• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Шілде, 2020

Алғашқы матч Алматыда өтеді

212 рет
көрсетілді

Футболдан қыркүйек айында басталатын Ұлттар лигасының еліміздегі алғашқы матчы Алматының Орталық стадионында өтетін болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерация­сы ұлттық құрама командалары депар­таментінің директоры Қайрат Нұрдәулетов мәлімдеді.

Негізі бұған дейінгі матчтар елордадағы «Астана Аренада» өтіп жүргені баршаға белгілі. Алайда жыл басында ішкі жөндеуге байланысты жабылған стадионның құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бітпей жатқан көрінеді. Сондықтан ҚФФ басшылығы тәуекелге бармай-ақ, алғашқы матчты Алматыда өткізгенді жөн деп шешіпті. «Ұлттар лигасындағы Беларусь құрамасына қарсы ойынды Орталық стадионда өткіземіз. Ал үй­де өткізетін тағы екі матчтың қайда өтетіні әлі белгісіз», дейді ұлттық құрама командалары депар­таментінің директоры.

Сондай-ақ Қайрат Нұрдәулетов УЕФА басшылығы 1000 адамға дейін стадионға жан­күйер кіргізуге рұқсат бергенін мәлім­деді. «Әрине ең алдымен барлығы сол елдегі эпиде­миялық жағдайға байланыс­ты екенін ескер­ген жөн. Мысалы, матч қабылдайтын елде жағдай тұрақты деп саналса барлық санитарлық талапты сақтап, жанкүйер кіргізуге болады. Ал матч індет кең таралып жатқан елде болса онда футболшылар жанкүйерсіз ойнайды», дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионында Албания, Бела­русь және Литва футболшыларымен бір топта өнер көрсетеді.