• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Шілде, 2020

Гендерлік теңдік: Мемлекеттік қызметтің маңызды буыны

1657 рет
көрсетілді

Адами ойлау жүйесінде Рабиндранат Тагордың: «Әйел бір қолымен сәбиін, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөзі қазір тағылымдық қағидаға айналып кетті. Өйткені ӘЙЕЛ-АНА тек өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймайды, сол ұрпақтың бақытты өмірін қамтамасыз етуге қажеттінің бәріне тікелей араласады. Адамзат тарихында бірде-бір дәуірлік өзгеріс, бірде-бір шешуші оқиға ӘЙЕЛ-АНАНЫ айналып өтпегені белгілі. Демек, гендерлік саясаттың тамыры тереңде, ол қазіргі заманның мұрат-мүддесімен ғана шектелмейді. Өмір талаптарымен, қоғамдық даму заңдылықтарымен біте қайнаса отырып, өзінің тұтас болмысын айқындайды. Қазақ елінің, тәуелсіз Қазақстанның гендерлік саясаты да, әртүрлі атаумен, әртүрлі шарықтау, іркілістерімен, осындай заңдылықтар аясында қалыптасты.

Бізге бүгін, яғни әлемдік ке­ңіс­тікте тәуелсіз дамудың тари­хи тұрғысынан алғанда, ұлт­тық кодымыз барынша сақ­талған өз жолымызды айқындап алу­дың маңызы ерекше. Ұрыс даласында да, бейбіт майданда да еңсесін ерлерше асқақ ұстаған қыздарымыздың ер­лігі, нәзік те қуатты рухани мәде­ние­ті, отба­сылық үйлесімнің шебер ұйым­­дас­ты­рушысы болған тағы­лым­дық тұлғасы енді үдерісті дамы­ған заманның талабына орай жаңа қырымен сомдалуда.

Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев гендерлік саясат­тың бүгіні мен болашағына ай­рық­ша назар аударды. Қазір Қазақ­стан – адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында теңдікті қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған бір­қатар маңызды шарттар мен конвен­ция­лар­ға қатысушы. Осы бағытта бір­қатар заң қабылданып, мемле­кет тарапынан тиісті шаралар әзір­лен­ді.

Мәселен, Президент жанын­да­ғы әйелдер мүддесін көздейтін, мем­­лекеттік органдар мен ха­лық­аралық және үкі­мет­тік емес ұйымдар арасын байланыстыратын Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жө­ніндегі Ұлттық комиссия 22 жыл бойы толассыз жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ 2017 жылдан бас­тап 2030 жылға дейінгі отба­сы­лық және гендерлік саясат тұжы­рым­дамасы іске асырылуда.

Президент Қ.К.Тоқаев жүр­гі­зіп отырған гендерлік саясатқа сәйкес, қазақ­стан­дық даму жағ­дайын­да еліміздегі әйелдер қауы­мына саяси және белсенді азамат­тық ұстаным тұрғысынан барынша басымдық беріліп келеді.

Өз кезегінде, Қазақстанның гендер­лік мәселелерді шешудегі үдемелі қоз­ға­лысын халықаралық сарапшылар да атап өтуде. Соны­­мен бірге медиа, ға­ламтор және білім беру жүйелері де хал­қы­мыздың гендерлік саясат хақындағы сауатының өсуіне зор ықпал етуде.

Заманауи әлемде мемлекеттік қыз­мет­те, жеке кәсіпкерлікте бол­сын, әске­ри істе, ғылымда және өзге де өмір­лік маңызды салаларда болсын әйелдердің орны айрықша екені белгілі. Сондықтан бүгінгідей даму жағ­да­­йында теңсіздіктің негізгі себеп­терінің бірі болып келген еңбекті бөлу жүйесі өзгеріп, ерлер мен әйелдер мамандығы арасындағы айырмашылықтар жойылуда.

Жасыратыны жоқ, әйел мүм­кін­дігін оның отбасындағы рө­лі­мен байланыстыру көзқа­ра­сының әлі де басымдығына қарамастан, әйелдер қауымының сая­си, экономикалық және қоғам­дық өмір­де тиімді шешімдер қабыл­даудағы белсенділігі ұда­йы артып келеді. Мәсе­лен, еліміз­де өткізілген сайлау науқан­дарының нәтижелері әйелдер сай­лау процесінің маңызды қаты­су­шылары екенін де көрсетті. Тіпті 2019 жылы өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ел тарихында тұңғыш рет президенттікке кандидат ретінде Дания Еспаева ұсынылды.

Жуырда Мемлекет бас­шы­сының Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің екінші отырысында партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер мен жастар құ­ра­уы керектігі жөніндегі бастамасы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заңда жүзеге асты. Қа­зір­гі таңда Парламент Мә­жі­лі­сіндегі әйелдердің саны – 26. Бұл көрсеткіштен ген­дерлік тең­дік мәселесінде мемлекеттік қыз­метшілер арасында айтар­лық­­тай ілгерілеудің бар екенін бай­қай­мыз. Мемлекеттік саясатты табыс­ты іске асыруда әйелдер минис­трліктер мен әкімдіктерде де айтарлықтай өз үлестерін қосып жүр.

