Түркістан облысында 178 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оның 45-і инфекциялық және провизорлық госпитальдарға қойылған. Жетісай, Мақтаарал аудандарының кәсіпкер азаматтары демеушілік жасап, 6 ӨЖЖ аппаратын Жетісай қалалық ауруханасына пайдалануға берді. Өңірде жалпы тәуліктік қуаттылығы 650 тестке дейін полимеразды тізбекті реакциясы әдісімен 4 зертхана коронавирусқа қарсы тексеруден өткізуде, деп хабарлайды Egemen.kz
Түркістан облысындағы пандемия жағдайы бойынша Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі медициналық ұйымдарда коронавирустық инфекцияны диагностикалау және емдеу туралы хаттамасында көрсетілген дәрілік заттардың қажетті қоры жеткілікті екенін айтып өтті.
"Ал дәріханаларда тапшы болуының себебі – пайда табу мақсатында алыпсатарлық, екіншіден азаматтардың науқас болмаса да дәрілерді мөлшерден тыс сатып алуы. Сол себепті, облыста жұмыс істеп жатқан 921 дәріханада халықтың сұранысына орай дәрілік заттардың тапшылығы сезіліп отыр», деді Өмірзақ Шөкеев. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. «Жалпы облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөліп, Өзбекстан үкіметімен байланысқа шықтық. Көрші елден арнайы бір тізіммен дәрілерді әкелуге келістік. Бүгін облысқа екі жүк көлігімен дәрі жеткізілді. Халыққа ең керекті деген антибактериалды, антикогулянтты дәрілер келіп жатыр. Екінші, Денсаулық сақтау министрлігінің ықпалымен Түрік елімен байланысып, ол жақтан антибиотиктер мен басқа да сәлі күрделі дәрілердің бәрі жеткізілмек. Сондықтан екі айлық бізге керекті дәрілер осы бір аптаның ішінде облысқа тасымалданады. Сөйтіп барлық емдеу мекемелеріне таратылатын болады. Біз ол дәрілерді дәріханалар арқылы шектеулі бағамен сатуымыз керек. Және бір қолға босатылатын норманы белгілеп қоямыз. Өйткені көп жағдайда біздің тұрғындар дәрі-дәрмектерді керек болмаса да алып қоя беретін болған", деді Өмірзақ Естайұлы.
Облыс бойынша дәрілік заттардың бағаларына бақылау жүргізу мақсатында арнайы мониторинг топ құрылған. Сондай-ақ, карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын объектілерге тексерулер (мониторинг) жүргізу алгоритміне сәйкес Түркістан облысы қала, аудандары әкімдігінде мобильді топ жасақталған. Аталған топ дәріханаларды тексеру барысында 12 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Ол хаттамалардың 3-і жергілікті сот органдарына жолданып, 9 нысанға айыппұл салынған.
Онлайн-брифингте дәрігерлердің жағдайы да әңгімеленді. Өңірде 17 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеуде. Өкінішке қарай, 132 медицина қызметкері індет жұқтырған, 5 дәрігер пневмониядан көз жұмған, ал 24-і емделіп шыққан. Сондай-ақ облыс әкімі медицина қызметкерлеріне 2 млрд 867 млн теңге көлемінде үстемақы төленгенін жеткізді. Дәрігерлер тиісті қорғаныш жабдықтармен, арнайы киімдермен толық қамтамасыз етілген.