Маңғыстау медицинасы сыннан көз ашпайды және оған негіз де бар – саладағы қызмет сапасы мен тәртіп мәселесі, материалдық-техникалық қамтылу, тіпті кейбір мамандардың жеке мәдениеті мен дәрігерлік қызметіне адалдығы да жұртшылықтың көңілінен шыға алмауда.
Ғимарат, маман, аппарат – бәрі қат
Халық пен сала басшылығының арасына айтарлықтай сына қаққан, кейінгі кездері әлеуметтік желі белсенділері «оң жамбасына» алып оңды-солды, кейде орынды-орынсыз сілкілей сынап жүрген сала проблемалары «Еgemen Qazaqstan» газеті бетінде де бірнеше рет көтеріліп, 2018 жылы 8 тамызда «Маңғыстау медицинасы неге малтығып тұр?» деген көлемді мақалаға өзек болған еді. Мақалада айтылғандай, басшылық ауысады, проблемалар қала береді, яғни Маңғыстау медицинасында жылдар бойы қордаланған мәселелерге орын ауыстырған басшылар «мұрагерлік» етумен уақыт өтіп жатыр, бір қызығы бірде бір басшының ең болмағанда бір мәселені шешуге ұмтылмауы таңғаларлық, бұл – халық жағдайына жаны ашымастық па, әлде қаражат жетіспеушілігі ме немесе «дәрігерлік құпия» деп айтылмайтын өзге себебі бар ма – түсініксіз.
Маңғыстауда саланың материалдық-техникалық жағдайының күрделенуіне кім кінәлі? Мысалы, Ақтау қаласында облыстық перинаталдық орталықтан басқа жаңа дәрігерлік ғимарат жоқ – кілең Кеңес одағы кезінен қалған сыртқы көрінісі сұп-сұр аңқалары арса-арса болған ғимараттардың ішкі көріністері де мәз емес – көңіл құлазытып жіберетін ескі-құсқы, оған дәрігерлік қызметтің сапасы қосылғанда тұрғындарға ренжуден басқа амал да қалмайды. Әбден ескірген ғимараттардың дені қайта тұрғызуды немесе күрделі жөндеуді талап ететіні көзге көрініп тұр.
Құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық диспансер қолданысқа әне-міне беріледі деп әрбір есепте айтылумен ғана келеді. Ақтауда қалалық аурухана жоқ, бұл мәселенің көтерілгеніне 15 жыл болғанмен, биыл ғана шешіледі деген жылымық хабар құлаққа жеткен. Бірақ қашан шешіліп, қолданысқа берілетінін, қанша жыл күтуге тура келетінін ешкім білмейді. Ал 120 мың тұрғынға лайықталған инфекциялық аурухана мен туберкулез диспансерінің ахуалы туралы айтудың өзі артық.
– 1978 жылы ашылып, казіргі таңда 205 кереуеттен құралған, оның ішінде жаңадан туған нәрестелер патологиясы, жүйке жүйесі, педиатрия, хирургия, травматология-ортопедия, оториноларингология, жұқпалы аурулар және жан сақтау бөлімдері қызмет көрсететін Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына республикалық бюджеттен қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар сатып алу қажеттілігі бар, алайда көп қаражатты талап етеді. Оны шешу жолдары инвестиция тарту болып отыр. Әсіресе шетелдік компаниялардың демеушілік көмегіне жүгінуге тура келді. Биыл ақпан айында «Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» ЖШС есебінен «Hamilton G5» өкпені жасанды желдету аппараты, рентгендік диагностикалық «С-дуга Ares MR» және «4К мен 3D» форматындағы лапароскопиялық хирургияға қажетті бейнекешені тарту етілген. 1 жасқа толмаған сәбиден бастап 18 жас аралығындағы жасөспірім балаларға әртүрлі деңгейде күрделі оталар жасалады. Жылына ауруханаға 10 мыңның үстінде балалар жатқызылып, түрлі ем-дом алады. Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарының тұрғындарына консультативтік-диагностикалық көмектер көрсетіледі, дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Жаманбаева.
Талай шулы оқиғаларға арқау болған Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы жанындағы инфекциялық бөлімше де сын көтермейтін тұстар көп десек, соның бірі – жөндеудің жоқтығы. 1981 жылы тұрғызылған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ мәселе қаржыға келіп тіреледі.