Ел бойынша 50 мыңға жуық әйел мемлекеттік қызметті өзде­рі­нің кәсіби қасиеттері мен ман­сап­тық үміттерін іске асыру саласы ретінде таңдап отыр. Аталған көр­сеткіш мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің жалпы санының 55,7 пайызын құрайды. Бұл Италия, Бельгия немесе Испания сияқты Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы елде­рінің ұқсас көрсеткішінен асып түседі. Ал, басшы лауазымындағы тұлғалар арасын­да әйелдердің үлесі 40 па­йызды құрайды, яғни басқарушы лауазымдарда 9,5 мыңнан астам әйел қызмет етуде. Жоғары басқа­ру­шылық қызметтердегі бел­сен­ді­лігі олардың бәсе­кеге қабі­лет­ті, көш­басшылық қа­сиет­­тері жоғары екен­дігін көрсетеді.

Бір қуантарлығы, мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қыз­мет­­тердегі тұл­ға­лар арасында әйелдер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Биыл Қазақ­стан тари­хында алғаш рет облыс әкімі лауазымына әйелдер өкілі тағайындалды. Бүгінгі күні сая­си мемлекеттік қызмет­ші­лердің 49-ы әйелдер. Оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағалары, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрлері бар. Бұл ғана емес, әйел азаматтар сала және елді мекендер аясындағы ше­шім­дер қабылдаумен байланысты 500-ден астам басқарушы әкімшілік лауазымдарды атқа­руда.

Мұның бәрі гендерлік сая­сат­­ты заңна­малық деңгейде де, іс жүзінде де дәйекті іске асы­ру­дың арқасында мүмкін болды. Мәселен, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік қыз­­меті туралы» заңында мем­ле­­кеттік қызметке кіру кезін­де қандай да бір, соның ішінде жыны­сына немесе кез келген өзге мән-жайларға байла­ныс­ты кем­­сітушілікке жол бе­ріл­мей­ді. Бұл ұстаным Қа­зақ­­стан Рес­пуб­ли­касының Кон­ститу­ция­сы­ның нормаларынан туындайды.

Сонымен бірге агенттік кон­курс­тық рәсімдердің ашық­тығын қамтамасыз ету үшін жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуде, бұл – мемлекеттік қызметке түсуге тең мүмкіндік жасаудың маңызды алғышарты болып табылады.

Бес жылдан бері елімізде мем­ле­кеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істейді, оған көшу әйелдердің, оның ішінде бәсекелес және тең жағдайларда басшы лауазымдарға орналасу мүмкін­дігін арттырды. Мемлекеттік қыз­мет­ке орналасудың рәсімін одан әрі жеңілдету, оның ашық­ты­ғы мен қолжетімділігін арттыру үшін биыл агенттік бастамасымен осы бағыттағы ережелерге өзге­ріс­тер енгізілді.

Өзгерістерге сәйкес, енді үміт­кер­лер мемлекеттік бос орын­дар­­ға жарияланған байқауларға қажеттілік бойынша үйден шық­пай-ақ қатыса алады. Ол үшін құ­­жат­­тарды электронды пошта арқы­лы тапсыруға мүмкіндік берілді және ұсы­нылатын құжат­тар тізімі біршама қыс­қар­тылды.

Цифрлы технологиялар за­манының талаптарына сәйкес, кандидаттар үшін әңгімелесуден өтуді қашықтықтан бей­не байланыс құралдары арқылы жүргізу мүмкіндігі де қарастырылды. Әлеуетті бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді. Енді әрбір кәмелеттік жас­қа толған, әрекетке қабілетті азамат әңгі­мелесу барысында бақылаушы бола алады.

Жалпы 2019 жылы жүргізілген кон­курстарға 50 мыңнан астам адам қатысса, оның шамамен жартысын – 46,1 пайызын әйелдер құрады. Конкурс нәтижесінде тағайындалған әйелдердің үлесі – 46,2 пайыз. «Б» корпусының басқарушы лауазымдарына 10 мыңға жуық үміткердің 32,5 пайызы әйелдер болған және конкурс нәтижелері бойынша тағайындалғандар 32,1 пайызды құрады.

Мемлекеттік қызметшілердің отба­сы­­лық және мансаптық міндеттерді қатар атқарып, бос уақытын тиімді пай­да­лануына кең мүмкіндіктер қарас­ты­рылды. Бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдарда икемді жұмыс кестесі енгізілді, әкелер үшін декреттік демалыстарды танымал етуге назар аударылуда. Мемлекеттік қызметте еңбек уақытынан тыс жұмыс істеу айтарлықтай қысқарды.

