Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттығына өңірлер бойынша кандидаттар ұсыну қорытындылары баяндалды.
Комиссия отырысы коронавирус індетінен қайтыс болғандарды еске алумен басталды. ОСК төрағасы Берік Имашев бір минут үнсіздік жариялап, «Бүгін – пандемиядан құрбан болған отандастарымызды Жалпыұлттық аза тұту күні. Сайлау жүйесі қызметкерлерінің арасында да ауыр қаза бар. Алматы облысы Текелі қаласының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бәкен Жаманқұлов қайтыс болды. Бәкен Түзелбекұлының туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Осыған орай бір минут үнсіздікпен барлық қаза болғандарды еске алуды ұсынамын», деді.
Отырыс барысында Парламент Сенаты депутаттығына 94 кандидаттың ұсынылғаны мәлім болды. «2020 жылғы 13 маусым мен 12 шілде аралығында республика бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына барлығы 94 кандидат ұсынылды. Салыстырмалы түрде, 2017 жылы Сенатқа кезекті сайлауда 89 кандидат ұсынылса, 2014 жылы – 88, 2011 жылы – 96 кандидат ұсынылған болатын», деді ОСК төрағасы Берік Имашев.
Осылайша Парламенттің Жоғарғы палатасының депутаттарын сайлаудың соңғы төрт сайлау науқаны бойынша сенатордың бір мандатына ұсыну қорытындысы бойынша орташа есеппен 5-тен астам үміткер келеді.
Биыл үміткерлердің көпшілігі Алматы облысынан. Комииссия ұсынған дерекке сәйкес, Алматы облысынан 9, Нұр-Сұлтан қаласынан 8, Алматы қаласынан 7 адам ұсынылған, ал Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан 4 үміткерден тіркеліп, төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.
Қазіргі сайлау барысында Сенатқа өзін өзі ұсыну құқығын пайдаланған 82 кандидат бар, яғни 87%-ды құрап отыр (салыстырмалы түрде, 2017 жылы 92,1%, 2014 жылы 82,9%, 2011 жылы 82,7%). Бұл ретте мәслихаттар 12 кандидат ұсынды (2017 жылы 7 немесе 7,9%).
Сондай-ақ Б.Имашев сайлау науқандарындағы әйелдердің саяси белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған үміткерлердің ішінде 19 әйел бар (2017 жылы – 13, 2014 жылы – 5, 2011 жылы – 6).
Үміткерлердің орташа жасы 51,1-ді құрайды (2017 жылы – 51,9, 2014 жылы – 54,1; 2011 жылы – 53,3). Ең жас үміткер 30 жаста, үміткерлердің алды 69 жаста.
Биылғы депутаттыққа үміткерлердің 29-ы инженер, 20-сы экономист, 12-сі педагог, 10-ы заңгер, 10-ы аграрлық сала қызметкері болса, жетеуі дәрігер, үшеуі журналист екен. Оларға қоса 1 саясаттанушы бар.
Ұсынылған кандидаттардың арасында коммерциялық құрылымдардың 38 қызметкері, мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің 23 қызметкері, 18 мемлекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілі, 2 жұмыссыз бар. Сондай-ақ қызметтегі 4 сенатор өз кандидатураларын қайта ұсынды.
Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі әлі жүріп жатыр, ол 2020 жылдың 23 шілдесіне дейін жалғаспақ. Биылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына 62 кандидатты тіркеді.
Отырыста сайлау науқаны сайлау заңнамасына сәйкес өтіп жатқаны және Орталық сайлау комиссиясының тұрақты бақылауында екені ескертілді.