Біз тарих, қоғам туралы ойланғанда арғы-бергі өткен ойшылдардың пікірлерінен аттап кете алмайтынымыз ақиқат.
«Ұят, ұят, ұят – міне бүкіл адамзат тарихы осы!» деген ащы сөзді Фридрих Ницше тегін айтпаған. Бұл сөзден барлық адамзат баласы жасаған күллі күнәлардың баршасы қараңғыдағы шоқтай болып, көздері қызара жылтырап, тесіле қарап тұрғандай сезіледі.
«Білімнен асар қазына жоқ, ақымақтан асар жауың жоқ, білімнен биік бедел жоқ, ұяттан артық әшекей жоқ» деген сөзді Сократ айтқан деседі.
Ал Абай 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: «Ұят кімде болса – иман сонда» деген...
Абай өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның «Пайда ойлама, ар ойла» деуінің астарында терең мән жатыр. Мұнда қазақтың: «жарлы болма, арлы бол» дейтін тұжырымымен де үндестік бар.
Ғұлама философтардың ұйғаруынша, ұят деп адамның алдындағы қорқынышты атаймыз, ал ар дегеніміз – Құдайдың алдындағы қорқыныш.
Абай айтқан: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Басқа нәрселермен озамын деу бекершілік» деген.
Біздің ұлтымыздың ұстазы Абай өз шығармаларында әлемнің бірінші ұстазы Аристотельмен де үндестік тапқан. Оның «Ескендір» поэмасында Аристотель де өз шәкірті Ескендір Зұлқарнайын сияқты басты кейіпкердің бірі. Поэмада Ескендірге қамалдан лақтырылған адамның қу басы – ашкөз адамның, дүниеге тоймайтын қу құлқынның символы. Поэмада ұлы ақын:
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарқ болма бекер.
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер, – деп қорытып, кейінгі ұрпаққа ұлағатты ой тастайды.
Данышпан ақынның «Ғылым таппай мақтанба» деген дидактикалық өлеңі біздің қазақ халқының ғана емес, күллі адамзат баласының өмірлік бағдарламасына енгізуге лайықты ғибратты туынды:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз...
Шығармалары өз халқының ұлттық идеологиясының құрамдас бөлігіне айналып отырған Абай өзінің бір сөзінде «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді.
Ұлы ақын неге мыңмен жалғыз алысты?
Бұл сұраққа Абайдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген ирланд классигі Джонатан Свифт жауап беріп кеткен екен: «Нағыз кемеңгерді бірден байқап, тануға болады, өйткені оған бүкіл надандар мен дарынсыздар қарсы шығып, жабылып кетеді» деп жазыпты ол.
Өзінің «мыңмен жалғыз алысып», арпалыспен өткізген қысқа ғұмырында қазақтың кемеңгер ақыны әлемдік өркениетке өлмес үлес қосты. Сонымен қатар Байрон мен Гетені, Мицкеевичті, Пушкин мен Лермонтовты, Лафонтен мен Крыловты, Бунин мен Полонскийді, тағы басқаларды қазақ тіліне тәржімалап, әлем әдебиетінің асыл қазынасын өз ұлтының игілігіне айналдырып берді. Сөйтіп, әлем әдебиеті мен қазақ руханиятының арасына өз дарынымен алтын көпір орнатып кетті.
Кейінгі уақытта «Әр дәуірдің өз Абайы болады» деген пайымды жиі еститін болдық. Олай емес. Барлық дәуірге, барлық халықтарға ортақ бір Абай бар. Абай – дара. Алла – жалғыз, Абай – жалғыз.
Кезінде «Менің Абайым» деп ақын Темірхан Медетбек зерттеу кітап жазды, біз оны ыстық ықыласпен қабылдадық. Қазір Абайды иемденушілердің қатары тіпті көбейді. Несі бар, иемденуге хақысы бар, Абайды әркім өзінше таниды, әр қырынан келіп, өзінше баға береді. Мектеп оқушылары «Менің Абайым» деген тақырыпта жаппай шығарма жазуда. Бұл да құптарлық іс.
