• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Шілде, 2020

Құрғақ уәдемен құтыла алмайсыз...

240 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары Nur Otan партиясы жаңғыру бағытын бетке алып, осы жолда жаңа бастамалар көтеріп, халықпен тең диалог орнатуға қадам жасап келеді. Оның қаншалықты сәтті болатынына уақыт төреші болмақ. Десе де, жылда бір жаңашылдық енгізу әдетке айналды. Биыл да партия нағыз көшбасшыларды анықтау үшін ең алдымен өз ішінде іріктеу өткізуге бекініп отыр.

Праймериз деп аталатын ша­раның басты мақсаты – пар­тия­ның өз ішінде ең үздік үміт­керлерін халық алдында ашық сайлау арқылы таңдап алу. Прай­ме­ризде жеңіске жеткен бел­сен­ділер кейіннен партия атынан рес­публикалық сайлауға түсуге мүмкіндік алады. Осыған дейін пар­тия атынан ұсынылғандар тізім бойынша сайланып келген еді.

Праймериз сөзі ағылшын тілі­нен аударғанда «алдын ала сайлау» дегенді білдіреді. Жалпы, праймериз, яғни партия ішінде алдын ала сайлау өткізу АҚШ-та қалыптасқан. Ең алғашқы праймериз 1842 жылы өткенімен, заң бойынша бекітілген жоқ-ты. Негізгі сайлау алдында міндетті түрде праймериз өткізу туралы заң тек 1903 жылы Висконсин штатында қабылданды. Кейінірек 25 жылдың ішінде барлық штатта алдын ала сайлау өткізу міндетті шараға айналды. Праймериз өткізудің баршаға ортақ үлгісі жоқ, әр ел тәртіпті өз ыңғайына қарай белгілейді. АҚШ-та партия ішінде үміткерлерді анықтау үшін праймериз билік тарапынан өткізілсе, Еуропада жекелеген партиялар ұйымдастырады. Одан бөлек праймериздің ашық және жабық түрі де бар.

Жалпы, алдын ала сайлау институты демократияға бас­тайтын жол екеніне көпшілік сенім артады. АҚШ-та солай бол­ды. Өздерін демократияның отаны санайтын америкалықтар үшін елдегі саяси ахуал мен оқиғалар үлкен маңызға ие. Сая­сат­керлерін де жіті бақылап, кез келген мәселеге қатысты пікірін белсенді білдіріп отырады. Былайша айтқанда, әр азамат қоғамда дау туғызған жайт­қа қатысты ойын ашық жеткі­зуді борышы санайды. Бұл – Қазақстан көздеген азаматтық қоғам қалыптастыруда керек қасиеттің бірі. Өйткені еліміздің тұрғындары қарапайым халық сөзінің билікке жететініне және одан бір нәтиже шығатынына күмәнмен қарайды.

Қазіргі саяси институттар үшін халықтың белсенділігін артты­ру басты сын болып тұр. Осы тұста партия аймақтық деңгейде көшбасшыларын анық­тау арқылы әр адамның пікірі ескерілетінін көрсете алар еді. Мәселен, шал­ғайдағы ауыл тұрғындары өз ара­сы­нан нағыз мықтыны таң­дап, өз­дері дауыс бере отырып сол адамды партияның бел­сенді мүшелерінің қатарына қоса ал­са, өз дауыстарының маңыз­ды екені­не сенімі арта түс­пек­ші. Осы­лайша кез келген мәсе­ле­ге келгенде ойын ашық айтудан тартынбай, алдағы уақытта бел­сендірек болуға ұмтылады. Біз көк­сеген азаматтық қоғам осы емес пе?!

Әзірге қазақ қоғамында қай деңгейдегі депутаттардың топ ішінде байқалмай, үнсіз отыра беруі үрдіске айналғандай. Шетелдің өркениет үлгілерін қол­данып, сол межеге жетуге ұмтылып жатқанда неге Ба­тыс сая­саткерлерін мысалға кел­­­­тір­меске? Ұлыбритания пар­­­­ламентінде депутаттардың адуын­­ды сөйлеп, бәсекелестерін жер­мен-жексен етіп жатқанына талай мәрте куә болдық. Оны көрген халық қошеметтеп, де­путат­тардың батыл әрекет­теріне қол­дау көрсе­тіп жатады. Біздің қоғамға да ойын ашық жет­кізетін, халықтың мүд­десін өткір қозғайтын депутаттар керек-ақ.

