Сәрсенбі күні Санкт-Петербургте ТМД-ға мүше мемлекеттер және Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеялары, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған делегация қатысты.
Бұл күнгі маңызды шаралар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының 34-ші пленарлық отырысы жұмысымен басталды. Жиын барысында Достастық елдеріне ортақ мүддені көздеген өзекті мәселелер қаралды. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғау, “ТМД мемлекеттеріндегі интеллектуалды меншік туралы” кодекс пен “Электронды мемлекеттік қызмет туралы” заң жобасы, жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі аймақтық ұйымдарға ортақ қағидаттарды белгілеу секілді мәселелер көптің қызығушылығын туғызды.
Бір айта кетерлігі – аталған жиын барысында Орал Мұхамеджанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың 4 желтоқсанындағы Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ТМД-ға қатысушы елдер Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовты екінші дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады. Отырыс соңында бір топ Парламент Мәжілісі депутаттары мен Парламент Мәжілісінің өкілдері ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының “Достастық” орденімен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеясының және ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бұл күні Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге қолдау-көмек көрсету, Жеңістің 65 жылдығын жоғары деңгейде өткізу, ал ең бастысы – келер ұрпақ үшін майдангерлердің ерен ерлігін есте сақтау секілді көкейкесті мәселелер 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы мен Жеңістің 65 жылдығына арналған халықаралық парламенттік конференция кезінде кеңінен әңгімеленді.
Аталған конференцияны ашқан Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Миронов Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің жиынға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Конференция барысында сөз алған Кеңес Одағының Батыры, Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы аймақаралық қоғамдық бірлестігі кеңесінің құрметті төрағасы Иван Клочков күрделі кезеңге шолу жасады. “Кеңес өкіметі азаматы өзінің парызын толығымен орындап шықты. Сондықтан мұндай жанқиярлық ерлік көптің есінде мәңгі қалуы тиіс”, деді ол.
Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвин: “Тұтас бір халыққа, оның дамуына әсер ететін тарихи оқиғалар болады. Олар өз маңыздылығымен және өзіне тән қағидаттарымен өлшенеді. Мұны Ұлы Отан соғысына қарата айтуға болады”, деді конференцияда сөйлеген сөзінде.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Ұлы Отан соғысының посткеңестік елдерді тұтастай қамтығанын, сол арқылы жалпы адамзат тарихында айрықша орын алғандығын атап өтті. “Кеңес Одағы соғыстан ең көп зардап шекті. Орыс халқының иығына батпандай күш түсті. Алайда, оның маңына өзге де ұлттар ұйысып, шоғырланды. Сол себепті, бұл біздің ортақ тарихымыз, ортақ қасіретіміз, ортақ мақтанышымыз және ортақ жеңісіміз. Сол үшін де мұны есте сақтап, сол бірлігіміз бен тұтастығымызды келер ұрпаққа аманаттап жеткізуіміз қажет”, деді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.
Конференция кезіндегі сөзінде Орал Мұхамеджанов сондай-ақ Парламентаралық Ассамблея құрылымының нығая түскендігін, бұл ТМД елдеріндегі күрмеулі түйінді тарқатуға сеп болатындығын жеткізді. Оның айтуынша, кез келген қиындыққа күш біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады. “Сіздер биылғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясына кіріскенін білесіздер. Біз өз миссиямызды атқару кезінде аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің тиімді тетігін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлетін боламыз. Біздің бұл бастамаларымыз халықаралық қоғамдастық тарапынан да қолдау табады деген ойдамыз”, деді Орал Байғонысұлы.
Жеңістің 65 жылдығына арналған халықаралық парламенттік конференция Таврия сарайында орналасқан көрмемен толықтырылды. Қазақстандық делегация өкілдері сондай-ақ сапар аясында қазақтың біртуар тұлғасы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойды.
Бұл күнгі маңызды шаралардың бірі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының тұсаукесеріне қатысты болды. “Алғашқы рет посткеңестік кеңістікте орналасқан ел 56 мемлекеттің басын біріктіретін, Ванкувер мен Владивосток арасындағы ұлан-асыр аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін басты тетікке айналдырған беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етуде. Қазіргі таңда біз елеулі өзгерістердің қуәгері болып отырмыз. Әлем қалай, қай жаққа қарай өзгереді, бұл өзгерістердің қарқыны қай деңгейде болады деген сауалдармен де бетпе-бет келудеміз”, деді еліміз Парламенті Мәжілісінің Төрағасы тұсаукесерде сөйлеген сөзінде. Ол сондай-ақ Ұйымға төрағалық ету кезінде Қазақстанның 4 қағидатты негізге алғандығын, бұл қағидаттар ЕҚЫҰ аясындағы ең маңызды мәселелерді оңтайландыруға септесуі тиістігін атап көрсетті. “Біздің көзқарасымыз бойынша, Ұйым саммиті ЕҚЫҰ-ның 35 жылдығы мен жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясының қабылданғанына 20 жыл толуына, сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығына орай ұйымдастырылса, өзінің тиімділігімен ерекшеленетіні даусыз. Биылғы жылдың қазан айында Халықаралық Парламенттік Ассамблеяның қолдауымен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланысты Санкт-Петербург қаласында халықаралық парламенттік конференция ұйымдастырылатын болды”, деді О. Мұхамеджанов.
Осы күні кешкісін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвинмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде парламентаралық байланысты нығайту жөнінде ой бөлісті.
Кеше ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының өкілдері “Пискарев” мемориалды бейіт кешеніне барды. Онда 1941-1945 жылдары өз Отанын жаудан азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен 460 мыңға тарта Кеңес Одағының әскерилері мен азаматтары жерленген. Делегация өкілдері шейіт болғандардың құрметіне 1 минөт үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ – Санкт-Петербургтен.