Әдетте үлкендер «не жесең соған ұқсайсың» деп жататын-ды. Сонда орыстың ойланбай айтқан мәтелін мысалға алғаны несі деп, кекесін іліп, өкпелей түсетінбіз. Әйтсе де жаны бар сөз екен. Оны франциялық генетиктер осыдан ІІІ ғасыр бұрын кесіп-пішіпті. Онда да бөркін аспанға атып, «дәлел» атын дабырайтып айтқаны болмаса, бабатаным ашқан баяғы құпияның жарқырай түскен әлпеті ғана. Оған тұспал, атақты әл-Фараби бабамыздың: «Егер ұлттың өзінің тарихи тағамы жоғалатын болса, ол ұлт ауруға ұшырайды», – деген ғибратқа толы пайымы. Шынында, төл тағамынсыз тұтас бір халықтың өсіп-өнбейтіні, көктеп-жетілмейтіні шүбәсіз шындық.
Әсілі әлемнің екінші ұстазының біз тиек еткен сүйекті сөзінде мынандай бір ақиқат бұғып жатқан секілді. Ғалымдардың пікірінше, бие сүтінің құнарлығы ана сүтінен кем емес. Оған Донецк медицина институтының ғылыми қызметкері Е.Гребников бастаған зерттеушілердің деректері негіз бола алады. Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болып, төрт түліктің ішінде жылқы сүтінің емдік қасиетін түзген. Яки, бұл тұрғыдан келгенде, қасиетті ана сүтімен қатар киелі Қамбарата түлігінің иіндісімен ержеткен нағыз көшпенді ұрпағы қазақтың осал болуға қақысы жоқ еді. Осылайша қос уызға жарыған қоңыр елдің бағзыдан жеткен бұл асты қадірлемеуі мүлдем мүмкін емес-тұғын. «Мінсе – көлік, кисе – киім, ішсе – сусын» атанған жылқыны арғы тарихтағы ата-бабамыз үйсіндердің көптеп ұстауының өзі бізге өнеге болды. Оның жарқын көрінісі – ұлтымыздың сөздік қорындағы «Саумал ішсең – қымыз жоқ, бие мінсең – құлын жоқ» деп келетін немесе «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас» деп атакәсіптің артық тұсын қалқып алған осы бір қаймақты сөздері еді.
Сыралғы сусын жайында сөз іліксе алдымен әжелеріміздің тобылғымен торсығын ыстап, сүр жаяның, қазының сынық сүйегін салып ашытқан сары қымызы менмұндалайтындай. Саба толы қымызды сапыра шайқап, сәске аусада сораптап отыратын сәт көз алдына келеді. Ұлысты ұлтымыздың осы бір қуатты дәмге құмарлығы көпті сүйсінтеді. Мұны әйдік жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Ақбілегі» жария етті емес пе? «...Тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды, қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады: жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүсірлетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс, асыр салып жатқаны» деп көзге үйірсек бір керемет суретті көкірегіңе сызып береді. Тәбет клеткаларыңды оятатын тәтті тіркестер. Сұлу сусынның сырбаз кейпін, сырлы дәмін таңдайына әкелетіндей.
Аты мәшһүр Әуезовтің «Абай жолы» романында тарихи оқиғаларды талқылау үшін абыз-билердің малдас құрып мәміле іздейтіні бар. Сол келелі жиында, кеңесуге келген кісілер саба-саба қымыздан шабыт алып шешіле сөйлейтіндей көрінеді бізге. Автор да мұны астарласа керек. Алыстан аңқасы құрып келген аттының сарығы қымызбен басылып, жан сарайы хан сарайдай ашылатынын қосып қойыңыз. Үй иесінің де сүйкімі сол тәтті сусын арқылы кіретіндей. Ақылман Абайдың заманында неге мұндай картина сызылды? Бұл аста-төк ас әзірлеп, дастарқаны толтыра созып байекештерден мақтау күткен әлдекімнің әрекеті ме? Әлде дәуірдің дабырасы ғана ма? Жоқ, мән тереңде, гәп басқа да...
Әуелі бұл жазушының ұлтымыздың ұлы жауһарын тізеге басуға әрекеттенген кеңестің кері идеологиясына деген өкпесі. Тарпаң да текті көшпенді ұрпағының жадында ғұлама ғұрпымыздың қордаланып қалуы. Сол үшін де ұлттық сусынды тұтас шығармада әспеттей түсті. Екіншіден, көшпелі қазақ тұрмысындағы ас пен тойдың салтанаты, мәртебесі саба-саба болып ашыған, көнек-көнек лықсыған көл-көсір ашытылған қымызбен де өлшенетін. Өзі де осы дәуірдің шетін көрген Омарханұлы үшін мұндай этнографиялық детальды жазбай кету – ұлт алдындағы ұмытылмас қиянат болары хақ. Сірә, заманының заңғар жазушысы мұны ұлт мұрасын қорқау қоғамның құлқынына жұтылып кетпесін деген қос қажеттілікпен жеке шығармашылығында ескеріпті делік, ал бүгінгі «өлгені тіріліп, өшкені жанған», жоғалғаны адақталған бейбіт таңда бұл тақырыпты біз не үшін қаузаймыз?
