекке тартудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құруға күш салатын боламыз. Қазақстанның білімі мен ғылымын дамытуға ден қоямыз. Бұл – ел экономикасы мен келешегі жолындағы нақты қадам. Болашақта қазақстандықтардың адами әлеуеті жоғары болуы қажет.
Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға! Қазақ елі қарымды қайраткерге үнемі құрмет көрсетіп келеді. Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге! Тәуелсіздіктің бастауындағы ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердегі атқарылған істерді кейінгі буын келешекте әлі талай рет зерделейді, әділ бағасын береді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бар ғұмыры тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейін Қазақ мемлекетін нығайту ісімен біте қайнасып келеді. Шетелдіктер оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде жақсы біледі, сыйлайды. Тұңғыш Президентіміздің мемлекет қайраткері ретіндегі қарым-қабілеті талассыз мойындалған. Мен Елбасымыз бен шетелдіктер арасындағы көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болғандықтан, осыны зор жауапкершілікпен айтуға хақым бар деп ойлаймын. Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары. Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен жетті.
Ендеше, біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек.