• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Шілде, 2020

Тілге құрмет – елге құрмет

350 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн-конференция өтті.

Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арнал­ған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жал­ғастырып, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құ­рылуы жолындағы ерен еңбегін ай­шықтауға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың рес­публикалық «Ана тілі» газетінде жа­рияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге этнос өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды мақсат еткен конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвис­тика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.

Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өзінің алғысөзінде ұйымның атқарған жұмысы туралы баян­дады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы бү­кіл ел тұрғындарының мүддесін көз­дейтіндіктен азаматтардың консти­туциялық құқық­тарының сақталуына, әлеуметтік, сая­си-экономикалық жағ­дайға қатысты мәсе­лелердің барлығын назарда ұстап, мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымын білдіріп отыратыны өздеріңізге белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстелдің күн тәртібі де сондай мәселеге арналған. Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көз­қарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қа­тысып отырған көбіміз куәміз», деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге ол биыл Ассамблеяға 25 жыл толғанын айта келе, ширек ға­сырда Елбасының бірлік пен ынтымақты сақтау жолында сіңірген еңбегіне тоқ­талды. «Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасын бастадық. Бұл жоба елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келіп, азамат атанған Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және еңбек жолын бас­тап, қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қалаларында жал­ғасын тапты. Жалпыхалықтық экспе­дицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық бел­сенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі», деді Төрағаның орынбасары.

Мемлекет басшысы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-эконо­микалық даму мәселелерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеу­меттік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады. Президентіміз өз Жолдауында «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз», дей келіп, ойын «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді», деп тұжы­рымдағанын баршаңыз білесіздер. Мемлекет басшысының бұл бастамасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетіп, былтыр «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Бұл жиынға бүгін бізбен байланысып отырған көпшілігіңіз қатыстыңыздар. Біз әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткізілген бұл форумды Жолдауда айтылғандай, «даң­ғаза жасамай, жұмыла жүргізіп жат­қан жұмысымыздың» көрнекі мысалы дей аламыз.

Республиканың түкпір-түкпірінде тұратын, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену жолдарын ғана емес, өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәртебесін мысал ете отырып баяндауы Мемлекет басшысының мәселені дер кезінде көтеріп отырғанына көз жеткізді. Бұрын басқа этностың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда айтылған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты. Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деген сөзін жүзеге асыру мақсатында қазақ тілін насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары және бүгінгі жиынға қатысып, өз пікірін білдірген барлық азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен марапатталады», деді Ж.Түймебаев.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов Пре­зиденттің «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатына орай ой бөлісуге ниет білдіріп, шараның өтуіне ықпал еткен Ассамблея мүшелері мен конференция қатысушыларына алғысын білдірді.

Басқосуда басқа да белсенділер онлайн-конференцияға қатысып, өз ойларын ортаға салды.