Баршамыз хабардар болғанымыздай, Мемлекет басшысы өте орынды үндеу жолдады. Қазіргі ахуалға қатысты талдау жасалып, олқылықтар мен қажет шаралар тізілді.
Президент «әр қазақ менің жалғызым» дегенді әсерлі жеткізе білді. Үндеуде тапсырмалар беріліп қана қоймай, індеттен қайтыс болған марқұмдардың отбасына көңіл айтылып, 13 шілде Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бұл да еңсесі түскен елдің көңіліне медет. Бүгінгі күні маңызды мәселеге айналып отырған дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған нақты тапсырмалар айқындалды.
Әкімдіктердің, министрліктердің жұмысында кемшіліктер бар екенін және оның елеусіз қалмайтыны, кінәлілердің анықталып, тиісті жазаланатыны белгілі болды. Бұл менің көңілімнен шықты.
Тағы бір көтерілген мәселе алдағы күндері індетке қарсы күрестің шешуші кезеңі екені ескертілді. Бұл халықтың сеніміне оң әсер етіп отыр. Қарапайым халыққа жігер беріп, жақсылық жаршысындай болды. Шешуші кезең дегеннің өзі үлкен үмітке бастайды. Өйткені індетке қарсы күреске мемлекеттік деңгейде ауқымды шаралардың қолға алынатынын білу дәл қазіргі кезде қоғамға қажет еді. Мұндай сөздер дер кезінде, дәл қажет уақытта айтылды деп есептеймін.
Зейін ӘЛІПБЕК,
тележурналист