Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режімде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деген болатын.
Ал әкімдер технология ұсынған мол мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланып жүр? Әлеуметтік желі қазақстандық әкімдер үшін халықпен байланыс тетігі бола алды ма? Халықтың қызметінде жүрген барлық деңгейдегі басшылардың қоғаммен, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі, көпшіліктің, сондай-ақ жекелеген тұрғындардың мұң-мұқтажына, мәселелеріне қаншалықты деңгейде мән беретіні олардың өз лауазымы құзыретінде атқарып жатқан еңбегінің бір өлшемі іспеттес. Бүгінде халықпен байланысудың бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тетіктерінің барлық тарапқа ыңғайлы әрі уақыттың ұтымды баламасы саналатын интернет ресурстары, оның ішінде әлеуметтік желілердің түр-түрі қолданысқа енгізілген қазіргі кезде атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасының деңгейі олардың аталған желілерді өз қызметінде қолдану белсенділігімен өлшенетін кезеңге қадам бастық.
Әрине басқаны айтпағанда, билік өкілдерінің, әсіресе барлық деңгейдегі әкімдердің интернет ресурстарындағы, әлеуметтік желілердегі белсенділігін әр қырынан қарастыруға болады. Мәселен, бір әкімдер желілерді өздерінің жұмысын жарнамалауға, іссапарларын, жиындарда сөйлеген сөздерін насихаттауға, халықты түрлі мерекелермен құттықтауға ғана пайдаланып, біржақты кетуі мүмкін. Бұл Президент тарапынан осы тұрғыда қойылып отырған талаптың, халық сұранысының түпкі мәнін ашатын іс-әрекет емес. Билік өкілдері өз құзыреттеріне қатысты мәселелерді шешуде, оны қоғаммен талқылауда, азаматтардың қоғамдық түйткілдердің әсерінен туындап жататын жекелеген талап-тілектерін тыңдауда және басқа да қажетті істерде аталған құралдарды тиімді әрі ұдайы пайдалануы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық тілегімен үндесіп жатқан талабының өзегі де осы.
Осы орайда бүгін біз республикалық маңызы бар қалалар мен облыс басшыларының әлеуметтік желілермен «қарым-қатынасына» қатысты байқағандарымызға қысқаша тоқтала кетсек.
Елорда әкімі А.Көлгіновтің жеке парақшасындағы 788 жазбадан оның әлеуметтік желідегі белсенділігі Батыс Қазақстан облысының әкімі болып жүргенде басталғанын көреміз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жазбаларындағы өтініштер мен шағымдарды елорданың 4 ауданының әкімдіктері мен қала әкімдігіне қарасты iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жіті бақылап отырады.
Тұрғындарға аталған парақшалардан жауап беріліп, өтініштері тіркеуге алынады. 117 мың жазылушысы бар әкім республика астанасының тыныс-тіршілігімен, жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Бұған қоса әкімнің Twitter-дегі парақшасында да жазбалары жарық көреді. Алайда оның осы платформадағы жарияланымдарында тек мерекемен құттықтаулар, Мемлекет басшысының жазбалары ғана көрініс береді.
Соңғы күндері елорда тұрғындарының дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне байланысты шағымдарына әкімдіктің баспасөз қызметкерінің жеке парақшасынан «жұмыстар жүргізіліп жатыр» дегенге саятын дайын жауаптар қайтарылған. Сонымен қатар жоғарыда аталған iKomek орталығы азаматтардың аты-жөні мен телефон нөмірлерін анықтайды. Алайда анықталған ақпарат бойынша кері байланыс орнап, не мәселенің шешілгені туралы белгі жоқ.
Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев 2019 жылы 1 шілдеде әлеуметтік желілерде парақша ашқанын хабарлап, қала өмірін бірлесіп жақсартуға шақырған. 256 мың оқырманы бар әкім парақшасынан халықтың өтініштеріне жауап қатқаны байқалмайды. Дегенмен, Алматы қаласы əкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің атынан «шағымдарды тіркедік» деген немесе мән-жайды анықтап сұраған жазбаларды көруге болады.
2020 жылдың басында Шымкентке әкім болып тағайындалған М.Әйтенов жаңа қызметіне тағайындалысымен әлеуметтік желіде ресми парақшаларын ашты. Парақшаны 46,3 мың оқырман оқиды. Тұрғындардың қызу талқысы көбіне әкімді жақтау не даттаумен шектеледі. Нақты мәселелер көтеріліп, шағымдар жазылған пікірлерге жауап қайтарылмаған. Кейбірі дәрі-дәрмекті қымбатқа сатып жатқан дәріханаларды тізгенімен, әкімдік қызметкерлерінің ол ақпаратқа қатысты үн қатқанынан белгі жоқ.
Алматы облысының әкімі А.Баталов Instagram желісіне тіркелгеніне көп болмаған. Алғашқы жазбасын былтыр сәуірдің 14-інде жариялап, әлеуметтік желіні конструктивті диалог құруға мүмкіндік беретін тың тәсілдің бірі болады деп есептейтінін хабарлаған. 25,8 мың оқырманы бар аймақ әкімі парақшасында жетісулықтарды мерекелерімен құттықтап, өңірдегі жаңалықтарды бөлісіп отырады. Алайда жазба астындағы халықтың пікірі оқылып-оқылмайтынынан ақпарат жоқ. Алғашқы жазбаларында әкім өздерін қабылдауын сұраған азаматтарға жеке хабарлама жазуды өтінсе, одан кейін кері байланыс байқамадық. Ал Амандық Баталов өз кезегінде Алматы облысына қарасты аудандардың әкімдерінің парақшаларына жазылған. Бұл әкімнің облыс аудандары басшыларымен әлеуметтік желілер арқылы байланысып отыратынын білдіреді.
Батыс өңірінің әкімдері Facebook желісін құп көрсе керек, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының әкімдері аталған желіден парақша ашқан. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өз парақшасы арқылы ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаумен шектелген. Наурыздың ортасында елде төтенше жағдай енгізілетінін хабарлағанымен, індетке қатысты өзгерістер мен жаңалықтар жарияланбаған. Дегенмен де наурыз, 1 мамыр мерекелеріне арналған арнайы құттықтау видеолары бар. Әкім парақшасынан байқағанымыздай, Оңдасын Оразалин жерлестерін мерекелерде видеомен құттықтауды дәстүрге айналдырған.
Ал Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев әріптестері секілді желі арқылы жаңалықпен бөлісумен қатар түскен өтініштердің көбіне жауап жазып, жағдайды назарға алатынын хабарлап отырады. Ал Маңғыстау облысы әкімінің парақшасынан маңғыстаулықтардың белсенді екені байқалады. Халық әкімді белгілеп, аймақтағы мәселелерді ашық жазған. Дегенмен бұған әкім тарапынан жазылған жауапты көре алмадық.
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің жеке парақшасы табылмады. Бірақ Facebook-те Түркістан облысы әкімдігінің парақшасы бар. Аймақтағы жаңалықтардың барлығы сол парақшада жарияланған, дегенмен халықпен онлайн байланыс жоқ.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің парақшасынан өңірдегі ахуалдан ақпарат алғанмен, желі арқылы халықпен қарым-қатынастың ақсап тұрғаны көзге ұрып тұр. Әкімнің кейбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларды белгілеп, тапсырма бергенін байқауға болады. Дегенмен ол тапсырманың орындалғаны туралы ақпарат берілмеген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың парақшасы да әкім жұмысының есебімен шектелген. Пікірлерден жамбылдықтардың әкімге деген оң көзқарасын байқауға болады. Әйтсе де аймақтағы олқылықтарды жазғандар да аз емес. Павлодар, Қостанай, Қызылорда облыстары әкімдерінің парақшаларынан да халықпен байланысты көре алмадық.
Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбектің Facebook желісіндегі парақшасында мыңнан астам «досымен» қатар 5 814 жазылушысы бар. Оның басқалардан бір ерекшелігі – әр жазбасынан кейін пайда болатын «диалог алаңына» араласуы. Жеңіс Қасымбек пікірлердің барлығына болмаса да, маңызды дегеніне жауап беріп, халықпен кері байланыс орнатқан жалғыз әкім ретінде көрінді.
Жалпы, індет салдарынан оқшауланған азаматтарымыз электронды үкімет пен виртуалды қызметтерге жүгінуге мәжбүр болды. Бұл әкімдерге халықпен кері байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік туғызып отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет-ақ.
Жоғарыдағы қысқаша шолуымыздан республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері әлеуметтік желілердің мүмкіндігін халықпен кері байланыс орнатуда тиімді қолдана алмай отырғаны аңғарылады. Мұны сөз болған әкімдерге ғана емес, барлық атқарушы билікке тән жағдай деп қарастыруға да болатындай.
Қорыта айтқанда, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда негізгі тетіктердің бірі саналатын әлеуметтік желілерді тиімді әрі белсенді қолдану өмірдің өзі көлденең тартып отырған маңызды міндет. Бұл міндет еңсерілмесе, аталған тұжырымдаманың өзегі – халықпен кері байланыс орнату ісі өз жүйесін таппайды деген сөз. Қалай десек те, мемлекет халық үніне құлақ асуы тиіс. Президенттің басты талабы, халықтың қалауы осы.