Шымкент қаласы әкімдігінде күн сайын шаһардағы эпидемиялық жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың отырысы өтеді. Отырыс барысында штаб мүшелері қала әкіміне өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндайды. Осылайша, мәселенің ең күрделі деген тұстарын бағамдап, тиісті шешім шығаруда.
Тынымсыз жұмыстардың нәтижесінде қала бойынша жедел жәрдем шақыртулары азайды. Бұл туралы шаһар әкімдігінде өткен Шымкент қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша арнайы штабында айтылды. Жиын барысында атқарылып жатқан басқа да бірқатар жұмыс талқыланды.
«Қала бойынша жедел медициналық жәрдем шақыртулардың саны азайып келеді. Шілде айының 1-жұлдызынан бастап бүгінге дейін (12.07.2020) шақыртулар саны 2142-ден 1839-ға дейін төмендеді. Қалада жалпы саны 650 инфекциялық төсек-орын бар, оның 204-і бос. Провизорлық орын саны – 3210, қазір 1110 бос орын бар. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта төсек-орын қорын көбейту мәселесі қарастырылуда.
Қала аумағындағы 24 ауруханада күн сайын 1100 оттегі баллонына қажеттілік бар. Осыған орай, Шымкент қаласында оттегін өндіретін 5 мекемемен келісімшарт жасалды («AirGaz» ЖШС, «Керемет сапа» ЖШС, «Нурибал База» ЖШС, «ПК ОКСИ» ЖШС, «Иманбеков» жеке кәсіпкерлігі), барлық ауруханаларға тұрақты түрде оттегі баллондары жеткізілуде», деді шаһар әкімі Мұрат Әйтенов.
Келелі кеңесте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Қуанышбекұлы індетке байланысты тіркелген статистикалар мен жүргізіліп жатқан ем-дом жөнінде сөз қозғады, Ш.Оспанова жедел жәрдем қызметі бойынша ахуал қалыпқа түскенін, өзекті мәселе жоқ екенін хабарлады.
Жиын барысында қала әкімі тиісті мамандарға тәулік сайын 30 мың шақырту қабылдай алатын диспетчерлік орталықты тезірек ашуды тапсырды. Сондай-ақ штаб отырысында бүгінде 323 ӨЖТ (өкпені жасанды тыныстандыру аппараты) құрылғыларының санын алдағы уақытта 475-ке жеткізу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Қала аумағындағы барлық 24 ауруханаға күн сайын 1200 оттегі баллоны қажет екені айтылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов қадап айтқандай, эпидемиялық ахуалды жақсарту барысында халыққа қажетті дүниелерді іске асыру барысын тездету керек.
«Шешім шығаруды екі күнге созатын уақыт жоқ. Жұмысты шұғыл түрде нақты бір жүйеге қоюымыз керек. Ал ақпараттарды уақтылы жеткізуіміз қажет. Бұл жүйе реттеліп, ендігі кезекте қала тұрғындары «Сovid-19 Шымкент» сайты арқылы бүгінгі жағдайға байланысты мәліметтерді толық алып отырады», деді М.Дүйсенбекұлы.
Оған қоса, қала әкімі тиісті мамандарға мемлекеттік күндізгі стационарларға бекітілген арнайы ереже таратылуын тапсырды.
«Яғни науқастар емнің тегін екенін білуі керек. Егер медицина қызметкері ем үшін дәрі-дәрмек сұраса, «109» нөміріне хабарласып, құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері бар», деді қала әкімі.
Тойханалар провизорлық орталыққа айналады
Шымкентте эпидемиялық жағдай ушығып тұрған шақта әлеуметтік желілерде науқастарға төсек-орын жетіспеушілігін шешудің оңтайлы жолдары ұсынылған еді. Айта кету керек, желі белсенділерінің тарапынан қаладағы білім беру ғимараттарын «уақытша ауруханаға айналдыру» туралы да ұсыныс тасталған. Алайда шымкенттік ата-аналар бұған қарсы болды.
