Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын терең түсініп, олардың қалыптасуы мен дамуына ерекше көңіл бөліп, тәуелсіз елдің қорғаныс саласының қалыптасуына тікелей басшылық жасады. Өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Менің әскери мәселелерге тоқталуым тегін емес. Бәрінен бұрын, осы әскери-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мемлекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық саяси жүйенің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын. Өйткені еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуы жас мемлекеттің тағдырындағы тарихи жағдайлармен тұспа-тұс жүзеге асты.
Елдің ішкі қуаты
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, араға 26 күн салып, кешегі Ішкі әскер бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Сол сәттен бастап құқықтық тәртіп әскері ел мен Елбасының бастамаларын қолдайтын, халықты, азаматты, мемлекетті заңсыз әрекеттерден қорғайтын қуатты құрылымға айналды. Уақыт өткен сайын құқықтық тәртіптің тұрпаты биіктеп, орны даралана бастады.
Елбасы 1998 жылы шілде айында ІІМ Ішкі әскердің Бас қолбасшылығына сапармен келіп, Астана гарнизонындағы екі әскери бөлімге Жауынгерлік Туды тапсырды.
«...Ішкі әскеріміз маңызды міндеттерді атқарады, еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Мен мемлекеттің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде әскер құрамының жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілуіне және сіздердің қызметтеріңіз жақсы жағдайда өтуіне қамқорлық жасай беретін боламын», деп атап өтті Елбасы.
Мемлекеттің көк Туын биіктете түсу міндеті әрбір Қазақстан азаматына тағдыр сыйлаған ұлы бақыт десек те болады. Ал бақыт Елбасы айтқандай, «бағалай білгеннің басында тұрады». Тәуелсіздіктің негізгі тірегі мемлекет ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұлттық әскер екені сөзсіз. Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігінің бірі – елдің ішкі қауіпсіздігі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының күш-қуатын арттыру мен жетілдіруге, инфрақұрылымын дамытуға Елбасы Н.Назарбаевтың тарапынан әрдайым үлкен көңіл бөлініп, қауіпсіздік мәселелері әркез назардан тыс қалмай келеді. Бүгінгі таңда қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге арналған шаралар өз кезегінде ел тыныштығының сенімді қорғалып, әскери құрылымдардың материалдық-техникалық базасының және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына әкелді. Осыдан тәуелсіздік жылдарындағы Ұлттық ұланның қалыптасуы әрі ведомствоның бүгінгі заманауи құралдармен жарақталған, әлеуеті зор, қуатты органның біріне айналуына да Елбасының сіңірген еңбегі мен қамқорлығы ұшан-теңіз екенін аңғаруға болады.
2014 жылдың 21 сәуірінде Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ІІМ Ішкі әскері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Бұл шешімді қабылдар алдында шетелдік тәжірибелер ескерілгенін ескерген жөн. Ал 2015 жылдың 10 қаңтарында Елбасы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заңға қол қойды. Бұл құқықтық тәртіп әскерінің тарихындағы елеулі оқиға, Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген қамқорлықтың логикалық жалғасы болды. Араға бір жыл салып, Елбасының Алматы облысы Заречный кентіндегі ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған Орталыққа ат басын бұрып, жеке танысуы әскер тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі болды. Осы жерде еліміздің күш-қуат құрылымдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен «Қайсар-2016» кешенді жаттығуы өткізіліп, жасақтардың антитеррористік бағыттағы операцияларды жүргізудегі әдіс-тәсілдері пысықталды.
Қорғанысымыздың темір қазығы
Әрине Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдары Қазақстанның әскери ахуалы да әлсіреді. Ал тәуелсіздікке енді қол жеткізген ел үшін егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын өз Қарулы Күштерін құруы өмірлік маңызды міндет болып саналды. Жаңа үлгідегі армия құру үшін әскери құрылыстың заңнамалық негізін, тұжырымдамасы мен тетігін жасау қажет болды.
