Қарапайым тұрғындарды бағасы қолжетімді, сапасы жоғары табиғи азық-түлік өнімдерімен қамту қай кезде де қажет. Алайда ылғи бұлай бола бермейтіні әмбеге аян. Мұның басты себебі – өнім өндіруші мен тұтынушының арасына жалаңдаған алыпсатарлар мен делдалдардың түсіп кете беретіні. Сөйтіп екі-үш еселенген баға қымбатшылыққа алып келеді. Ақтөбе облысында осындай кереғарлыққа жол бермеу үшін қанатқақты жоба жүзеге аса бастады.
Халық қамын көздеген сауабы мол іске «Haluq Sauda» деген атау берілген. Оның басты үйлестірушісі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ болып отыр. Қазір облыс орталығында жоба аясында алғашқы дүкен-қоймалар ашылған. Мұнда азық-түлік тауарларының сан алуан түрлері, соның ішінде әлеуметтік маңызға ие 19 түрлі азық-түлік тауары сатылады. Жобаны іске асыру кезінде халыққа негізінен жергілікті өнімдерді жеткізуге басымдық берілген. Оның бәрі тұрғындарға шектеусіз ұсынылады.
«Ақтөбе» ӘКК қанатқақты жобаны өзінің еншілес ұйымдарымен қоян-қолтық бірлесе жүргізуде. Бұл істің басы-қасында жүргендер бүгінгі таңда дүкен-қойма үлгісінде ашылған орындарды алдағы уақытта «Haluq Sauda» біртұтас дүкендер желісіне ұластыруды ұйғарған. Оның мерзімі алдағы қыркүйек айының басына белгіленген. Алдын ала жасалған есептерге қарағанда, бір дүкен орта есеппен әр шағын ауданның 30-40 мың тұрғынына қызмет көрсетпек. Өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін аталған сауда орындары арқылы өткізу көзделген.
Тағы бір ұтымды тұсы, тұрғындар бағасы арзан азық-түлік өнімдерін үлкен қаланы аралап, іздеп жүрмей, өз үйіне таяу орналасқан «Haluq Sauda» желісінен сатып ала алады. Оған қарасты сауда нүктелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне азық-түлік өндірушілер де мүдделі болмақ. Өйткені олар өз өнімдерін осы желі арқылы өткізбек. Түйіп айтқанда, аталған жоба жергілікті тауар өндірушілердің тұралап қалған активтерін жандандыруға жол ашып отыр.
Қанатқақты жобаның ауқымы мейлінше кең. Соның бірі – онлайн сауда жасауға арналған инновациялық негіздегі мобильді қосымша. Оның басты өзгешелігі – азық-түлікті жедел жеткізіп беретіні. Үйден шықпай-ақ тауарларға тапсырыс беріп, төлем жасауға болады. Сөйтіп мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы Ақтөбеде электронды сауда алаңы мен қызметін жасақтаудың алғышарты қаланған. Әсіресе, бұл қызмет қазіргі індет кезінде таптырмайтын тәсіл екені де талассыз.
Еліміздің қай өңірінде де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына тұрғындар наразылық танытады. Сондықтан да бұл мәселені жергілікті өкілетті органдар ұдайы назарда ұстауы қажет. Соған сәйкес бүгінде облыста бағасы нарықтан төмен азық-түлік қоры жасақталып жатыр. Қордағы баға нарықтағы бағаның өсуіне тәуелсіз, өзгеріссіз күйінде қала береді.
Биыл облыста тұрақтандыру қорын жасақтауға облыс бюджетінен 540 млн теңге бөлінген. Ол бұған дейінгі мөлшерден әжептәуір артық. Тұрғындарды қажетті әрі жеткілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін өңірде бірқатар ірі агроқұрылыммен фьючерстік келісімшарт жасалған. Бұл туралы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқармасының төрағасы Ермек Имантаев айтып берді.
Қысқасы, Ақтөбе аймағында қолға алынған «Haluq Sauda» қанатқақты жобасы халық қамын көздеуден туған қадам деуге толық негіз бар. Ең бастысы, аталмыш жоба әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік бағасының тұрақты болуына қажетті бір тұтқаға айнала алатыны анық.
АҚТӨБЕ