Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» командасымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Бұған дейін де Исламхан аталған команда құрамында 5 ай жалда ойнаған.
27 жастағы Жамбыл өңірінің тумасы футболдың қыр-сырына өзі туып-өскен Тараз қаласында қанықты. 2011 жылы жергілікті «Тараз» командасымен бірге ел чемпионатында өнер көрсетіп, келесі жылы Қазақстан жастар құрамасымен Ресейде өткен «Достастық кубогында» жасындай жарқылдады. Сол жерде ресейлік мамандардың көзіне түсіп, бір жылдан соң Ресей премьер-лигасында доп тебетін «Кубань» клубына ауысты. Бірақ бұл жерде отандасымыздың бағы ашылмалы. Команданың қосалқы құрамына түсіп қалған соң жарты жылға елге оралды. Алғаш «Астанада» жалда ойнаса, кейін Алматының «Қайраты» Исламханды ресейлік командадан сатып алды.
Бауыржан Исламхан кейінгі бес жылын «Қайрат» құрамында өткізіп, Қазақстан чемпионатының бес дүркін күміс жүлдегері, бір рет қола жүлдегері атанды. Төрт рет Қазақстан кубогында, екі мәрте Суперкубок бәсекесінде топ жарды. Сонымен қатар үш жыл Қазақстанның үздік футболшысы деген құрметті атаққа ие болды.