Атырауда жақсылық жасағысы келетін жанашырлар көп. Арасында кәсіпкерлер де, спортшылар да, тіпті нотариустар да бар. Олар ауруханаларға дәрі-дәрмек пен оттегі концентраторын сыйлап жатыр.
Мәселен, жергілікті кәсіпкер Махмут Мералиев денсаулық сақтау мекемелеріне дәрі-дәрмек алып беру үшін қаржы жинауға бастама көтерді. Соған байланысты «Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филиалы жанынан кәсіпкерлер, облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен жұмысшы тобы құрылды. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті дәрі-дәрмектің тізімін ұсынды. Жұмысшы тобы жетекшілерінің бірі – «Идеал Маркет» ЖШС-нің бас директоры Талғат Бекеновтің айтуынша, алғашқы екі күнде «Сана» қайырымдылық қорына 30 млн теңге жиналды.
– Қордың есепшотына түскен қаржының бір бөлігі облыстық аурухана сұратқан ең қажетті дәрі-дәрмектер жиынтығын сатып алуға жұмсалды. Біз №2 облыстық инфекциялық аурухана жанындағы провизорлық стационарға 10 түрлі медициналық дәрі-дәрмектің 3245 данасын тапсырдық. Оның ішінде дексаметазон, цианокобаламин, пиридоксин, цефтриаксон, азитромицин, ингавирин және басқа да дәрілер бар. Бірақ бұл дәрілерді табу өте қиын болды. Көтерме бағамен жеткізетін компаниялар өте баяу жауап береді. Соған қарамастан, өңірдегі өзге де емдеу орындарына қайтарымсыз көмек беруді көздеп отырмыз, – дейді Талғат Бекенов.
Ал нотариустар да арнайы қаржы жинап, демеушілік көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмылды. Олар өздері жинаған қаржыға «АРМЕД 7F-5L» маркалы оттегі концентраторын сатып алып, Жылыой аудандық ауруханасының ұжымына тапсырды.
– Елімізде осындай жомарт жандар әлі де бар. Қиын кезде қол ұшын созып, демеушілік білдірген Атырау облыстық Нотариаттық палатасының төрайымы Гүлнар Масатоваға, сондай-ақ барлық жеке нотариусқа алғысымызды білдіреміз. Оттегі концентраторының қауіпті індетке шалдыққан науқастардың тезірек сауығып, отбасына аман-есен оралуына септігі тиеді, – дейді Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.
Мұндай жомарттықты Исатай ауданындағы «Барыс» балалар-жасөспірімдердің денешынықтыру клубының директоры Асхат Жұмабеков те танытты. Ол өзі тұратын аудандағы ауруханаға алғашқы оттегі концентраторын сыйға тартты. Оны Алматыдан өз қаржысына арнайы алдырды. Бағасы – 550 мың теңге.
– Қазіргідей қиын кезде дәрігерлер науқастарды емдеу үшін күні-түні еңбек етуде. Менің ата-анам да осы салада ұзақ жыл еңбек етті. Сондықтан, дәрігерлердің тынымсыз жұмысының ауырлығын жақсы білемін. Алайда, дәрігерлерге де кейде мүмкіндігі бар азаматтардың қолдауы қажет-ақ, – дейді Асхат Жұмабек.
Исатай аудандық ауруханасының дәрігері Сержан Сәндібаевтың айтуынша, оттегі концентраторы – емдеу орнынан жеткізілген алғашқы құрылғы. Үздіксіз оттегі бөліп тұратындықтан, оған ауа толтырудың қажеті жоқ. Осы кезге дейін ауруханада мұндай құрылғы болмағандықтан, науқастар арнайы оттегі баллондары арқылы тыныс алыпты. Ал мұндай баллондарды санаулы сағаттан соң ауыстырып тұру керек. Оттегі концентраторының жоқтығы дәрігерлердің жанына бататыны даусыз еді.
Өңірдегі ауруханаларға көмек көрсетуден мұнай-газ өнеркәсібіндегі отандық компания – «Ембімұнайгаз» АҚ да тартынған жоқ. Кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметінің ақпаратына сүйенсек, облыстық ауруханаға өкпені жасанды желдетуге арналған оттегі концентраторларын алуға, операциялық блоктарды, реанимацияларды, диализ орталықтары мен провизорлық бөлімшелерді медициналық газбен қамтамасыз ету жүйесін жүргізу және медициналық жабдықтарды сатып алу үшін 146 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ, Жылыой аудандық ауруханасына 35 млн теңге аударылған. Ал өңір тұрғындарына көрсетілген көмектің жалпы сомасы 300 млн-ға жуық теңгені құраған.
– Бұған дейін «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қаласының Береке ықшамауданындағы карантиндік стационарларды тұрмыстық техникамен, гигиеналық қажетті заттармен қамтамасыз етуге 100 млн теңге бөлген болатын. Махамбет ауданында қайтадан ашылған провизорлық орталыққа автобус берілді. Ал облыстық ауруханаға 40 оттегі баллоны тапсырылды, – деп хабарлады компанияның қоғаммен байланыс қызметі.
Атырау облысы