• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Тамыз, 2020

Шілде айында азық-түлік үшін қазақстандықтарға 5,4 млрд теңге аударылды

302 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдың шілде айында 1 млн-ға жуық қазақстандық жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алды. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен 1,1 млн адамды қамту жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай режимі мен коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі карантиндік шаралар кезеңінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың қарым-қатынас жасауын азайту және COVID-19 таралуын болдырмау үшін жиынтықтар балама ақшалай төлемдермен алмастырылды.

Келесі 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар төлем алушылар болып табылады:

  - атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, оның ішінде көпбалалы отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

  - медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

  - медициналық, әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

  - мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар;

  - жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Көмектің осы түрін алушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.

Ағымдағы жылғы наурыз-мамыр айлары аралығында бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.