Жуырда осы мәселеге орай Шымкент қаласындағы мейрамхана иелері үн қатты. Олар эпидемиялық жағдай күрделеніп, мұқтаждық туса, өздерінің меншігіндегі ғимараттарды провизорлық, стационарлық орталықтарға айналдыруға дайын екендерін жеткізді. Бір сөзбен айтсақ, жергілікті кәсіпкер азаматтар елдің басына түскен ауыртпалықты бірлесіп көтеруге дайын.
Бұл ұсынысты олар қала әкімі Мұрат Әйтеновке жеткізді. Шаһардағы бірнеше ғимаратты аралап шыққан Мұрат Дүйсенбекұлы әзірге қосымша провизорлық орталықтарды ашудың қажеті жоқ екенін хабарлады. Өйткені бүгінде шаһардағы ауруханалар мен стационарларда медициналық көмекке мұқтаж барлық науқасты жатқызуға жететін орын бар. Алайда індеттің таралуы өсіп, науқасты көбейіп кеткен жағдайда әкімдік жергілікті мейрамханаларды, тойханаларды провизорлы стационар ретінде пайдаланатын болады.
«Қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес эпидемиялық жағдай күрт нашарлап кеткен жағдайға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Коронавирус жұқтырған және пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеуге 7 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Нысандарды бірінші кезекте үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмектермен, ӨЖТ аппараттарымен және компьютерлік томографиямен (КТ) қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады», деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Ол сондай-ақ сауда орталықтары мен қаладағы басқа да ірі нысан иелері тұрғындарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін тегін көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
«Егер күзде эпидемиялық жағдай нашарлап, індеттің екінші толқыны басталса, біз сол жағдайға дайын болуымыз керек. Сондықтан қазір кәсіпкерлердің өздері ұсынған қаладағы ірі ғимараттарды қарастырып жатырмыз. Жағдай күрделенсе, біз шұғыл провизорлық орталықтарды ұйымдастыруға дайынбыз. Бүгінгі таңда науқастарды емдеуге арналған қосымша 3 мың орын дайындадық. Жақын арада кәсіпкерлер ұсынған ғимараттардан да дәл солай төсек-орындар әзірлейтін боламыз», деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Бұған дейін шаһардағы ауруханаларда науқастарға арналған оттегі құрылғыларының тапшылығы сөз болған. Әкімдік осы түйткілді шешу мақсатында қаладағы 4 аурухананың базасында арнайы оттегі стансасын орнататын болды. Стансалар қалалық перзентханада, қалалық жұқпалы аурухана мен №1 қалалық ауруханада және №2 көпсалалы ауруханада орнатылады. Аталған медицина мекемелерінің әрқайсысында оттегі жеткізілген 50 төсек-орын ашылады. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Е.Садыр мәлімдеді.
Ол бұдан бөлек Шымкент қаласында жақын күндері тағы бір оттегі өндіретін цех іске қосылатынын атап өтті. Онда күніне 1-2 мың оттегі баллоны шығарылмақ. Сонымен қатар ол қаладағы оттегін өндіретін ірі 3 стансаның жұмысы тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Оның айтуынша, қалада қазіргі таңда барлығы 722 оттегі жеткізілген төсек-орын бар. Ал қала аумағындағы барлық 24 аурухананы күн сайын 1200 оттегі баллонымен қамтып отыру қажет.
Жаңа технология тығырықтан шығуға көмектеседі
Шымкентте коронавирусқа қатысты жан-жақты деректер жарияланатын www.covid19shymkent.kz ақпараттық порталы ашылғанын айта кетейік. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Мұрат Әйтеновтің айтуынша, портал мемлекеттік органдарға туындаған проблемаларға жедел назар аударуға, ал тұрғындарға COVID-19 туралы ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда баламасы жоқ бұл сайтты U:projects қоғамдық бірлестігінің IT-мамандары жасады. Олар ұсынған жобаны Шымкент қаласының әкімі бірден қолдаған.