Өйткені, қымыз қазақтың ұлттық тағамы ғана емес, жаны, тарихтан таған тартқан тарпаң болмысы. Оның қалай дейсіз ғой. Біз бүгінгі қажеттілікті кейінге шегеріп, өткеннің сүрлеуіне сүйеніп жазып отырмыз. Мысалы, біздің эрамызға дейінгі V ғасырда грек тарихшысы Геродот скифтердің бие сүтінен сусын ашытатынын әрі олардың сүт сақтау құпиясын ешкімге айтпайтынын жазады. Ал түркі халықтары этнографиясын зерттеуші Л.Потапов: «Қымызды ойлап тапқан – көшпенділер, себебі нағыз көшпенді тұрмыс шыдамды да, жүріске мықты жылқы өсірумен байланысты болды. Көшпенді тұрмыста бұл жаңалыққа тап болу әсте қиын емес еді. Сауып алынған бие сүтін тері ыдысқа құйып көшіп жүргенде ыстық күнде шайқалған сүт өзінен өзі қымызға айналған», деп қымыздың пайда болуы туралы өз пайым-пікірін жеткізеді.
Иә, Потаповтың пікірімен келісу, келіспеуіңіз өз еншіңізде. Құптарлығы – осы бір сүттен ашытылған қышқыл сусынды көшпенділер тапты дегені болса, келіспейтін тұсымыз – тері торсықта ыстық күнде шайқалғаннан пайда болған дейтін атүсті, бір жақты әфсанасы. Өйткені жалбыздың емдік қасиеті туралы аңызға бергісіз бір оқиға негізінде қоры-тып, «жалбыз бар жерде жан қалатынын» білген қазақтың ежелден жылқы баққан ұлт ретінде бұл түліктің сүтін ашыта білмеуі мүмкін емес еді. Мұндай құр долбарды Мойынқұмда мойыны ырғайдай болып қой бағып жүрген малшының да кез келген уақытта айта салу мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бір халықтың жасампаздығын бір-ақ сөйлеммен жоққа шығарғысы келетін сөзі дүдәмал тарихшыларға сенгің де келмейді. Әгәрәки, барлық жаңалықтың бір сәттік тапқырлықтан тұратынын ойға алсақ, қымыз ХХV ғасыр бұрын Геродот айтқандай скифтер құпиясын жасырған арғы ата-бабаларымыздың ашқан жаңалығы екені анық.
Бұл орыстың белгілі ғалымы В.Дальдің жазбасын оқығанда барып, жаңағы этнографтың пікірінен туындаған ренішің басылып, бір сәтке бітпес қуанышты уыстағандай күй кешесің. Ол: «Қыстан жүдеп шыққан адамды әрлендіретін және қанша ішсе де тәбетін қайтармайтын қымыздың орнына жүретін сусынды ойлап таба қою, сірә, қиын шығар», дейді. Осы арадағы жалғыз-ақ «қиын шығар» сөзі қазақтың ұлттық сусынының баға-сын асырып, бәсін арттырады. Анау айтқандай өз өзінен қымызға айналған жай сүт емес екендігін растайды.
Ал бүгінгі медицина ғылымының атасы атанған грек дәрігері Гиппократ: «Олар бір жерде малдың шөбі біткенше отырады. Шөп біткен уақытта басқа жерге көшеді. Өздері пісіріп ет жейді, бие сүтін ішеді және бие сүтінен жасалған ірімшік жейді», – деп жазса, француз саяхатшысы Вильгельм Рубрун 1253 жылы Татарстанға жасаған сапары барысында жол-жөнекей қымыз ішкенін айтады. Әрі қымызды ашыту жолдарын, дәмін, адам ағзасына, оның ішінде несеп бөлуге әсер ететінін анықтап тұрып бедерлеген. Енді бұған Ақтанберді жыраудың: «Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?!», деген нақылымен, жүз жасаған Жамбыл қарттың: «Үйірілген сары алтындай сары қымыз, ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз», – деген жырын қосып қойыңыз. Ол аз десеңіз, орыстың ұлы ақыны Пушкинді қайта бір парақтап шықсаңыз болады.
Сөз соңында бірауыз лепес. Лепес дейміз-ау, тақырыптың тұспалдамасы. Біз қымыз арқылы қазақтың көне кейпін, бекзада болмысын көрсеткіміз келді. Тарих сөйледі, қалам қуаттады. Қымыз дегенде, қолына қыран қондырып, тұлпар мінген бөрікті жұрттың жұрнағын іздейсіз. Бірақ құмсағат ғұмырдың илеуінде қалған құндылықтарымыз осылай әспеттеп отыруға зәру. Кешегі баба аңсаған ұлттың ұрпағы болу үшін әрбіріміз осылай қам жасауға тиіспіз. Ұлт тәрбиесінің өзегі ұлттық тағамда екенін ұмытпайық.