1991 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы игі мақсат жолындағы ең алғашқы қадамын жасады, бұл күні Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Аз уақыт ішінде комитеттің негізгі лауазымдары тәжірибелі офицерлерден жасақталды.
1991 жылдың желтоқсанында бұрынғы Одақ елдерінің тағдырына қатысты көптеген шешім қабылданды. Солардың бірі – жаңа құрылған ТМД мемлекеттері әскери әлеуетінің ендігі тағдырына қатысты. Өтпелі кезең кезінде бұрынғы Одақ елдерінің қорғаныс ісі Стратегиялық және Қарулы Күштерге, Шекара әскерлеріне біріктірілді. Бірақ уақыт көшін тоқтату мүмкін емес еді. Бұрынғы Одақтың Біріккен Қарулы Күштерінің ғұмыры ұзақ болмасы байқалды.
1992 жылдың басында Елбасы Әскери мәселелер тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берді. Сондай-ақ әскери бөлімдердің қару-жарақ және техникасын, мүлкін түгендеу, ахуалын тексеру және әскери оқу-жаттығу алаңдарын ғылыми-техникалық жасақтау, Қазақстан аумағында орналасқан әскери зауыттарды өндірістік жабдықтау туралы да шешім қабылданды.
Әскери құрылыс тұжырымдамасының жобасы Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, ондағы басты мәселе – өтпелі кезең аяқталған соң еліміздің өз Қарулы Күштерін құруы мүмкін екеніне назар аударды. Мемлекеттік қорғаныс комитеті елдің әскери әлеуетінің бағыт-бағдарын айқындауға қатысты бұдан басқа да көптеген іс-шараларды жедел жүзеге асырып, түрлі ұйымдастыру, талдау жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ бақылау міндетін де атқарды.
1992 жылғы 7 мамырда Елбасы тәуелсіз елдің әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы келесі шешуші құқықтық акт – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды құжат Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер мен оның бүкіл мүлкі республиканың құзыретіне көшетінін анықтап берді.
Еліміздің кең байтақ аумағында көптеген әскери бөлімдер, базалар, әскери-зерттеу нысандары мен оқу-жаттығу алаңдары, соның ішінде ғарышты зерттеу және әуе қорғанысына қатысты нысандар болды.
Елбасы 1997 жылы 17 қарашада Қарулы Күштер құрылымына елеулі өзгерістер енгізген Жарлыққа қол қойды. Әуелі Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың қызмет ауқымы ажыратылды. Қорғаныс министрлігіне әскери-саяси басшылық жасау, елдегі қорғаныс құрылысын ұйымдастыру және Қарулы Күштердің түрлерін басқару жүктелді. Бас штабқа Қарулы Күштерді шұғыл-стратегиялық қолданушы орган қызметі тапсырылды. Осы өзгерістердің барлығы «Басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да өзінің қорғанысқа қабілеттілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұраттарының бірі деп санайды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау» деген Елбасымыздың қадағалауында болды.
2012 жылы Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сержанттық корпусқа қатысты бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді: «сержанттар» сөзінің мағынасы нақтыланып, командалық құрамның өзіне сеніп тапсырылған жеке құрамды басқару ісін жүзеге асыратын, қарамағындағыларды оқыту мен тәрбиелеу міндетін атқаратын әскери қызметшілері санаты деп танылды.
Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының арқасында, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб жетекшілерінің қолдауымен Қарулы Күштердің сержанттық корпусы бүгінде өзінің даму жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Тәуелсіздік алуымызға байланысты, Қазақстан әскери қауіпсіздігінің негізін құру мақсатында, Тұңғыш Президент Жарлығымен аз ғана уақыт ішінде Қарулы Күштермен қатар, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар құрылып, күні бүгінге дейін еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақталуын күзетіп келеді. Мемлекетіміздің егемендігін күзетіп келе жатқан құрылымдар арасында тәуелсіз Қазақстан шекарасына қолсұғылмауына жауапты ҰҚК Шекара қызметі де бар.