«Біз сайтты тестілеуді сәтті аяқтап, оны іске қосудамыз. Орталықтандырылған ақпараттық портал Шымкенттегі эпидемиялық ахуалдың барлық индикаторлары мен детальдарын көрсетіп отыратын негізгі платформа болады. Жоба үш кезеңнен тұрады. Оның екеуінен өттік. Бірінші кезеңінде жас IT-мамандар – Ержан Сонар, Дінмұхаммет Жолдыбай, Артем Федоскин, Ілияс Бектас қаламыздағы Сovid-19 туралы талдау мәліметтерді жинақтап, өңдеуді автоматтандыру үшін бағдарлама құрды. Бұған дейін жергілікті денсаулық сақтау және цифрландыру басқармаларының мамандары барлық аурухана, емханалардан, провизорлық орталықтардан қанша бос төсек-орын бары, емдеу мекемелеріне қанша науқас коронавируспен, пневмониямен, ЖРВИ-мен түскені, ӨЖТ аппаратының, оттегі баллондарының, тағы басқаларының қай мекемеге жетіспей жатқаны туралы ақпараттарды жинады. Әкімге бұл туралы барлық есеп Exсel форматында ұсынылады. Біз пандемиямен күреске өз үлесімізді қосуды ұйғарып, арнайы сайтты тегін жасадық. Бұл биліктің жұмысын жеңілдетеді, ал тұрғындардың ауқымды ақпараттар алып отыруына көмектеседі», дейді жобаға жауапты азаматтар.
Сайт жасаушылардың айтуынша, СOVID-19 туралы мәліметтерді жинақтау процесін мейлінше жеңілдетуді әрі автоматтандыруды көздеген. Айтуларына қарағанда, бұл адами факторды болдырмайды. Мұнда проблемаға назар аударуда әрбір цифр мен істің нақтылығы маңызды.
Ауруханалардағы барлық кезекші дәрігерлер мамандардың қатысуынсыз-ақ сайт арқылы ыңғайлы формада есептерін бере береді. Олар бар болғаны он көрсеткіш бойынша цифрларды ұсынады. Бағдарлама қала басшысына жылдық есепті өзі-ақ беріп тұрады.
«Сайтта тұрғындар мен қала басшысына статистикалық мәлімет бөлек жарияланады. Тұрғындар ауруханалар мен провизорлық орталықтардың қайсысында бос орын бар екендігін біліп отырады және бұл цифрлар автоматты түрде жаңарып тұрады. Мәселен, №6 емхананың кезекші дәрігері бүгін сегіз төсек-орынның босағанын көрсетеді, осылайша адамдар қай ауруханаға барып жатуға болатынын біліп отырады. Сайттан түрлі нұсқаулықтар мен пандемия кезінде ұстанатын ережелерді, мамандардың кеңесін таба алады. Пандемия кезінде дүрбелең туындамас үшін, түрлі жалған ақпараттар таралып кетпеуі үшін мәліметтерді бір орталықтан беру өте қажет. Тұрғындардың жағдайды біліп, түсініп отырғаны, олардың нақты деректерді көріп, сабырлылық сақтағаны маңызды. Себебі соңғы күндері қалада түрлі дүрбелең жағдайлар туындағаны жасырын емес. U:projects билікке осындай проблемаларды жедел шешуге көмектеседі. Дегенмен біздің әрекетіміз кейбіреулерге басқаша әсер еткенін де мойындаймыз. Мұндай сенімсіздік біздің серіктестеріміз – жас IT-мамандардың бізге қосылуына кедергі келтіреді. Біз кеткен шығынымыздың орнын толтыруға ешкімнен ешқандай қаржы талап етпейміз, жай ғана көмектескіміз келеді. Шымкенттің әкімдігі бізге сенім артып, қалаға қолұшын созуымызға мүмкіндік берді. Егер жаңа ақпараттық жүйе сәтті жоба ретінде танылса, біз оны басқа қалаларға да таратуға дайынбыз», дейді U:projects жобасының негізін салушы Тоқтар Әлімбеков.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа порталдың артықшылығы – big data жүйесімен жұмыс істейтіні. Бұл нақты міндеттер мен тапсырмалар үшін пайдалануға қажетті құралдарды, мәліметтерді талдау әдістері және оны пайдалану мүмкіндігі. Дәл осы big data пандемиямен күреске пайдалануға қажет және Covid-19 жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Шетелдік тәжірибені пайдаланбақ
Эпидемиялық ахуалдың күрделенгеніне байланысты көршілес мемлекеттер елімізге көмек қолын созуда. Сондай көмектердің бір шоғыры Шымкент қаласына да келіп жетті. Тарқатып айтар болсақ, қаламызға Ресейден бір топ дәрігер келді. Сапар мақсаты – коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасу. Сондай-ақ олар Covid-19 коронавирус инфекциясына қарсы күресу бойынша консультациялық-әдістемелік көмек көрсетеді. Дәрігерлердің арасында инфекционист, реаниматолог, анестезиолог-реаниматолог, эпидемиологтер бар.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы медициналық топпен кездесіп, қаладағы қазіргі эпидемиялық жағдайдың жай-жапсарын жан-жақты баяндады. Сондай-ақ оларға қазіргідей қиын кезеңде бірлесіп жемісті жұмыс атқаруға тілектестігін білдірді.
