Бұл күндері шахматтан өтіп жатқан әлемдік Гран-при онлайн-турнирінің ширек финалына шыққан ойыншылар анықталуда.
Жаһандық бәсекеде бақ сынап жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының үздіктерінің бірі Жансая Әбдімәлік Гран-при жарысының төртінші кезеңін сәтті бастап, ширек финалға жолдама алды. Бірінші матчта Перу өкілі Дэйзи Коримен кездесіп, еш қиындықсыз жеңіске жетті. Есеп – 8:4. Алғашқы ойын қандасымызға оңай соққанымен келесі кезеңде қарымды қарсыласқа тап болды. Енді онлайн доданың ¼ финалында Ж.Әбдімәлік әлемнің төрт дүркін чемпионы қытайлық Хоу Ифаньмен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Өкінішке қарай, осы жарысқа қатысқан тағы бір отандасымыз Бибісара Асаубаева келесі кезеңге шыға алмады. Бірінші кездесуінде ресейлік шахматшы Александра Костенюкпен бақ сынады. Тартысты өткен ойында Асаубаева 7:5 есебімен қарсыласына жол берді.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша турнир кестесінде Украина спортшысы Анна Ушенина 22 ұпаймен көш бастап тұр.