• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Саясат 07 Шілде, 2020

Астана процесі

418 рет
көрсетілді

Сириядағы азаматтық соғыстың жүз мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік-биік мінберлерде айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда, Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Астана процесі ретінде танылған бұл жиынның тиімділігі бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Сирия келіссөздерінің оңтайлы жүргізілуіне бейтарап Астана алаңының тиімді болғанын кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран және Ресей елдері президенттерінің жылы лебіздерінен-ақ байқалады. Мәселен, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты. Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды», дегені есімізде.

Кремль басшысы В.Путин Сириядағы дағдарысты шешу мақсатында Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

«Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Қазақстанның бейтарап позициясы, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпауы беделді бітімгер екенін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп Астана процесіне лайықты бағасын берді.

Мұндай мазмұндағы пікірлерді өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері биік мінберлерден әрдайым мәлімдеп жүр. Еуропалық Парламент депутаты Андрей Мамыкин Сириядағы дағдарыста өз мүддесі бар тараптардың Астана алаңында кездесіп, бір үстел басында келіссөз жүргізгені көп нәрседен хабар беретініне басымдық танытты.

«Қазақстан тарапының араағайындық жасауымен Сирияда бітімге келе алмай жатқан тараптар өз мүдделерін алға тарта беруді тоқтатып, елдің болашағына алаңдаушылық білдіргенін көрдік. Әрине бұл жағымды жаңалықтың басы деп ойлаймын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың өзара мәмілеге келуі үшін барлық жағдайды жасады. Н.Назарбаевтың бұл еңбегі еш кеткен жоқ деп есептеймін» деді қарт құрлықтың депутаты елордаға келген сапарында.

Астана процесіне қатысты шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазғаны мәлім. Келіссөздердің әр раунды өткеннен кейін көлдей-көлдей мақалалар мен телевизиялық сюжеттерден бөлек арнайы сараптамалар да жазылды. Мәселен, түркиялық Daily Sabah басылымы елордадағы жиынның Сирия дағдарысын шешудегі рөлін жоғары бағалайды.

«Қазіргі таңда Сирияда бейбітшілік орнату бойынша өткізіліп жатқан Астана процесі Таяу Шығыс архитектурасын қайта құруға зор үлес қосып отыр. Женева келіссөздерін алмастыруды көздемейтін Астана процесі 2017 жылы БҰҰ-ның жиынына қосымша ретінде басталған.

Женевадағы бейбітшілік жөніндегі келіссөздерді қайта жаңғыртқан Астана процесінің арқасында Идлиб провин­циясында, көрші Латакия, Хама және Алеппода деэскалация аймақтарын құрылды. Гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу мақсатында Ресей мен Түркия келісімге келді», дейді Daily Sabah басылымы.

Осы орайда, мына мәселені ескере кеткен жөн. Астана процесі әлемдік геосаясат тақтасында тастарын арлы-берлі жүргізіп үйреніп қалған ойыншылардың қатысуынсыз-ақ Сирия дағдарысын шешуге болатынын көрсетті. Мұны келіссөздердің басы-қасында жүрген сарапшылар да мойындап отыр. Ресей Думасының депутаты Михаил Емельяновтың айтуынша, Астана процесінің сәтті жүргізілуінің нәтижесінде Ресей, Түркия және Иран кепілгер мемлекеттер ретінде келісімге қол жеткізді. «Осы үш мемлекет өңірлік мәселелерді жаһандық ойыншылардың қатысуынсыз-ақ шешуге қабілетті екенін көрсетті. Сирия дағдарысы АҚШ-тың араласуынсыз да шешіліп келеді», деді М.Емельянов.

France24 арнасы да Астана процесінің тиімділігі нәтижесінде Сириядағы деэскалация аймақтарын құруға жағдай жасалғанын айтады.

«БҰҰ-ның бастамасымен өткізілген Женева процесі негізінен саяси транзитке көңіл бөліп, 350 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған қақтығысты тоқтатуға қауқарсыз болды. Астана келіссөздерінің нәтижесінде деэскалация аймақтары құрылды», дейді France24.

Венада орналасқан Das Institut für Sicherheitspolitik инсти­тутының пайымдауынша, Астана келіссөздері Сирия дағда­рысын шешуде тиімді әрі пайдалы алаң екенін дәлелдеді.

«Астана процесі қарулы оппозициялық топтар мен Сирия билігін байланыстырып, келіссөз үстеліне әкелді. Атысты тоқтату мен деэскалация аймақтарын құру арқылы қақтығысты бәсеңдетті. Сондай-ақ оппозиция мен террористерді айыруға, көптеген бағытта арнайы комиссия құруға және Сочи конгресін өткізуге мүмкіндік жасады.

Қазіргі таңда Астана форматы өзінің мақсатын орындап, Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосты деп айта аламыз. Әйтсе де, келіссөз алаңын тиімді әрі сәтті жалғастыру үшін заманға қарай бейімделу керек. Қазірдің өзінде өзгерістер анық байқалса да, Астана форматы алдағы уақытта мына мәселелерді ескергені жөн: Иран, АҚШ және Сауд Арабиясы арасындағы текетірес, Иран қатысатын келіссөздерге кей елдің араласуға ықылас танытпауы, Еуропалық одақ пен АҚШ тарапының Сирия мәселесін басты күн тәртібіне шығармауы, Астана процесіне қатысушы мемлекеттердің кей мәселеде келіспеуі. Ендеше Астана келіссөзі аталған мәселелерді ескеріп, осы бағыттағы жұмысын жалғастыруы қажет», деп түйіндейді Das Institut für Sicherheitspolitik.

Астана процесінің 15-раунды наурызда өтуі тиіс болатын. Алайда әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты келіссөздер кейінге шегерілді. Таяуда Астана процесі аясында кепілгер мемлекеттер басшылары онлайн-конференция өткіз­ген-ді. Жиын барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Астана форматы Сирияның келешегіне жақсартуда зор рөл ойнайтынын жеткізді.

Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы бітімгершілік беделінің арқасында елорда араздасқан елдерді татуластыратын, бәтуаға жетелейтін іргелі ордаға айналды. Астана процесі Тұңғыш Президенттің қайраткерлігімен қоса, бас қаланың бейбітшіл ұстанымын әлемге әйгіледі.