• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 24 Шілде, 2020

Ішкі туризмге иек артар кез келді

249 рет
көрсетілді

Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індеті бірнеше айдан бері адамзат баласын оқшаулануға мәжбүрледі. Себебі әзірге емі жоқ белгісіз инфекцияны тоқтатудың жалғыз жолы – осы екенін бәріміз түсіндік. Десе де дәрігерлер мұндай уақытта үйде еш қимылсыз отыруға болмайтынын, таза ауада көбірек серуендеу керек екендігін айтып жатыр. Жыл басында отандастарымыздың жаз мезгілінде қай елге саяхаттайтыны туралы ойлап, жоспар құрып қойғаны анық.

Алайда төтеннен келген жағдайға байланысты қазір шалғайдағы мемлекеттер қолжетімсіз. Сондықтан отандастарымыз шетел сапарын кейінге шегеріп, ішкі туризмге иек арта бастады. Әрине елімізде бұл салада орасан жұмыстар атқарылуы қажет екені белгілі, олар – сервисті жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа табиғи аумақтарды игеру.

Осы жағдайды ескерген тұрғындар, шетелде демалып келгенді дұрыс деп есептейді. Оның үстіне кей елдердің бағасы біздің елдегі демалыс аймақтарымен салыстырғанда арзанға шығатынын дема­лу­шылардың өздері айтып жатыр. Сон­дықтан саяхатшылардың көп бөлігі Қазақ­станды емес, шетелді таңдап жатады. Жал­пы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» бағдарламалары осы ішкі туризмге қаратып айтылғанын кейбір жергілікті басқарушы органдар әлі түсіне қойған жоқ сияқты. Егер барлығы осыны түсініп, бағдарламада айтылғандарды ұранға, науқанға айналдырмай жұмыс істесе, елімізде ішкі туризм баяғыда дамып кетер еді. Дегенмен бұл саланы жақсартуға әлі де кеш емес. Елімізде жұрт білмейтін әлі қаншама көрікті мекендер бар. Мысал ретінде, Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұзды алайық. Бұған дейін бұл көлді жергілікті халық болмаса, былайғы жұрт біле бермейтін. Елдегі карантиннің арқасында Көбейтұз әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстанға тез танымал болып кетті. Бір өкініштісі алыстан ат терлетіп келетін саяхатшылар үшін тиісті жағдай жасалмаған. Ақмола әкімдігі жоғарыда айтқан барлық инфрақұрылым мәселесін шешсе, ішкі туризмді жандандырудағы елеулі жұмыс болар еді деп ойлаймыз.

Жалпы, Статистика коми­те­­тінің ең кейінгі мәліметі бойын­ша, жыл сайын 10,5 млн-нан аса қазақстандық шетелде дема­луды құп көреді екен. Оның ішін­де 9,5 млн отан­дасымыз ТМД елдеріне сая­хаттаса, қалғаны әлемнің өзге мемлекеттерін таңдаған. Нақты деректермен айтар болсақ, 4 362 746 адам – Ресей Федерациясына, 2 651 220 адам – Қырғыз Рес­пуб­ликасына, 2 392 582 адам Өз­­бек­с­тан елі­не саяхаттағанды жөн са­наған. Бұл ТМД елдерінің ара­сын­дағы статистика. Ал 351 121 адам – Түркияда, 189 881 адам – Қытайда, 161 237 адам  БАӘ-де демалған. Сондай-ақ қазақ­стандықтар ең көп баратын ел­дердің қатарында Мысыр (119 616), Германия (56 174), Тай­ланд (47 122), Оңтүстік Корея (46 899) Грузия (38 986) бар.

Ал бізге келген шетелдіктер саны 8,79 млн адамды құра­ған. Кейінгі жылдармен салыс­тыр­ғанда бұл көрсеткіш 14,1%-ға өскен. Барлық елдердің арасынан БАӘ, Үндістан және Малайзия ел­дерін ерекше атап өтуге болады. Қазақ­станға өткен жылы аталған елдерден келу­шілер 50%, 49% және 44%-ға артты. Соны­мен қатар Гонконг (22%), Польша (16%) және Оңтүстік Кореядан (15%) келе­тін туристер саны арта түсуде. Қазақ­станның турис­терді тарту бойынша не­гізгі шетелдік нарығы – Ресейден келу­ші­лердің тұрақты өсімі байқалады.

Осы орайда, ел тұрғындары да ішкі туризмге ақырындап ден қоя бастады. Өзге өңір­лерден Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына саяхаттап келетіндерді қос­па­ған­ның өзінде, Қазақстан бойынша ең көп турист баратын аймақ – Шығыс  Қазақстан облысы. Ең соң­ғы дерек бо­йынша 346 562 адам Шығыс табиғатына тамсанып қайтқан екен. Оның ішінде ең көп демалушылар Алтайға –26 066 (адам), Алакөлге – 68 722, Бұқтырмаға – 8 883, Ұланға – 4 298 және Катонқара­ғай ку­рорт­тық аймағына – 3 324 адам келген. Сондай-ақ Ақ­мола облы­сындағы Щучье-Бурабай мен Зеренді ку­рорт­тық аймағына да демалуға келе­тіндердің қарасы қалың. Мы­салы, 2018 жылы бұл аймақ­қа ел бойынша 748 618 адам сая­хаттаған. Сонымен қатар Қара­ғанды облысындағы Қарқаралы курорттық аймағы мен Балқаш көліне – 267 651 адам, Қостанай курорттық аймағына – 189 125 адам, Түркістан және Сарыағаш курорттық аймағына  – 249 035 адам саяхат жасаған.

Әрине биылғы жағдайға байланысты жоғарыда біз атаған ай­мақтарда баға көте­рілуі мүмкін. Өйткені нарық заңы солай. Қай жерде сұраныс артса, сол жердің бағасы көте­рі­летіні біз айтпасақ та белгілі.