2015 жылдан бастап қыз­меттік этиканы сақтау бойынша мониторинг жүргізу мен бақы­лауды іске асыратын Әдеп жөніндегі уәкіл инс­­титуты жұ­мыс істейді. Олардың қызметі заңнаманы бұзудың алдын алуға және барлық мемлекеттік қызмет­шілердің құқығын қор­ғауға бағытталған. Мем­ле­кеттік қызметтің қолданыстағы моде­лі қызметшілерді дамыту және олар­дың біліктілігін, қажетті білімі мен дағдыларын арттыру үшін ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады.

Даярлау, қайта даярлау және білік­ті­лікті арттыру институттары белсенді жұмыс істеуде. Бұл ретте гендерлік тақырыпқа да назар аударылады.

Мемлекеттік органдардың кадр­­лар бөлімдерінің басшыларын оқыту жүйесіне халықаралық оң тәжірибе негізінде әзірленген жұмыс пен отбасын байланыс­ты­ру бойынша тақырыптық са­бақ­тар енгізілді.

Сондай-ақ өңірлерде «Қазақ­стан Республикасындағы Отба­­сы­лық және ген­дерлік саясат­ты іске асырудың тұжы­рым­да­­ма­­сы», «Гендерлік және жас­­тар саясатының іске асырыл­уы», «Отбасы және ген­дер­лік саясат: өңір­лік сая­сат» та­қы­рып­тары бо­йынша мем­ле­кет­тік қыз­мет­ші­лерге арналған білік­ті­лікті арт­тыру семинарлары мен қайта даяр­лау курстары да жүр­гізілді.

Әрине дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет әзірге ерлер мен әйелдер арасындағы толық тең­дік­ке қол жеткізе алмай келеді. Дегенмен, бұл бағытта, сөз жоқ, игі қадамдар жасалуда.

Қазіргі әлемде гендерлік проб­­ле­ма және әйелдердің ерлер­мен тең құқығы жолындағы күрес арнаулы топтардың ғана емес, сондай-ақ жалпы қоғамда да белсенді талқылануы тиіс. Мұның қозғаушы күші – бүгінгі әйелдердің белсенді позициясы.

Халықаралық конвенциялар ген­дер­лік жүйедегі кедергілерді еңсеру бо­йынша көптеген шараны ұсынады, ең бастысы олардың бар екендігін мойындау. Дамыған елдердің тәжірибесі кешенді тәсіл пайдаланылатын елдердегі гендерлік саясат неғұрлым тиімді екенін көрсетеді.

Ең алдымен, гендерлік тең­сіздік – тарихи қалыптасқан дәстүр деген пікірден алшақтау қажет. Бұл ретте қоғамдық сананы жаңғырту, адами көзқарас пен қабылдауды өзгерту маңызды болмақ. Қазақ халқы әрқашан әйел затын қадірлеп, құрмет тұтып қана қоймай, олардың қоғамдағы айрықша рөлін де атап көрсетеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында жазушы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында адамзат қоғамының өркен­де­уіндегі әйелдің мол үлесін, жас ұр­пақ­тың тәрбиелі болып өсуіне ең алдымен қоғамдағы әйелдің хал-жағдайын түзеп, оңалту арқылы елдің гүлденуіне қол жеткізуге болатынын атап көрсеткен еді.

Көп жағдайда әйелдер туралы қа­лып­тасқан теріс бағыттағы көзқа­рас­тар олардың арасында өздерінің мүм­кін­діктеріне деген сенімсіздікті тудыруы мүмкін. Дегенмен жаһандану, ақ­параттың ашықтығы, ғылым сана­дағы кедергілерді жоюда жаңа мүм­кін­діктерге жетелеп келеді. Бүгінде әйел­дердің қоғамдағы рөлі ең алдымен өзінің таңдауымен, білімі мен қабілетін көрсете алуымен көрінеді. Ал ерлер мен әйелдердің тең құқықтары, әйелдерді қоғам өміріне белсенді тарту жолында қоғам мен билік тиісінше қолдау көрсетуге, адами әділдік ұстанымын жақтауға тиісті деп білемін. Әйел құқық­та­рын жүзеге асыруда кедергі болатын қауіп-қатерлерді еңсеру үшін мем­ле­кеттік органдар қоғамның басым бө­лігін тарта отырып, бейресми, ашық пікірталас алаңдарында, форумдарда барынша кең талқылау керек.

Қазіргі таңда, ашық және бәсе­ке­лестік тәртібінде мем­ле­кеттік қызметке орналасу мүм­кін­дігін пайдаланып, өзіне өзі өте сенімді және өз әлеуетін толық­­қанды іске асыру үшін көп­теген қыздарымыз және тәжіри­бе­лі әйел азаматшаларымыз мем­­лекеттік органдарда жігерлі қыз­мет атқаруда.

 

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы