Қазіргі таңда пандемия індеті барлық өңірде өршіп тұр. Соңғы мәліметке қарағанда, еліміз бойынша сырқатқа ұшырағандар саны 51 060 адамға жетіп, бұлардың 17 мыңдайы жазылып шықса, бақилық болғандар да баршылық, деп жазады Egemen.kz
Осы орайда, Qazaqstan Ұлттық телеарнасы республика тұрғындарына медициналық кеңес беру мақсатында, 9 шілдеден бастап маман дәрігерлердің қатысуымен тікелей эфирде "Теледәрігер" жобасын ұйымдастыруды қолға алыпты. Тележоба дүйсенбі-жұма күндері тікелей эфирде шығады деп күтілуде.
"Пандемиямен күрес басталғалы Ұлттық арна халықты ақпараттандыруға барынша күш салып келеді. Тікелей эфирде беріліп келе жатқан "Ниет", "Ашық алаң" бағдарламалары арқылы аталған тақырыпта күн сайын халыққа ақпарат таратып келді. Ал жаңадан қолға алынып отырған "Теледәрігер" жобасы көрермендер үшін тиімді болары анық. Өйткені" қарапайым бұқара жан-жақтан құйылып жатқан әртүрлі ақпараттар ағынының ақ пен қарасын ажыратып түсіне алмай сандалуда. Жаңа жоба осы үрдісті реттеуге арналмақ. Бағдарлама сұрақ-жауап формат түрінде ұйымдастырылып, студияға келген маман бір сағат бойы тек көрермен тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді", дейді "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагим.
Сонымен қатар тікелей эфирде телефон желісі, WhatsApp мессенджері, Skype сияқты кері байланыс орнатудың бірнеше платформасы қарастырылған көрінеді. Бағдарлама уақыты әзірге бір сағатқа жоспарланыпты. Егер тиімділігі артып жатса эфир уақытын ұзартатын боламыз, дейді ұйымдастырушылар.
Яғни тележобаға қатысушы білікті дәрігерлер бес күн бойы тікелей эфир арқылы көрермендермен тікелей байланысқа шығып, әлемді жаулаған коронавируспен күресу жолдарын түсіндірумен қатар, COVID-19 және өзге де аурулардан сақтану, алдын алу шаралары жайлы, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулықтар береді.
Бағдарлама барысында кез келген адам студиядағы +7 (7172) 75-71-71 нөміріне қоңырау шалу арқылы қажет сұрағына жауап алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ +7 775 9073163, +7 775 9073159 WhatsApp нөмірлеріне алдын ала бейнесауал жолдап, тікелей эфир уақытында дәрігер маманның кеңесін ала алады. Одан бөлек, дәрігерлерге Skype-байланыс арқылы сауал қою мүмкіндігі де қарастырылған.
"Жобаның негізгі мақсаты – ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру", дейді Ұлттық арна ұжымы.