Қазақстанның «Астана» велокомандасы әлемдік «Тур де Франс» онлайн веложарысына қатысатынын ресми түрде мәлімдеді.
Веложарыстың бірінші кезеңі 4 шілдеге жоспарланған. Сенбіде басталатын дода алты кезеңнен тұрады. Велошабандоздар 19 шілдеге дейін өзара мықтыны анықтайды. Жарыс ережесі бойынша бір кезеңге 4 спортшыдан қатыса алады. Таулы, спринтер және классификациялық нәтижелер бойынша жарыс қорытындысы шығады.
Қазіргі таңда турнирге барлығы 39 команда тіркелген. Айта кетейік, велошабандоздардың бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» веложарысының негізгі бәсекесі биыл 29 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында өтетіні белгілі. 21 кезеңнен тұратын велододаның жарыс жолының ұзақтығы төрт мың шақырымға жуық.