Шегенделген шекара – қауіпсіздік кепілі
ҰҚК Шекара қызметі 1992 жылдың 18 тамызында құрылды. Қазақстанның Шекара әскерлерінің негізгі базасы болып КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шығыс шекаралық округінің құрамалары мен әскери бөлімдері саналады. Мемлекеттің Тұңғыш Президенті Жарлыққа қол қоюдан бұрын, 1992 жылы 9 тамызда Шонжы шекара жасағындағы «Баянкөл» (бекетін) заставасына алғаш рет барып, жеке құрамның жауынгерлік қызметімен, өмірі және тұрмыстық жағдайымен танысқанын айта кеткен жөн.
Араға жарты жыл салып, 1993 жылы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» заңдарын қабылдап, мемлекеттік шекарада республиканың ұлттық және аумақтық мүддесін сақтаудың құқықтық негіздерін белгіледі.
1996 жылы 17 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Шекара әскерлерінің Мемлекеттік шекараны күзету Тұжырымдамасын және 1996-2000 жылдары Мемлекеттік шекараны қалыптастыру және жайластыру, Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерінің құрылысы мен дамуы мемлекеттік бағдарламасын бекітетін Жарлық шығарды.
Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы жаңа заңнаманың қабылдануы маңызды оқиғаның бірі болды. 2013 жылы 16 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік шекарасы туралы» заңы қабылданды. Бұл заң мемлекеттік шекара туралы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттігі мен атқаратын қызметтерін нақтылауға бағытталды. Осы құжатпен «Қазақстан Ресубликасының мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» заңдары біріктірілді. Заң мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету міндетін атқару кезінде Қазақстанның өкілетті органдарының қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдарды қолдану шарттары мен талаптарын да анықтап берді.
Бейбітсүйгіштік – басты ұстаным
Айтып өту керек, Қазақстан Әскери доктринаны қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды, бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс мәселелеріндегі табандылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Әскери доктрина соғысты болдырмау жөніндегі шараларды да, Республиканың егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау тәсілдерін де көздеді. Сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік кезеңінде қауіп-қатерлер мен сын-қатерлер сипаты, геосаяси және экономикалық ахуал үнемі өзгеріске ұшырап отырды, осыған байланысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері де өзгергенін атап өткен жөн.
Жалпы, Елбасы Қазақстан Республикасының 5 әскери доктринасына қол қойды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлығымен Қазақстанның жаңа Әскери доктринасын бекітті.
Бесінші доктринада республикаға келіп-кетер ықтимал әскери қатерлерін ескере отырып, әскери-саяси, әскери-стратегиялық және әскери-экономикалық саладағы, мемлекеттің жұмылдыру дайындығы жөніндегі мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстанның әскери ұйымын дамыту жөніндегі негізгі шаралар айқындалған. Құжатқа сәйкес, Әскери доктрина қорғаныс сипатына ие және Қазақстанның дипломатиялық, саяси, құқықтық, экономикалық және басқа да әскери емес құралдардың ұлттық мүдделерін қорғау үшін басым пайдалануға бейімділігін көрсетеді.
Елбасының құқықтық мұрагері, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде Тұңғыш Президенттің жолын жалғастырушысы деп зор сеніммен айтып өтсек болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан ұлттық әскерге деген қамқорлықты байқаймыз. «Біздің алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді əскер қалыптастыру міндеті тұр» деген Мемлекет басшысы сөзін «Әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет. Отанына адал, кəсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен əскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болу керек», деген оймен тұжырымдады. Ел Президентінің отандық әскер мен күш құрылымдарына деген көзқарасы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Ұлттық әскерді құрудағы ұшан-теңіз еңбегінің жалғасы. Елбасы Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде де әскердің даму мәселесін назардан тыс қалдырмай, үнемі өз назарында ұстауы, отандық Қарулы Күштеріміздің болашағына алаңдау оның ғаламдық деңгейдегі тұлға ретіндегі көрегендігінің белгісі деп білеміз.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
генерал-лейтенант,
Парламент Мәжілісінің депутаты