Шайбалы хоккейден елорданың «Барыс» және Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Брэндон Боченски ресейлік Чемпионат.com басылымының нұсқасы бойынша ҚХЛ-дің аңыз хоккейшілері қатарынан көрінді.
38 жастағы Брэндон Боченски АҚШ-тың Миннесота штатындағы Блейн қаласында 1982 жылы дүниеге келген. Сол жерде шайбалы хоккей өнерінің қыр-сырына қанығып, спорттық карьерасын жергілікті «Блэйн Бенгалс» клубынан бастаған. Кейіннен Канаданың «Оттава Сенаторз» командасында өнер көрсетіп, бір жылдан соң еліне оралды. Ал 2010 жылы Қазақстанға қоныс аударып, табаны күректей 10 жыл «Барыспен» табысты нәтиже көрсету үшін барын салды. Астанаға келе салып Боченски «Барыстың» үздік сұрмергені атанып, жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналды. Елорда командасымен бірге ол ҚХЛ-дің Чернышев дивизионында топ жарып, Гагарин кубогы жолындағы жарыстың екінші плей-офф кезеңіне дейін жетті.
Боченски 2015 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдап, ұлттық құрамамен бірге әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарына іріктеу матчтарына қатысып, талай белесті бағындырды. 2019 жылы карьерасын аяқтап, спортпен қош айтысқанын мәлімдеді. Сол жылдың желтоқсан айында «Барыс» өзінің үздік сұрмергеніне лайықты құрмет көрсетіп, жейдесін «Барыс Аренаның» төріне ілді.