Cоңғы күндері эпидемиялық жағдайды реттеу үшін Шымкент қаласы әкімдігі шұғыл, батыл қадамдарға бара бастады. Соның бір дәлелі, қала қазынасындағы аса қажеттілік тудырмайтын бюджет шығыстарын денсаулық сақтау саласына бағыттайтын болып шешті.
Осылайша үнемделген 3 млрд теңге қаржы адам капиталына жұмсалмақ.
Тарқатып айтар болсақ, Шымкент қаласының әкімдігі ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты басым емес бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында 2020 жылдың бюджетін қайта қарады. Екі рет нақтылаудың нәтижесінде 3 094,5 млн теңге оңтайландырылды. Қысқартылған шығынның ішінде техникалық құралдарды сатып алуға, түрлі іс-шараларды өткізуге, қаланы абаттандыруға арналған қаржы бар.
Үнемделген қаржы індетке қарсы күрес шараларына, ауруханаларды дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға бағытталды. Нақтылап айтқанда, 1 647,5 млн теңге дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, медицина қызметкерлерін уақытша баспанамен қамтамасыз етуге және көлікпен тасымалдауға, оттегі стансасын орнатуға бөлінсе, 236,3 млн теңге қаланы дезинфекциялау жұмыстарына, ал 2 050 млн теңге жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысына жұмсалмақ.
Сондай-ақ шілде айында қалалық бюджеттің қаржысын нақтылау жұмыстары қолға алынады. Эпидемиялық жағдайға байланысты бюджет шығындарына талдау жасалып, жалпы 7 214,6 млн теңге оңтайландырылады деп жоспарлануда. Нақтылау кезінде мәдени іс-шаралар өткізу, қаланы көгалдандыру-абаттандыру, қызметтік іссапарлар, мемлекеттік мұқтажға жер телімдерін алу, құрылыс жұмыстары сияқты шығындар қысқартылады. Аталған қаржы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.
Дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жасақталды
Түнеугүні дәрі-дәрмек іздеп түңілген, дәріхана жағалап дәрменсіз күй кешкен жұрттың жанайқайы қатты шыққаны белгілі. Осындай күйге тап болған азаматтар жақындарын айтып келмес індеттен аман алып қалу үшін әлеуметтік желіде қажетті дәрі-дәрмектің ұзын-сонар тізімін жазып, ағайыннан араша, көпшіліктен көмек сұрағанын көз көріп, құлақ естіді.
Осындай қысылтаяң сәтте қала билігі желі белсенділерінің әрбір өтінішіне бейжай қараған емес. Қайта сол сыннан нәтиже шығару үшін шаһардағы дәрі-дәрмек қорын жасақтай бастады. Арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіп, қасқалдақтың қанындай болған аса қажетті дәрілерді дәріхана сөрелеріне қойғызды. Бағасын қатаң бақылауда ұстады. Осылайша, Шымкент қаласының қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталды. Шетелден 3 миллионға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Үкіметтің селекторлық отырысында мәлімдеді. Жиында қалада атқарылып жатқан эпидемияға қарсы шаралар мен Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Онда әкім қаладағы дәрі тұрақтылығын сақтау мақсатында Үндістан, Ресей, Украина мен Өзбекстан елінен 2 млн 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрі-дәрмек пен 16 млн 700 мың маска жеткізілгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының халықты дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қалада төрт мониторинг тобы құрылып, 348 дәріханаға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысқан 50 дерек анықталды. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталды. Қалада көтерме дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 10 ірі фармацевтикалық компания және 560 дәріхана жұмыс істейді. Шетелден дәрі-дәрмек алып келуге аталған фармацевтикалық компанияларға біржолғы рұқсат берілді», деді қала әкімі.
Шетелдік дәрігерлер оң бағалады
Індеттің алдын алуда еліміз шетелдің медицина мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Соның дәлелі ретінде жуырда Шымкент қаласына көршілес Ресейден бір топ медицина маманы келген болатын. Аптаға жуық уақыт ішінде сала білгірлері отандық денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
Күні кеше Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Варзилов пен Ресейден келген жоғары дәрежелі реаниматолог Денис Цветков қаладағы эпидемиялық ахуал төңірегінде баяндады.
Жиын барысында Т.Варзилов қалада эпидемиялық жағдай тұрақтанып, науқастарға қажетті медициналық көмек уақтылы көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ал Шымкентке арнайы тәжірибе алмасу мақсатында келген жоғары дәрежелі реаниматолог Д.Цветков жергілікті дәрігерлердің коронавирусқа қарсы атқарып жатқан жұмыстары туралы өз ойымен бөлісті.
«Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штаттық режімде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың стационарға келіп түскен уақытынан бастап, толық емдеу жұмыстарының жүргізілуін көріп шықтық. Шымкент қаласындағы ауруханаларда интенсивті терапияны қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастар жансақтау бөлімінде ем алуда. Бұған қоса, оларға респираторлық терапия бойынша ем жүргізіледі екен. Бұл өте жақсы. Әлемдік медицина деңгейінде қолданылып жатқан емдеу тәсілдерінің бірі – жасанды тыныстандыру мен инвазиялық тыныстандыру аппаратын қолдана отырып, ауыр жағдайдағы науқасты аман алып қалу. Бұл тәсілді жергілікті мамандар жақсы меңгерген. Шымкентте науқастарға кәсіби медицина мамандарының көмегі қолжетімді. Қала тұрғындарына айтарым, ауру басталған сәттен бастап медициналық көмекке жүгініңіздер», деді ресейлік дәрігер.
Ресейден келген медицина мамандары қаладағы бірнеше медицина ұйымын аралап, емдеу тактикасы бойынша жергілікті дәрігерлермен тәжірбие алмасып жатыр. Жалпы, шетелден жеті маман келген. Оның үшеуі реаниматолог-дәрігер және төртеуі инфекционист.
Індеттің беті қайта бастады
Ай басындағыдай емес, соңғы аптада Шымкентте коронавирус не пневмониямен ауырғандардың қатары азая түскен. Қара жамылған азалы хабар да сирей бастады. Соңғы мәлімет бойынша COVID-19 індетімен Шымкент қаласында жалпы 4453 адам тіркелген.
Өткен тәулікте вирус жұқтырған 43 адам тіркеліп, өсім 1 пайызды құрады. Жазылып шыққандар саны – 2770. Яғни, науқастардың 62 пайызы емделіп шыққан. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады.
Селекторлық режімде өткен жиында әкім қаладағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында инфекциялық және провизорлық стационарларда қысқа мерзімде қосымша 3 050 төсектік орын ұйымдастырылып, орын саны 3 860-қа жеткізілгенін, оның ішінде 650 инфекциялық, 3 210 провизорлық төсектік орын бар екенін айтты. Сонымен қатар реанимациялық 30 орын саны 151 орынға дейін ұлғайтылғанын жеткізді.
Қала басшысы қаладағы ауруханаларға қосымша 58 ӨЖТ аппараты мен 250 «Бобров» тыныс алу аппараты және 26 реанимациялық монитор алынғанын, реанимациялық орындар 134 ӨЖТ аппаратымен және оттегімен қамтылғанын, орын саны 861-ге жеткенін мәлімдеді.
Бұған қоса Мұрат Әйтенов тұмау және өкпе қабыну белгілерімен жедел жәрдем шақырушылар саны 26,6 пайызға азайғанын, стационарларда ем алушылар саны 31,5 пайызға төмендегенін, стационарлардағы төсектік орынның жүктемесі 90,3 пайыздан 47,5 пайызға дейін кемігенін атап өтті.
Науқасқа жан, алыпсатарға мал қайғы...
Әр кезеңде ел ішінде топалаңда тоқаш ұрлайтындар табылып жатады. Міне, сондай ел басына күн туып, адам шығыны болып жатқан тұста да құлқынның құлы болғандар арамызда әлі жүр. Жергілікті билік тарапынан қаншама тексеру жұмыстары жүргізілсе де, қулығын асырып, дәрі-дәрмекті заңсыз сақтап, сатқан іс-әрекеттер тыйылмауда. Жуырда осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында медициналық препараттарды заңсыз саудалаған 11 дерек анықталды. Бұл жөнінде Шымкент қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасы полиция, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер, тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменттері және прокуратура қызметкерлері қатарынан мобильдік топ құрылған. Мобильдік топтың тексеруі барысында азаматтардың медициналық препараттарды заңсыз сатуының 11 дерегі және дәріханалардың дәрілік заттарды заңсыз өткізуінің 7 дерегі анықталды. Оның ішінде 14 дерек Қылмыстық Кодекстің 214-бабымен (заңсыз кәсіпкерлік) тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізілуде.
Жалпы сомасы 16,5 млн теңге болатын 22 мыңнан астам дәрілік препарат айналымнан шығарылды. Барлық кінәлі тұлғаларға қатысты заңда қарастырылған жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданылуда.
Қала прокурорының төрағалығымен дәрілік препараттарды заңсыз өткізу мәселелеріне қатысты мәжіліс өткізіліп, мобильдік топтың жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Алда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.