«Бүгінгі таңда әлем бойынша дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы күрестің, оны емдеудің жаңа әдістерін зерттеп, өзара тәжірибе алмасуда. Мемлекеттер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында біліктілік арттырып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы орайда, сіздердің Шымкент қаласына келгендеріңізге қуаныштымыз», деді Мұрат Әйтенов. Ресейден келген дәрігерлер 3-4 топқа бөлініп, белгілі бір ауруханаға бекітілетін болады.
Бүгінде Шымкент қаласында коронавируспен күрес бойынша ем алу шараларын жүргізуге 3264 медицина қызметкері жұмылдырылған. Қаланың бас дәрігері Рустам Албаевтың айтуынша, шаһарда дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында шетелдік фармацевтикалық компаниялармен келісім жасалуда. Қазіргі таңда аса қажетті дәрі өнімдері кезең-кезеңімен дәріханаларға тасымалданып жатыр.
«Шымкент қаласында қолайсыз эпидемиялық жағдайға байланысты инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу үшін төсек-орын саны қосымша көбейтілуде. Бұл төсек-орындар саны 650-ден 3129-ға жетті. Сондай-ақ жан сақтау бөліміндегі орындар санын да көбейттік, бүгінде 141 жан сақтау орны бар. Олар №2 қалалық аурухана, Асар шағын ауданындағы 200 төсек-орындық инфекциялық аурухана жəне қалалық Кардиологиялық орталықтың базасында орналастырылған. Реаниматолог мамандар тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуде.
Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда жедел жәрдем қызметін шақыртушылар саны 2 есеге өскен еді. Қазіргі таңда жағдай қалыпқа келе бастады. Ал дәрі-дәрмек бойынша Ресей, Украина, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдердің компанияларымен келісімшарт жасалып, медициналық препараттар көптеп келе бастады. Сонымен қатар келесі аптада тәжірибе алмасу үшін әрі көмек беру үшін Ресейден 5 маман, Түркия елінен 10 маман келеді деп күтілуде», дейді басқарма басшысы.
15 шілде күні Шымкент қаласына Өзбекстан Республикасынан екі жүк көлігімен дәрі-дәрмек келгенін айта кетейік. Жалпы, соңғы апта ішінде Үкімет тарапынан арнайы бөлінген 2 ұшақпен қалаға медициналық препараттар әкелінді. Сонымен қатар бір жолғы рұқсатпен фармацевтикалық компанияларға бір ұшақпен, 5 жүк көлігімен Үндістаннан, Ресейден, Украинадан, Өзбекстаннан дәрілер жеткізілді.
Айта кетейік, қалада дəрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру үшін құрылған 4 мониторингтік топ осыған дейін 50 заң бұзушылық фактісін анықтап, тиісінше әкімшілік шаралар қабылданды. Одан бөлек, дәріханада жоқ дәрілердің орнына балама препараттар ұсыну жағы да назарға алынған.