Ақтау қаласындағы жағдай осындай болғанда, ауылдық жерлердің ахуалының мақтанарлық емес екендігі айтпаса да белгілі. Мысалы, Қарақия ауданындағы Сенек пен Бостан ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуді қажет етсе, Аққұдық және Ералы стансасындағы медициналық пункттерге де жөндеу жұмыстары, сондай-ақ флюроаппарат, компьютерлік томография, клиникалық зертханалық анализаторы, ота жасайтын зал, тыныс алу аппараты қажет.
Мұнайлы ауданында көп жылдар бойы шешімін таппаған аудандық орталық аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Халқының саны 12 мыңнан асып кеткен Батыр ауылында шұғыл түрде дәрігерлік амбулатория салу қажеттілігі туындаса, дәл осындай мәселе аталған аудандағы Дәулет, Баянды, Қызылтөбе, Қызылтөбе-2, Атамекен елді мекендеріне де тән.
Бейнеу аудандық орталық ауруханасына компьютерлік томография сатып алынады деп күтілуде. Сонда бұған дейін аталған ауданның науқастарына қатысты «Бейнеуден КТ жасалды деген» ақпараттың өтірік болғаны ма? Бейнеу ауданының шалғай ауылдарында дәрігерлік қызмет күрделі жағдайда. Фельдшері жоқ ауылда қан қысымы көтеріліп қатты ауырған жан үшін таң алагеуімде көрші ауылдарға телефон соғып, біріне-бірі сілтеумен олардың бірі түс ауа бір-ақ келгені есте.
Сондай-ақ Ақтау қалалық перинаталдық орталығына флюрографиялық аппарат қажет. Бұл қолға түскен мәліметтер ғана, әйтпесе айтылмаған, сыртқа шығарылмайтын мәселелер қаншама?! Аппараттың жетіспеушілігі кез келген медициналық мекемедегі мәселе екендігіне еш күмән жоқ.
«Жедел жәрдем» қызметі туралы айтпай кетуге болмайды. Қызметі барынша маңызды, қауырт болса да осы уақытқа дейін жеке ғимараты болмаған іргелі ұжымда маман жетіспеуі, жыл бойы тәулік сайын тынбай зырғып жүретін көліктердің жиі істен шығуы да – мекеменің басты проблемаларының бірі. Шақыртуларға уақытында келмеді деп ренжитін тұрғындардың аталған қызметке өкпесі қара қазандай. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының айтуынша, жергілікті бюджеттен және шетелдік кәсіпорындардың қаржыландыруымен біраз мәселе шешімін тапқанмен, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен бірқатар темір тұлпарлары жөндеуден өткенмен, бұл мәселенің уақытша шешімі ғана екен. Маңғыстауда «103» қызметінің ғимараты санитарлық талаптарға сай емес деген пікір қоғамда жиі қозғалып келеді.
Дәрігер мамандардың жетіспеушілігі де барынша маңызды. Бүгінде өңірде барлық мамандықтағы 250 дәрігер тапшы. Мамандардың тұрақтамауына басты себептің бірі – баспана мәселесінің шешілмеуі екен, қазір әр мекеме өзіне қажетті дәрігерге үй жалдап беріп отыр.
Өңірдегі бірқатар медицина мекемелердің кредиторлық қарыздары бар. Миллиондаған берешегі бар мекемелердің тынысы тарылатыны белгілі нәрсе. Қарыз қашан, қалай жабылады?
Жаңа басшыға жұмыс көп
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жуырда жаңа басшы тағайындалды. Бұған дейін өзін білікті дәрігер-гинеколог және облыстық перинаталдық орталықты жемісті басқарған тәжірибелі басшы ретінде көрсете алған Жамал Жаманбаеваға енді бүкіл облыстың медицина саласындағы мәселелермен білек сыбана күресуге тура келіп тұр. Оның үстіне пандемияның ылаңына тұспа-тұс келген ол бұған дейін әбден тозығы жетіп, кетеуі кеткен саланың жыртығын жамап, жоғын түгендеуге міндетті, бірақ мүмкіндік қаншалықты? Әдетте жылтырақ ойын-сауықтарды өткізуден ақша аямайтын облыста халықтың денсаулығы үшін қажетті деңгейде қаржы бөліне ме? Осы орайда Маңғыстау медицинасындағы қат-қабат мәселелердің шешімі бола ма деген сауалмен басқарма басшысына сауал жолдаған едік.