Бірақ Абаймен әсіре әуестенудің кері әсері де болатын сияқты. Мысалы, әр түрлі діни ағымның уағызшы-білгіштері ақын шығармаларына өз түсінік призмасымен қарап, тіпті бірі салафит, енді бірі кришнаит жасағылары келгенін де көрдік. Біз кейбір діни секталардың идеологтары Абай, Шәкәрім философиясын өз көзқарастарын насихаттауға пайдаланып, кітаптар, трактаттар, оқулықтар жазып, жариялап жүргеніне куә болдық, қарсылық білдіріп, тосқауыл жасап та бақтық. Бірақ одан не өнді, не өнбеді? Өйткені Абай бәріне керек. Егер Әуезовтің көзі тірі тұрса бұлай болар ма еді, болмас па еді?
Оның өлеңдерін Ресейдегі саяси топтар «Оккупай Абай» деп атап, өз саяси ойындарына, ереуіл-күрестеріне құрал еткені де есімізде. Олар өз ұрандарын жазып, ақынның кітабын, суретімен футболкасын шығарып таратты. Жалпы, шығарма атаулы жарыққа шыққан соң халықтың меншігіне айналады. Тіпті көзі тірі авторлардың өзі өзегін жарып шыққан шығармасына жарияланып кеткен соң ие бола алмай қалады. Сондықтан бұл жерде көпке не істеуге болады? Кім қандай мақсатына қалай пайдаланса да Абай – Абай болып, өз биігінде қала береді. Абайды «түсініксіз қазақ» деп атаған Навальныйға біз ренжідік, бірақ біз өзіміз Абайды толық түсініп болдық па? Мен өз басым данышпан Абайдың біз шеше алмай жүрген ұлы бір жұмбағы – оның өз халқының бостандығын аңсауында жатқанын сезгендей болдым. Мәскеудегі жағдай соның бір көрінісі. Орыстың демократиялық күштері Абайдан өздеріне демеу, қолдау тапты. Дегенмен әлгі ереуілші Навальныйдан біздің өзгешелігіміз – түсінейік, түсінбейік, ұлт болып Абайға ден қоя бастағандығымыз.
Абай біздің бүкіл тыныс-тіршілігімізге етене еніп кеткені сондай, біз бүгін Абайсыз аттап баспайтын халге келдік. Өмірдің, тұрмыстың, қоғамның қай саласына барсаңыз да Абай жыры, Абай нақылы көмекке келеді. Абай – біздің ақылшымыз, Абай – біздің бағыт беруші Темірқазық жұлдызымыз. Абай жыры – ұлттық идеологиямыздың құрамдас бір бөлігі. Егер сол жолы Абайдан «таяқ жеген» Путин де Абайды оқып, оның жырына жүгінер болса өзіне үлкен жақтас тапқан болар еді. Абайдың ұлылығы сонда: ол – бүкіл адамзатқа ортақ тұлға, әлемдегі барша күрескерге дем беріп, демеу бола алатын қайталанбас қасиет!
Қызған, қызғанба, Абай Құнанбайұлы ешкімнің жекеменшігі емес, ең әуелі қазақ халқының дара перзенті әрі ұлы ұстазы, кемеңгер данышпаны, одан кейін күллі түбі бір түрік халқының үлгі тұтып, мақтаныш етер биік инсаны, қала берді бүкіл адамзатқа рухани шапағатын шашқан алып тұлға.
Ұлылық деген әрі қарапайым, әрі ұлы ұғым, оның ішкі шыңырауына екінің бірі бойлай алмайды. Абай бабамыз да «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», «Шеш көңілімнің жұмбағын» деп келер жетелі ұрпаққа жасырын қазыналы көмбедей ұлы міндет артып кетті.
Өз заманынан озып туған ақынның қат-қабат жұмбағын көзінің тірісінде ешкім шешпек тұрсын, мәніне бойлап, түсіне алмады. Біз болсақ әлі күнге дейін түсінуге талпынып келеміз.