Nur Otan партиясы ұйым­дас­тырып отырған праймериздің халықты әуреге салған пандемия­мен тұспа-тұс келгені де бекер болмаса керек. Өйткені еліміздегі ахуал қиын. Билік пен халық арасындағы қарым-қатынас қызу диалогқа ұласып отыр. Халық өз өмірін жақсартуға бағытталған өзгеріске мүдделі, соны жүзеге асыратын белсенділердің саяси аренада бой көрсетуінен үміт етеді. Осы тұста партияның бетке ұстар белсенділерімен жеке танысып, ұсынатын бағдарламасы мен жоспарын бағалап, әлеуетін көтеретін кез келді.

Nur Otan ұйытқы болып отырған праймериз 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта өтетіні белгілі. Бұл уақытта үміткерлер партия мүшелерімен кездесу өткізіп, БАҚ-та, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, пікірсайыстарға қатысуы керек. Бұл – саясаткерлер шыңдалатын бірден-бір орта. Сондай-ақ үгіт жүргізу барысында қатысушылар нақты елді мекеннің мәселесін өз кәсіби қызметіне қарай шешудің жолдарын қарастыруы тиіс. Осындай тәжірибеде ысылған көшбасшылар ертең кез келген пікірсайысқа дайын болары сөзсіз. Қазірше халықтың мінбеден депутаттардың ана тілінде сөйлегенінің өзіне мәз болып отырған жайы бар. Жүзден жүй­рік шыққандар білімі не білік­тілігімен ғана емес, кез келген істі дөңгелете алатын табан­дылығын, қайсар мінезін де танытуы қажет. Жылдар бойы құр­ғақ уәдеден, жалынды сөзден әбден діңкелеген жұрт ендігі жерде нақты іс күтетіні белгілі. Сондықтан да алдағы праймериз көшбасшыларға нағыз сын болмақ. Сондай-ақ үгіт-насихатты әр үміткер өз қаржысына жүр­гізетінін де айта кеткен жөн. Бұл тұста сайлауға қатысатын адам­­дардың даярлығына да кө­ңіл бөлу маңызды. Праймериз елі­­мізде алғаш рет өтейін деп жат­қандықтан, ешкімнің тәжі­рибесі жоқ екенін де ескерген жөн. Бұл сайлаудың келесілеріне үлгі болары тағы бар. Сол себепті де халық еліміздегі қиын жағдайға қа­ра­мастан, ішкі мәдениеті жоға­ры әрі дайындығы нық көш­бас­шы­ларды көргісі келетіні тағы мәлім.

Партия жариялаған праймериз ережесінде баса назар аударатын бір жайт бар. Жаңа заңға сәйкес, партиялық тізімде кем дегенде 30% әйелдердің және 20% 35 жасқа дейінгі жастардың болуы міндеттеледі. Жалпы, әйел­дердің сайлауға қатысуына кел­генде дәстүр, мәдениет тұрғысында, қоғам­дағы рөліне, жеке өмірі мен саяси қызметі туралы сұрақтар көп. Еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі тәжірибе осылай. Қазір­гі парламенттегі әйелдердің үле­сі тарихта ешқашан мұндай жоғары болмағаны айтылады. Статистикаға сәйкес, әлем бо­йынша ұлттық парламенттер құрамында 1997 жылы небәрі 11,6 пайыз әйел депутат болса, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге, яғни, 24,6 пайызға көтерілген. Дүниежүзілік банктің есебіне сенсек, Қазақстан парламентінде әйелдердің үлесі 27,1 пайыз. Бұл көрсеткіш Шығыс Еуропаның кейбір елдерімен қатар болса, көршілес Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбекстанмен салыс­тырғанда әлдеқайда көп. Одан бөлек қоғамда көп талқы­ланатын мәселелердің бірі – депу­таттардың жасына қатысты. Парламентаралық одақтың мәліметіне сүйенсек, екі жыл бұ­рын елімізде парламенттегі 40 жасқа дейінгі депутаттардың пайыздық үлесі 7,55 болған екен. Жағдайды өзгерту үшін праймеризде жеңіске жеткен жастардың саны көп болуы керек. Ол үшін ең алдымен, өз идеясының айналасында жастарды топтастыра алатын, олардың саяси белсенділігін арттыратын көшбасшылардың партияда болуға, осы қызметті таңдауына жол ашылуы шарт.

Дәл қазір қоғамға халықтың сөзін сөйлеп, елдің мүддесін қор­ғайтын депутаттар ауадай қа­жет. Еліміздегі коронавирус пан­демиясына қатысты ахуал билік пен халық арасындағы қарым-қатынасты одан сайын күрделендіріп жіберді. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге аса бастауы билік партиясының іс-қимылына қатысты. Мәселе демократиялық қоғамның өлшемі саналатын шараның атауында емес, ең бастысы халықтың сенімін оятуда болмақшы. Прай­мериз бұрын-соңды өткізіліп келе жатқан кезекті шараның біріне айналса, онда «партия халық үнін ести алмады» деген сөз...