Кәсіпкерлер аянып қалған жоқ
Ұлтымыздың қанында бар қайырымдылықты берік ұстанған ізгі ниетті азаматтар індетпен күрес шарасына білек сыбана кірісіп кетті. Сол атымтай жомарт бір шоғырдың ішінде Шымкент қаласының кәсіпкерлері де коронавируспен күрес шараларына үлес қосуда. Қайырымды жандар «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік-қайырымдық қорына бүгінге дейін 100 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл туралы қор директоры Дәуренбек Құрбаниязов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл қаржыға 5 дана өкпені жасанды тыныстандыру (ӨЖТ) аппараты алынған. Құралдардың төртеуі жаңа жұқпалы ауруханаға, біреуі кардиологиялық орталыққа орнатылған. Бүгінде осы мақсатқа жұмсалған қаржы көлемі 90 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар қызметтік борышын өтеу барысында қаза болған дәрігерлердің отбасына да «Шымкент – қайырымды қала» қоры тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Күні бүгінге дейін қордың көмегімен қосымша ашылған провизорлық орталықтардағы төсектік орынға арналған 30 кереует пен 2400 литр минералды су алынған. Алдағы аптада 10 мың бетперде мен 1000 дана медициналық киім тарату жоспарланып отыр.
«Шымкент – қайырымды қала» қорының негізгі мақсаты – әлеуметтік, мәдени, ғылыми, спорттық, білім беру мақсаттарына қол жеткізу, азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау. Бұл қор коронавирус инфекциясымен күресте үлкен әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.
Қиын кезеңде жасалған жақсылық жария болса, айнала жақсы іспен жарысқа түседі екен. Кәсіпкерлерден бастау алған жақсы бастамаға отандық құрылыс саласындағы көшбасшы BI GROUP компаниясы да атсалысты. Жуырда аталған мекеме шаһардағы ауруханаларға ӨЖТ аппаратын сыйға тартты.
Шымкентте BI GROUP құрылыс компаниясы коронавирус індетінің алдын алу және дәрігерлерді қолдау мақсатында медициналық ұйымдарға екі жасанды тыныс алу аппаратын сыйлады. Осылайша, компания өкілдері аппаратты қалалық кардиологиялық орталық және №2 қалалық ауруханаға табыстады.
«Ауруханада 280 орындық провизорлық орталық ашылған болатын. Пневмония және ЖРВИ-дің асқынған түрінен ем алып жатқан науқастар саны 170. Отандық кәсіпкерлердің қолдауына алғыс айтамыз», дейді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Сәрсен Пернебеков.
Компания өкілі Тимур Уразбаев алдағы уақытта ауруханаға қажетті аппаратпен бірге оттегі концентрациясы бойынша да көмектесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Шымкенттегі ірі мұнай өңдеу зауыты – «Петро Қазақстан» компаниясы да бұл жақсы бастамаға үн қатты. Аталған мекеме «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік қорымен бірлесе Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген медициналық ұйымға гуманитарлық көмек көрсетті.
Аталған компания өкілдері №2 қалалық ауруханаға қарасты провизорлық станционарға 10 мың медициналық бетперде мен 1000 қорғаныш костюмін тарту етті. Жұқпалы індетпен күресте еңбек етіп жүрген дәрігерлерге алғысын білдірген серіктестік өкілі Ринат Ақбердиев компания тарапынан алдағы уақытта тағы да қолдау болатынын жеткізді.
Бүгінде қаладағы провизорлық орталықтарда 3610 орын болса, оның 260-сы – осы №2 қалалық ауруханада. Қазір мұнда 200 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл орталық қажетті дәрі-дәрмектер, тыныс алу қондырғыларымен толық қамтылған. Қала әкімдігі тарапынан провизорлық станционарға қосымша 6 ӨЖТ аппараты жеткізілген болатын.
ЭКМО аппараты қолданылады
Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықта пневмонияға шалдығып, денсаулығы күрт төмендеген науқастарды экстракорпоральды мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппаратына қосып емдеп отыр. Мамандар бұл құрылғыны ӨЖТ аппаратына қосымша көмек ретінде науқастарға қосуда.
«ЭКМО аппараты – өкпе қабынып, жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті деңгейде оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағзасына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.
Қалалық кардиологиялық орталық жанынан ашылған ЭКМО орталығына шаһардың өзге ауруханаларынан денсаулығы күрт нашарлаған науқастар жеткізіледі. Олар да осы тәсілмен емделуде. Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 науқас қосылыпты. Қазір бір науқастың денсаулығы жақсарған. Дәрігерлер енді бір аптада үйіне қайтаруды жоспарлап отыр.
Пневмонияның ел арасында кеңінен таралуына орай ЭКМО орталығында 35 орын дайындалған. Қазір онда науқастар ем алып жатыр. Жүйелі жұмыстың арқасында күні бүгінге дейін қалалық кардиологиялық орталықтың бірде-бір қызметкері жаман індетті жұқтырмаған.