Оның айтуынша, Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында ауруханалар, Бейнеуде жедел жәрдем стансасы, аудандарда дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарланған. Жаңаөзенде заманауи медициналық орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Биыл Ақтауда 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухана, жаңа инфекциялық аурухана ғимаратын салу мәселесі шешімін тапқан.
– Мұнайлы ауданында орталық аудандық аурухананың құрылысы басталады деп күтілуде. Салыстыру үшін: мұнда халық саны 170 мың адамды құрайды, бұл Жаңаөзен қаласы халқының санынан 20 мың адамға артық. Мұнайшылар қаласында 8 ірі медициналық ұйым жұмыс істейді, ал Мұнайлы ауданында 1 емхана мен бірнеше дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қосымша орталықтарын ашу көзделіп отыр, оның ішінде тұрғындарға медициналық көмекті барынша жақындатуға, жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп, Мұнайлы ауданында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Жамал Жаманбаева.
Бұдан басқа, денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Бейнеу ауданында өз алдына жедел жәрдем ғимаратын салу мәселесін пысықтауда. Жаңаөзендегі туберкулез диспансерінің ғимаратын инфекциялық стационарға беру мәселесі шешілген. Қарақия ауданының Қызылсай ауылында медициналық пункттің құрылысы басталмақ. Түпқараған ауданының дәрігерлік амбулаторияларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Медициналық пункттерді автокөлікпен қамтамасыз ету, Сайын-Шапағатов ауылында мобильді дәрігерлік амбулатория салу мәселесі қарастырылуда. «ӨзенМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзен қаласында заманауи медициналық орталық салуды өз мойнына алды және медициналық ұйым көп ұзамай пайдалануға беріледі.
– Онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын және оның базасында онколог-дәрігерлер үшін резидентура құру көзделіп отыр. Осылайша, облыста онколог-дәрігерлер тапшылығы мәселесі шешілмек. Мәселен, 2016 жылдан бастап еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының резидентурасының базасы болып табылатын және акушер-гинеколог дәрігерлерін даярлайтын облыстық перинаталдық орталықта бұрын осындай проблема болатын, біз бұл мәселенің шешу жолдарын осылайша тапқан болатынбыз, – деді басқарма басшысы.
Өңірде жас мамандар мен тәжірибелі дәрігерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде, биыл медициналық мекемелер 120 дәрігермен толығады деп күтілуде, сондай-ақ мемлекет-жеке меншік әріптестік бойынша және республикалық бюджет есебінен облыстың медициналық ұйымдарын құрсақта туа біткен даму ақауларын анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен, стационарлық және жылжымалы рентген аппараттарымен, мониторлармен қамтамасыз ету, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату үшін жаңа технологияларды енгізу жоспарлануда. Ал жедел жәрдем қызметі бойынша «қазіргі таңда облыста жедел жәрдем қызметінің санитарлық машиналармен қамтамасыз етілуі 67 пайызды құрайды. Олардың 60 пайызы тозған. Жедел жәрдем қызметі үшін лизингке 52 санитарлық машина алу жоспарда бар. Осылайша көлік қызметінің жабдықталуы 95 пайызға жетеді деп күтілуде» деген жауап берді.
Басқарманың жаңа басшысының жауабынан мәселелерді «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдырмай, шешуге деген талпыныс бар екенін аңғардық. Бірақ, бұған дейін «болашақта шешіледі, күтіледі, жоспарланған, пысықталуда» дегендей жауаптардан мезі болған халық нақты істің бітіп, мұнайлы өңірдің медицина саласында түбегейлі өзгерістердің болғанын қалайды. Әйтпесе, сөз бен уәде талай айтылып, талай ұмытылған. Демек, жаңа басшыға атқаратын жұмыс та, айтылатын сын да көп – жылдар бойы шешімін таппай қордаланған, проблемасы шаш етектен денсаулық саласын қабылдап алған ол мәселеге «мұрагер» болып қалмай, бірқатарын шеше алса дейміз.
Маңғыстау облысы