Солтүстік Қазақстан облысының белсенді азаматтары бүгінге дейін 22 млн 850 мың теңге жинап, оған 36 өкпені жасанды желдету аппаратын алып, ауруханаларға таратты. Аталған аппараттың тағы 24 данасына тапсырыс берді. Сәтін салса, алдағы 2-3 күнде елге жеткізілмек.
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы және жергілікті кәсіпкерлер Нағашыбай Барлыбаев пен Сермағанбет Оралұлы республикалық «Зекет» қорының облыстық филиалына іскер азаматтар мен қалың көпшіліктен ақша жинап, облыс ауруханаларында жаман індеттің кесірінен ауа жетпей қиналып жатқан азаматтарға қолдау көрсету туралы ортақ шешімге келген екен. Бастамашыл топқа облыстық кәсіпкерлер одағы палатасының төрағасы Арман Сарыбаев та қосылады. Жиналған қаржының қозғалысын бақылауды Диас есімді азамат өз мойнына алады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалауды» ұйғарған олар аппараттарды жедел жеткізу үшін Ресей қалаларынан іздейді. Бұл жаны қиналып жатқан сырқаттарға да сеп.
Әзірге өңірдегі ауруханаларда 30 науқасқа бір конденсатордан келеді екен. Ауруханаға алғаш түскен адамға алдымен осы аппарат керек. Ал ӨЖЖ аппараты жан сақтау бөлімінде жағдайы өте ауыр науқастарға ғана қолданылады.
Азаматтардың алғаш рет отырып, ақылдасқандарына әлі толық апта айналмаса да, қазірдің өзінде 36 дана 5 литрлік аппаратты Екатеринбургтен алдырып, облыс ауруханаларына таратып үлгерді. Әрине шекаралас өңірлер болса да оны жеткізу оңай емес. Осы жерде Ресейде тұратын қазақ азаматтарының көмек қолын созып, қоймалардан алып бергенін айта кету керек. Алғашқы партиямен келген 36 аппараттың 20 данасы облыстық ауруханаға, 10 данасы Бескөл аудандық ауруханасына, сондай-ақ Уәлиханов, Ақжар, Есіл, М.Жұмабаев, Мамлют аудандарына таратылды. Сөйтіп қорға түскен 23 млн теңгенің 15 млн теңгесі жұмсалды.
Жігіттер қалған қаржыны қалай тиімді пайдалану қажеттігін білмек ниетпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағановпен сөйлесті. Басқарма басшылығына тағайындалғанына бір апта өтпесе де Қ.Сақтағанов бастамашыл азаматтарға тағы да өкпені жасанды желдетуге арналған 24 аппараттың алынғаны дұрыс деп санайтынын жеткізді. Өйткені қазір дәрі-дәрмек жеткілікті, тек осы аппаратқа мұқтаждық бар. Сермағанбет Оралұлы Ресейдегі тауар жіберушіге хабарласып, ақшаны бүгін аударатындарын айтып, ертең аппараттарды жіберуге келісті. Қазіргі індет кезінде осы іспетті жеделдік, әбжілдік қажет. Бұл уақытта облысқа белгілі азамат Нағашыбай Барлыбаев әріптестеріне, аудан әкімдеріне «Зекет» қорына ақша аудару керегін үздіксіз түсіндіріп жатты. «Түскен қаражат көбейсе, осындай аппараттардың тағы бірнешеуін әперетін боламыз. Халықты құтқаруға көмектеспесек азаматтығымыз қане?», дейді ол.
Бүгінге дейін халыққа көмек қолын созғандардың арасынан 1 млн теңгеден қорға ақша аударған азаматтарды атай кететін болсақ, «Петерфельд АГРО» басшысы Асқар Мәдиев, «Мәмбетов и К» басшысы Еркебұлан Мәмбетов, «ИП Левин» басшысы Владимир Левин, «Жолдасбай АГРО» басшысы Сүйіндік Жолдасбаев, «Агрофирма «Мамлютская» басшысы Қайрат Қадыралин, «ЭталонРегион» басшысы Мәден Жұмағұлов, «ГАРД Сервис» ЖШС, «Казмясомолпродукт» ЖШС, ИП Ахмудинов және т.б. кәсіпорындардан барлығы 43 кәсіпкер бар. Қазіргі кезде тағы 25 оттегі концетраторы мен 73 дана пульсоксиметрге тапсырыс берілді.
Солтүстік Қазақстан облысы