Абай феноменін алғаш ашып берген Әуезов болса, арғы-бергі қаламгерлерден Абай ауылына ат басын бұрмағаны жоқ. Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» деген зерттеу кітап арнады, Рамазан Тоқтаровтың «Абай жұмбағы» атты романы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қайым Мұхаметханов, Мекемтас Мырзахметов, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, тағы басқа абайтанушылар еңбектерінің әрқайсысы бір төбе.
«Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» (9-қара сөз).
Ал өлеңінде:
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін – ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!,
– деп осы ойын сабақтайды.
«Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей».
«Жақсы менен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».
«...Адам баласы жылап туады.
Кейіп өледі».
«Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың».
Ұятты білмей өмір сүріп жүргендерге қарап айтқаны: «бүйтіп тірімін деме, одан да Алланың ақ өлімінің өзі артық».
«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық» (7-сөз) дейді.
Мұндай үзінділер мен шумақтардан оның қым-қиғаш күреспен өткен қайғылы, қасіретті өміріндегі драмаға толы психологиялық халін көреміз.
Абай – ұлттық шеңберден шығып, әлемдік, адамзаттық деңгейге көтерілген Алаштың алғашқы ақыны дейтін себебіміз, ол өз пайымдарында әлемнің ұлы ойшылдарымен үндеседі, тізгін қағыса үзеңгілес тұрып, терезесі тең деңгейде тіл қатады.
Мысал көп, біреуін ғана келтірейін. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский өз «Күнделіктерінде» «ұлттың соқырлығы» және содан туатын екі қателік туралы өз көзқарасын тұжырған. Айтып отырғаны: «ақыл-ойдың қателігі мен жүректің қателігі».
Ақыл-ойдың қателігінен арылуға болады, ал жүректің қателігінен – айығу қиын. Жазушы бұл жүрек қателігін адамның жан дүниесін, рухын құртатын жұқпалы дертке балайды.
Ал Абай 17-қара сөзінде «Ақыл мен қайратты жүрекке билету керек» деген тәмсіл айтады. «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым, Үшеуің бір кісінің бойынан табылсаңдар – «табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», дейді. Міне бұл «қасиетті адам» – ұлы Абай атамыз идеал ретінде ұсынған «толық адам», «кемел адамның» мінездеме, сипаттамасы, портреті.
Өз ұлтын жан-тәнімен сүйген ақын шығармаларында өз қайғысына ел қайғысын қосып жырлағаны бесенеден белгілі, айналасындағы надан жұрттың, мешеу қоғамның қисығын түзеуге әрекеттеніп, содан қыруар жау тауып, ақыры жүрегі айықпастай жараланып, құсаланып, жан дертін тапты.
Меніңше, Абайдың жұмбағының бір суыртпақ-тамырын оның жанының дертінен іздеу керек...
«Бас-басына би болған өңкей қиқымның» заманындағы ымырасыз күресте надандардан жеңілді, толғанды, күрсінді, күңіренді, қорланды, әбден налыған шақта түңіліп отырса да:
«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?» деп, осы тұйықтан шығар жол іздеді.
Міне, осы жерде ұлы ойшылдың «толық, кемел адам» концепциясы туады.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбектi сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиетi:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек».
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек,
– дейді ол.
Абай өзінің «Қара сөздерінде» «толық адамды» екіге бөледі:
Надандыққа толық адам; Адамдыққа толық адам.«Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегендегі 5 нәрсе талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым бесеуі де – адамның үш асыл қасиеті – Ақыл, Қайрат, Жүректен туындайды.
