Биыл мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында бөгет жарылып Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендерін су басқан болатын. Айдың күннің аманында тілсіз жаудан зардап шеккен ағайынды жергілікті билік былтырғы Арыс оқиғасындағы тәжірибеге сай қауіпсіз орындарға орналастырды.
Осылайша, мемлекет үшін ең басты капитал – ел тұрғындарының өміріне қатер төнген жоқ. Ендігісі қираған материалдық байлық-тұғын. Мұны да береке-бірлігі бекем, бойына қайырымдылық ұялаған ел-жұрт көтеріп алып кетті. Мақтааралға ағылған гуманитарлық көмектің есебінде шек жоқ десек қателеспеспіз. Әліге дейін су тасқынынан зардап шеккен мекенге жәрдем бір сәтке де толастаған емес. Нәтижесінде шекарадағы шалғай ауданға мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіліп, ағайынның басындағы ауыртпалық жеңілдей түсті.
Қиын-қыстау кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл шешім қабылдады, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке арнайы тапсырма берді. Екі айдың ішінде су шайған ауылдар қалпына келтірілді. Күні кеше баспанасыз қалған тұрғындар үшін жаңадан салынып жатқан шағынауданда 115 үйдің құрылысы толық аяқталды.
Жалпы, аудан көлемінде 386 үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы өрілген. Басым бөлігінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Демек тұрғындардың қуанышқа кенелетін күні де жақын. Апта басында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік лездеменің күн тәртібінде де Мақтааралдағы құрылыс жұмыстары талқыланды. Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданындағы қызу еңбек туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев баяндама жасады.
«Түркістан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 9 мыңнан астам, ал Түркістан қаласындағы құрылыс науқанына 4 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Барлық құрылыс нысанында елдегі карантин талаптары қатаң сақталуда. Жұмысшылар тиісті сақтық шараларын қатаң ұстанып, жұмыс істеуде. Түркістан қаласында құрылысы тоқтаған нысандар жоқ», деді ол.
Басқарма басшысы сондай-ақ Мақтаарал ауданындағы құрылыс алаңында 29 мердігер мекеме мен 1400 жұмысшы, 87 арнайы техника құрылыс-монтаж жұмыстарына тартылғанын айтып өтті.
Аудандағы су шайған Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендері үшін 70 гектар жерде жаңадан бой көтерген Мырзакенттегі жаңа шағын ауданда 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория мен полиция учаскесінің құрылысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Мұнымен қатар, Фирдоуси ауылынан дәрігерлік амбулатория мен полиция бекеті, Өргебас ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункт пен полиция бекеті салынып жатқанына тоқталды.
Апат салдарынан қолындағы төрт түлігінен айырылған ағайынға да тиісті көмек көрсетілмек. Орын алған төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленеді. Топан су басқанда жалпы аудандағы 22 отбасы 144 бас малынан ажырап, шығынданған болатын. Бүгінде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы түйеге 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге, сиырға 110 мыңнан 220 мың теңгеге, ұсақ малға 25 мыңнан 45 мың теңгеге, үй құсына 2 мың теңгеге дейін өтемақы берілген.
Жалпы, тасқын судан зардап шеккен ауылдарды қоқыстан тазарту кезінде 930-дан астам мал өлексесі шығарылды. Оның ішінде 40 ірі қара, 876 ұсақ мал, 9 жылқы, 6 түйе өлексесі бар. Анықтау жұмыстары барысында төрт түліктің басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан топан сумен ағып келгені белгілі болған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы және аудандық «Ветеринарлық қызметі» КММ-нің өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жоғалған үй жануарларын түгендеу және мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен елді мекендер толығымен дезинфекцияланды.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы жаңа шағын ауданда 386 үй мен бірқатар әлеуметтік нысан бой көтерген. Солардың ішінде тұрғындардың демалуына, серуендеуіне арналған желілік саябақ пен гүлзарлар салынуда. Демалыс аймақтарында қазіргі сәтте абаттандыру жұмыстарымен қатар веложол төселініп, суағарлар орнатылған. Айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалуда.
Өткен аптада Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарын тексерген Өмірзақ Естайұлы жауапты басқарма басшылары мен құрылыс компаниясы өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Әрі тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары жіті бақылауда екенін жеткізді.
«Әр нысан сапалы тұрғызылып, аудан тұрғындарына уақтылы тапсырылуы қажет», деді облыс әкімі.
Естеріңізге салар болсақ, жалпы, Өргебас ауылындағы барлық 194 үй бұзылып, жаңадан салынып жатыр. Бүгінде 116 үйдің қабырғасы қаланған. 49 үйдің шатыры жабылуда. Ал Фирдоуси елді мекенінде жалпы 303 үйдің басым бөлігінің қабырғасы қаланған. 38 үйдің шатыры жабылған.
Түркістан облысы,
Мақтаарал ауданы