Футболдан Ресей Премьер-лигасында өнер көрсететін отандасымыз Бақтияр Зайнутдинов «Ростов» және «Краснодар» арасындағы тарихи матчқа қатысты.
Ресей чемпионатының 25-тур ойынындағы «Ростов» – «Краснодар» арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталып, РПЛ-дің рекордтар кітабындағы нәтижені жаңартты. Яғни аталған екі команда арасындағы матч әдеттегідей 90 минут емес, 111 минут, 15 секундқа жалғасты. Рекордтың жаңаруына екінші таймда белгіленген пенальти себеп болды.
Ойынның бірінші таймында «Краснодар» клубы 1:0 есебімен алда болған. Ал екінші таймның соңында матч төрешісі Виталий Мешков қосымша алты минут қосқан еді. Қосымша уақыт аяқталар тұста қонақтар өз айып алаңында ойын ережесін бұзғаны үшін бас төреші бірінші VАR-ға жүгініп, «Краснодар» қақпасына он бір метрлік айып добын тағайындады. Кейіннен тағы да бейне қайталауды қарап, алғашқы шешімі дұрыс екеніне көз жеткізді. Нәтижесінде, кездесудің 110-минутында Ивелин Попов 11 метрлік айып добын сәтті орындап, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
Айта кетейік, «Ростов» клубында доп тебетін жерлесіміз Бақтияр Зайнутдинов бұл матчта негізгі құрамда шығып, алаңда 87 минут өнер көрсетті.