Түркістан облысында полицейлер бірнеше аккумулятор ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайрам ауданының полициясына жергілікті тұрғындар шағымданып, тұрақта тұрған жеңіл автокөлік және жүк көліктерінің аккумуляторлары ұрланғаны туралы бірқатар арыздар түсірді. Жәбірленушілердің бірінің хабарлауынша, оның “Камаз” маркалы автокөлігінен белгісіз адамдар екі аккумуляторын алып, 60 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Сол күні автоұры 1-2 сағат ішінде тағы бірнеше автокөліктен аккумуляторларды жымқырып кеткен. Аталған жайттар Сайрам АПБ–мен СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР ҚК–нің 188-бабы “Ұрлық“ бойынша тіркелді.
Аккумулятор ұрлаушыны ұстау мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жинақталған ақпарат көздері арқылы Шымкент қаласы көшелерінің бірінен күдіктіні құрықтады. Ол бұрын сотталған, мегаполистің тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында күдіктінің төрт аккумулятор батареяларын ұрлауға қатыстылығы анықталды. Ұрланған мүлікті автоұры Шымкент қаласындағы металл қабылдау бекетіне өткізіп, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 250 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұрланған мүліктің бір бөлігін айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды.