• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 17 Шілде, 2020

Бақыт Однайұлы: «Күреске күш емес, ақыл керек»

979 рет
көрсетілді

Еркін күрес түрінен әлем кубогының қола жүлдегері (1981) және әлем біріншілігінің кіші қола медаль иегері (1986), Моңғол елінің төрт дүркін чем­пионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спортқа еңбек сіңірген қайраткер Бақыт Однайұлы – 1954 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қалашығында дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң ел астанасы Ұлан-Батырға аттанып, сонда еркін күрес үйірмесіне қатысады. Жаттығуға кіріскеніне жыл толмай жатып, қалалық және аймақтық біріншіліктерде үздік өнер көрсетіп, 1974-1975 жылдары Моң­ғолия жастары біріншілігінде 2 мәрте топ жарады.

Бақыт балуан Шыңғыс қаған елінде аса танымал тұлға. Моңғолдың көптеген  қаламгер-журналистері оны кейіпкер етіп көлемді очерктер жазды. Мысалы, 1997 жылы Ұлан-Батыр қаласында шығатын «Өнөөдөр» («Күнделік») атты газеттің 16 қаңтар күнгі санында Р.Чулуун есімді журналист: «Бақыт Однайұлы тау қыранындай күрес кілеміне жұлқынып шыққанда көрермен қатты сүйсінуші еді. 1970 жылдары моңғол балуандары дүниеге таныла бастаған кез. Әсіресе еркін күрес түрінен бәсеке күшті болды. 1974-1975 жылдары Бақыт қиырдағы қазақ ортасынан келіп, жастар арасында чемпион атанды. 1976 жылы ересектер арасында ел біріншілігі Забқын аймағында өтті. Осы додаға тұңғыш қатысқан 22 жасар қазақтың баласы Бақыт 82 килода күресіп, қола медальға ие болды. Келесі жылы салмағы күрт өсіп 100 килоға жетіп, әлем чемпионы Х.Баянмукеден ғана жығылып, күміс медаль қанжығалады. Осы жетістігін қатарынан төрт жыл қайталады. 1980 жылы осы салмақта топ жарып, 1985 жылға дейін ешкімге дес бермеді. 1986 жылы 130 кило салмаққа ауысып 1988 жылға дейін алдына жан салмады...» деп жазыпты.

Сол сияқты өте танымал «Бөх» («Балуан») газетінің 1999 жылғы кезекті са­нында Б.Онқа атты зерттеуші былай депті: «Бойы – 190 см, салмағы – 125 кило, кеудесінің көлемі – 130 см, қою қара қасты, еңгезердей осы бір қазақ азаматын көргенде көз тояды. Еркін күрес түрінен 1980 жылы Мәскеу олимпиадасына және 1983-86 жылдары қатарынан үш дүркін әлем чемпионатына қатысты. 1986 жылы әлем біріншілігінің кіші қола медалін алып келді. «Ізгі ниет» ойындарының және халықаралық Интернационал сайысының екі дүркін жеңімпазы. Халықаралық үлкен турнирлерден 4 алтын, 11 күміс, 6 қола, жалпы саны 80-нен астам медаль алған қазақ ұлтының ұланы»

Мүмкін, тарих үшін қажет болар, 1964 жылы Токио олимпиадасына қатысқан моңғолиялық Р.Алданыш атты желаяқ қызымыздан кейін, 1980 жылы Мәскеу олимпиадасына қатысып +100 кило салмақ дәрежесі бойынша жарысқа түскен екінші қазақ – Бақыт Однайұлы екен. Бақытқа Олимпиада жүлдесі бұйырмапты. Бастапқы екі белдесуде жеңіске жетіп, үшінші кезекте әйгілі кеңестік балуан Сослан Андиевтен жеңілген. С.Андиев осы жолы Олимпиада чемпионы атанды.

Даңқты балуан өз дәуірінде Олим­пиада  және әлем чемпиондары мен жүл­дегерлері: Сослан Андиев (КСРО), Б.Баугартнер (АҚШ), Д.Гобеджешвили (КСРО), И.Болла (Венгрия), Б.Молла (Канада), А.Сандурски (Польша), А.Шрейдер (Германия), Касимиков (КСРО), Хабелев (КСРО), Роботка (Венгрия) т.б. алыптармен иық тірес­тіріп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген азамат.

Әсіресе 1981 жылы еркін күрестен АҚШ-тың Толеда қаласында өткен Әлем кубогында қола медаль, 1986 жылғы Әлем біріншілігінде кіші қола медальға қол жеткізді. Өз басым ағамызбен көптен дәмдес-сырлас жүрген жайым бар. Бақаң бір қарағанда тұйықтау көрінгенімен қазақы әңгімені баптап айтқанда мейірің қанып тыңдайсыз. Сонымен, елордаға ат басын бұрған кезекті сапарында Б.Однайұлын әңгімеге тарттық:

–  Бақыт аға, спортқа қай кезден бастап ден қойдыңыз?

– 1971 жылы 10 жылдық орта мектепті бітірген соң ешқандай оқуға түсе алмай далада қалып қойдым. Ұлан-Батырда апа-жездем тұратын. Салып ұрып сонда бардым. Апайым: «тіл үйрен, елмен таныс» деп, өзі жұмыс істейтін ұн өндірісіне «электриктің кө­мекшісі» деген жылы орынға жайғастырды. Менің сорайған бойымды көріп өнді­рістің волейбол командасының жат­тықтырушысы шақырып алды да, доп ойнауымды талап етті. Менен волейболшы шығады деп ойласа керек.

– Сізден волейболшы шықты ма?

– Спорттағы алғашқы медальды осы волейболдан алдым. 1973 жылы жастар арасындағы республикалық біріншілікте біздің команда жүлделі үшінші орынға ие болды.

– Күресті қашан бастадыңыз?

– Күресті 20 жасымда бастадым. 1974 жылы ойда жоқта  еркін күреске келіп қатысып, екі айдың ішінде жас­­тар арасындағы біріншілікте 84 кило салмақта топ жардым. Іле-шала Сол­түстік Кореяның Пхеньян қаласын­да өткен «Олимпиада үміттері» атты халықаралық жарысқа қатысып, алғаш­қы алтын медальға қол жеткіздім. Келесі жылы тағы да жастар арасында чемпион болдым. Осылай менің күрестегі күндерім басталды.

– 1976 жылы ересектер қатарына өттіңіз...

– 1976 жылы ересектерге өттім.  Салмағым 82 кило. Ел біріншілігіне Бай-Өлке аймағы атынан қатыстым. Моңғол балуандарында ұнамсыз бір әдет бар. Олар өз елінде басқа ұлттың адамынан жеңілуді құп көрмейді. Егер жеңілген жағдайда өзгелері  оны келекелеп мазақ етеді. Мен қола медаль үшін Батшулун деген балуанмен кездестім.  Сұмдық намысшыл екен. Тік шапшып, едірең-едірең етеді. Мен де қарап қалмадым, тұқыртып тұрып, әлгіні әрі-бері төңкердім. Төреші менің қолымды көтерді. Жеңілген жігіт кілемнен тұрмай жатып алды. Оны командаластары зембілге салып әкетті.

–  1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасына қатыстыңыз...

– 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында күрестім. Мен күресетін салмаққа әлемнің 33 елінің 151 палуаны қатысты. Салмағым 100 килодан жоғары болатын. Осетин жігіті Сослан Андиевтен жеңілдім. Ол Олимпиада чемпионы болды.

– Сіз еркін күрестен  Әлем кубогы мен Әлем біріншілігінен медаль алған Моңғолиядағы тұңғыш қазақ екенсіз. Тағдыр осындай ғажайып мүмкіндік сыйлапты. Осы күрестеріңіз жайында тарқатып әңгімелеуге қалайсыз?

– 1981 жылы Әлем кубогы жолын­дағы күрес АҚШ-тың Толеда қаласында наурыз айының 28-29 күндері өтті.  Бұған әр құрлықтағы үздік командалар шақырылды. Азия құрлығы атынан моңғол балуандары бардық. Ол заманда жарыстың өзіндік ерекшелігі бар еді. Бүгінгідей командалар бетпе-бет күресіп, есеп айырыспайтын. Әрбір салмақтағы балуандардың жекелей көрсеткіші бойынша команданың ұпайы түгенделетін.

Содан опыр-топыр күрес басталды. Бір заманда аңдасақ, біздің команда мен тағы бір  команданың ұпайы теңесіпті. Елдің бәрі күресіп біткен. Күреспеген 100 килодан жоғары салмақта жалғыз мен қалыппын. Кім жеңеді, соның командасы Әлем кубогының қола жүлдегері атанбақ.

Бұған дейін Моңғолия балуандарына мұндай мүмкіндік бұйырмаған. Командаластарымының көзі жаудырап маған қарайды. Олардың жанарынан: «Бақыт, бізді жерге қаратпа!» деген жанайқайды оқыдым. Осылай бір сұрапыл шайқас басталды. Ақырында мен жеңдім. Қорытынды есеп бойынша Кеңес одағы балуандары бірінші орын, америкалықтар екінші орын, біздің команда үшінші орынға иелік етті. Осылай Әлем кубогының жекелей салмақта да қола медалін алған жайым бар.

– Бұл оқиға туралы сол тұста Моң­ғолия баспасөзінде көп жазылыпты. Тіпті сізді «ұлт батыры» ретінде сипаттапты...

–  Біз жеңіс алып келген соң үкімет адамдары қабылдады. Елдің басшысы қолымды қысып, рахметін айтты. Мемлекеттік награда – «Алтын Жұлдыз» орденін кеудеме тақты.

– 1986 жылы сіз Әлем чемпионатына қатысып, кіші қола медаль алған екенсіз. Осы оқиғаны тарқатып көрсек?

 – 1986 жылғы әлем біріншілігі қазан айының 19-22 аралығында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтті. Мен 120 килодан жоғары салмақта күрестім. Осы салмақ бойынша бас жүлде Америка балуаны Брюс Баугартнерге бұйырды.  Екінші орынға Кеңес елінің балуаны Давид Гобеджешвили ие бол­ды да, үшінші орынға шыққан гер­ма­ниялық балуан Адреас Чордер екеуміздің ұпайымыз теңесіп қалды. Сөйтіп А.Чордер қола медаль алды да, маған кіші қола медаль бұйырды. Осы жетістігім үшін маған «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді.

– Үлкен спортта қиянат көп болады деп жатады, сондай жағдай ба­сыңыздан өткен жоқ па?

– Талай қиянатты бастан кешірдік. Бір жылы еркін күрестен Азия біріншілігі Үндістанда өтетін болды. Баратын команда құрамына мен де кірдім. Үндістан капиталистік ел болғандықтан баратын спортшылар құрамы Орталық комитетте қаралып, бекітіледі. Осы тізім бойынша Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын виза береді.

Қазіргі танымал дипломат Сайран Қадырұлы Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаратын. Үйге Сәкең келді сүйінші сұрап: «Ойбай, Бақыт, Азия біріншілігіне баратын болдың, бізге тізім келіп түсті, ішінде сенің аты-жөнің бар» деді. Содан әпке-жездемде ес қалмады. «Үндістан ыстық ел, күн өтіп кетпесін» деп әдемі ақ сұр костюм сатып алып кигізіп қойды. Ертең аттанады деген күні ағайын-туғандарды шақырып, кішігірім той жасадық.

Таңертең ерте әуежайға келсем, бізді бастап баратын бастықтар: «Бақыт, сен бармайтын болдың, орныңа басқа бал­уан барады. Сен әлі жассың, болашағың алда!» деп, маңырап тұр. Өмірімде осылай құлазып көрмеген шығармын. Сенделіп, көк соққан текедей әуежайда қалып қойдым. Осындай күндер де өткен біздің бастан...

– Шыныңызды айтыңызшы, спортта қазақы қаныңызға тартып, намысқа басқан кезіңіз болды ма?

–  Тағы бір жылы мынадай оқиға болды. Алпыстан астам атақты балуандар жиналып моңғолдың ұлттық күресінен бәсекеге түстік. Таңертең басталған күрес түс ауғанда барып орталады. Ең соңында екі  балуан қалдық. Содан әрі арбастық, бері арбастық, алыстық-жұлыстық, жығыса алмадық. Көрермен жалыға бастады. Олардың көңілін аулап әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі құйқылжытып музыка ойнады. 

Бір кезде құлағыма өте таныс әуен шарықтай жөнелгені. Байыптап тыңдасам, Абайдың «Көзімнің қарасы» екен. Шіркін, сыңсып тұр. Қу ме­диен дала, құмы көшіп, киігі жүгірген Ғобының құба шөлінде Абай атамның әні. Тұла бойыма тылсым күш келіп құйылды. Әннің шумағы көтерілген тұсында мен де қарсыласымды тік көтеріп, басымнан асырып лақтырдым. Даланың қайрақ құмын қауып жығылған қарсыласым: «Мына қазақты қарашы, ұлтының әні естіліп еді өзінен өзі құтырынып кетті» деп күңкілдеп жатты.  Оған қарап тұрған мен жоқ, басынан аттап, тайраңдап жүре бердім. Осындай да қызық болады екен.

–  2000 жылы сіздің ғұмырбаяндық тарихыңыз жазылған  «Нар тұлға» ат­ты кітап жарық көріпті. Осы кітап­та қа­зақтан шыққан танымал режиссер Сұлтан Қожықовпен жолығып дәмдес болғаныңыз жайлы деректі көзіміз шалды. Қалай, қайда жүздесіп жүрсіздер?

