Петропавлдың Семашко көшесінде тұратын 54 жасар тұрғынының құны 130 мың теңге тұратын "Phoenix" маркалы велосипедін қымқырған суық қолды із суытпай, жедел ұсталды. Оған жақын арадағы аулалардың бірінде тұрған бейнекамераның көмегі тиді. Қос дөңгелекті тұлпарының қолды болғанын көрген Қызылжардың 54 жасар тұрғыны "102" нөміріне жедел хабарлаған, - деп жазады Egemen.kz
Полиция қызметкерлері шамамен ұрлық болған уақытты бейнеден бақылағанда велосипед жетелеп, асыға басып бара жатқан қаскөйді бірден көреді. Ол жақын маңда тұратын 1972 жылы туған қала тұрғыны болып шықты. Бейнекамерадағы кеткен бағдарымен жедел жеткен полицейлер оны масаң күйінде ұстап, велосипедті иесіне қайтарып, ұрының үстінен қылмысты іс қозғады. Қазір оған келуі туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Полицейлердің жедел жұмысына разы болған иесі «күн сайын жұмысқа және саяжайға мініп барып жүрген асыраушымды тауып бергендеріңізге рахмет» деп алғысын жаудыруда. «Велосипед иелері қауіпсіздік шараларын кез келген жағдайда сақтаулары тиіс. Аз уақытқа қалдырса да велосипедін ұрлап әкетуге қарсы берік троспен бекітіп кеткендері жөн. Мүмкіндігінше бейнекамераның бақылауындағы орындарды таңдаған дұрыс. Тәжірибе көрсеткендей, қаскөйлер мұндай жерлерді айналып өтеді, сонымен бірге бейнежазбалар қылмысты тез ашуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Петропавл қаласының ПБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.
Сондай-ақ қызылжарлықтар өздерінің қос дөңгелекті көліктерін қалауы бойынша полицияның мәліметтер базасында тіркей алады. Ол ұрлықты тез арада ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аталмыш базаға 1116 велосипед тіркелген.
ҚЫЗЫЛЖАР