– 1981 жылы Грузияның астанасы  Тиблиси қаласында еркін күрестен «А» кластық халықаралық турнир өтті. Дәл кілемге шыққалы тұрып  әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов ағамен таныс­тым. Марқұмды бұрында «Қыз Жібек» фильмінің режиссері ретінде білетін едім. Менің қазақ екенімді естіген жерде еңіреп жетті. Аршындап келіп: «Ай, бауырым-ай, арысым-ай, батырым-ай, бар екенсіңдер ғой, қазақтың атын шығарып жүрген сенен айналайын!» деп, бас салды. Күжірейіп тұрған мені шолпылдатып сүйіп жатыр. Қасымдағы моңғол балуандары аң-таң... Екі қазақ сүйісіп жатырмыз. Кілем мен күрес жайы­на қалған.

– Содан...

– Содан есімді жисам бапкерім «кілемге шық» деп ұрсып жатыр екен. Менімен күресетін түрік балуаны бая­ғыда кілемге келіп алған, күтіп тұр. Оның да салмағы 120 кило, көзінің ағы ай­налып, қызарып кеткен, қаңтардағы жараған бура секілді біреу. Тегі кезінде Кеңес елінен қашқан кавказдықтардың тұ­қымы болар деп жорамалдадым, басы қазан­дай, үсті басын жүн басқан таудың жабайы аюы сияқты ыңыранады-ай келіп.

Кілемге беттеп бара жатып, артыма бұрылып қарасам, Сұлтан ағам шөке түсіп отырып қалыпты. Екі алақанымен бетін көлегейлеп алған. Тегі мені же­ңіледі-ау деп ойласа керек, тәңірісіне жалбарынып жатыр. Шіркін, қан деген бөлек қой, шиыршық атып шыға келдім. Төрешінің ысқырығымен қоса қарсыласыма оқша атылдым.  Бейшара бейқамдау адам екен, сып етіп аяғына өтіп  кеттім. Аш белінен орай ұстап, өзім шалқая беріп оң қапталға лақтырдым. Топ етіп екі ұпай қоржыныма түсе қалды.  Қайта белдестік, екінші кезең тең аяқталды. Ақырғы белдесуде артына шығып кетіп тағы бір ұпай алдым. Анау шетте тыпыршып тұрған Сұлтан ағама көзімнің қиығын салып қарап қоям. Жарықтық мәз-мәйрам, арқа-жарқа. Менің жеңісіме әйелі ұл тапқандай қуан­ды. Сол күні Сұлтекең ең үлкен мей­рам­ханаға дастарқан жайып менің құрметіме күллі команданы қонақ етті.

– Қазақтың даңқты балуаны Әбіл­сейіт Айхановты аға әрі ұстаз тұтатын көрінесіз, оның себебі қалай?

– Әбілсейіт Айханов ағаммен алғаш 1983 жылы  ойда жоқта ұшырастым. Сол жылы қыркүйек айының 11-14 аралығында Киев қаласында еркін күрес­тен әлем біріншілігі өтті. Оған әлем­нің 25 елінен 150 балуан қатысты. Мен бесінші орын иелендім. Әбіл аға келіп  құшағына басты. Ақ батасын берді. 

Одан кейін Әбіл ағам 1984 жылы Ауғанстан елінің құрамасын бастап Ұлан-Батыр қаласында өткен жарысқа келіп қатысты. Үйіме шақырып дәм татырып жібердім.

Үшінші рет ағамен 1986 жылы Кабул қаласында  ұшырастым. Ауғанстанда Сәуір төңкерісінің сегіз жылдығына орай үлкен халықаралық турнир өтті. Мен өз салмағымда 1-орын иелендім. Тағы сол Әбіл ағам айқара құшақтап бауы­рына басып тұрып, көзіне жас алды. Мен де көзімді сулап ишарат жасаған болдым.

Дәл осы күні Кабулда қырғын соғыс басталды.  Бабрак Кармалдың үкіметін құлатып, Нажибулла билікті қолына алды. Қала ішіндегі қырғын атысқа қарамай Әбіл аға мені әуежайға дейін өзі шығарып салып, оқ борап тұрған қойнауда қала берді. Әбілсейіт көкем, осындай батыр адам.

– Болашақта балуан боламын деген бауырларыңызға арнап не айтар едіңіз?

– Менің спорттағы ұстазым – самбо және еркін күрестен Әлем чемпио­ны, Олимпиаданың күміс жүлдегері Х.Баянмунке: «Ей, Бақыт, балуан болам десең ерінбей еңбек ет, төккен тердің бодауы әсте далаға кетпейді,  бүгін болмаса ертең игілігін көресің. Күрес­ке күш емес  ақыл керек. Ақыл мен қай­ратың толысқанда нағыз бал­уан боласың!» дейтін.  Осыған біртуар бал­уан Александр Медведьтің: «балуан адам – шахматшыдай сұңғыла, штангис­тей күшті, марафоншыдай төзімді, 100 метрге жүгіретін желаяқтай шапшаң, цирк­тің акробатындай епті болу керек» дегенін қосар едім. 

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»