Адамзат өркениетіндегі адамгершілік-кісілік, дін-иман, білім-ғылым, тәрбие, әдеп, өнер, адалдық, әділеттік, ерлік, азаматтық, жомарттық, т.б. барлық ең парасатты, ең ізгі, ең игі қасиеттерді бойына сіңірген адам – Абай ұсынған «толық адам» тұжырымы – Президент Қ.К.Тоқаевтың ыждаһатымен бүгін біздің қазіргі Қазақстанның даму концепциясының негізіне айналғаны ұлтымыздың ілгерілеуі жолындағы стратегиялық құтты қадам болды деп айтар едім. Сондай-ақ биылғы жыл Абай жылы, ал ұлы ақынның туған күні Абай күні аталып, күнтізбеге еніп, халықтық дәстүрлі мерекеге айналғаны әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ғана емес, адамгершілік пен ізгіліктің, ар мен иманның мәртебесі көтерілгенінің белгісі.
Хакімнің өлмес өлеңдерімен қатар, қасиетті «Қара сөздері» де адамсүюдің сарқылмас қайнары ретінде бүкіл адамзатқа ортақ мұра. «Қара сөздер» – ең алдымен қазақты тануға арналған трактат. Жазылғалы бері ғасырдан астам уақыт өтті. Ұлы ақын танып-білген ол қазақты біз жыға танымаймыз, тани да алмаймыз, танығымыз келсе де. Ал өзіміздің замандастарымызды ше? Оларды тануға қабілетіміз жоқ. Өзгені қойып өзімізді өзіміз кейде танымаймыз. Қазақ өзгеріп барады. Күннен күнге. Мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, тіпті тілі, ділі, діні де... Бала кезімдегі кеңқолтық қазақты бүгін күндіз шаммен іздеп таба алмаймын.
Қазақтың ұлттық сыр-сипатын ашуға Абай, Шоқан, Шәкәрім, Байтұрсынов, Әуезовтен бастап, көптеген философтарымыз еңбек арнады. Осы ыңғайда Герольд Бельгердің жазбалары да көңілге көбірек қонады. Бергі толқыннан Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Қас-Сақ аңқымасы», Тұрсынжан Шапай «Қазақтың жаны», Амангелді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» деген монографияға татитын шығармалар жазды. Алаштану орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қазақтану ғылымына қосылып жатқан үлес деп білемін. Қазақты тану үшін ең алдымен қазақты жүрекпен жақсы көріп, құлай сүю керек. Бұл жерде жалаң патриотизмге орын жоқ. Кезінде қазақтың кейбір ерек мінезін шымшып сынаған бір-екі өлең жолдарымды ұстап алып, соңыма шырақ алып түсіп, мені қазақтың жауы атандырмақ болғандар бұл күнде райынан қайта қойды деп айта алмаймын. Соның өзінде біздікі әншейін, бер жағы, асылында қазақты Абайдан көп сынаған ақын жоқ. «Қолдарынан келсе алдымен Абайды қиратып алсын» демей-ақ қояйын... Мұны «қарпып сүю» дейді.
Ұлы даланы кезіп, мәдениетіне қанығып, атқа мініп, киіз үйде түнеген, ән күйін тыңдап, дастарқаннан дәм татқан, қазы жеп, қымыз ішкен, арғысы – ежелгі батыс-шығыс саяхатшыларының, барлаушыларының, уағызшыларының, бергісі – Ресей отаршыларының, қарашекпендер мен каторжандарының біразы қазақтың ұлттық мінез-құлқы туралы өздерінше суреттеп жазып қалдырған. Ата-бабаларымыз әлі бір тудың астына бірігіп, қазақ атана қоймаған ықылым заманнан бері жеткен сипаттама, мінездемелер, кейіптемелер сақталған. Ибн Батута, Марко Поло, Рубрук, Карпини, Жувейни, Тянь-Шаньский, Пржевальский, Янушкевич те, Зелинский де, Достоевский де, Солженицын де... Көбісі қазақтың дарқан мінезін мақтап, даңғой қылықтарын шенегенмен, ешқайсысы да ұлтымыздың шынайы сипатын ашып бере алған жоқ. Оларға қарағанда «Мен бір жұмбақ адаммын...», «Шеш көңілімнің жұмбағын», «Сырымды тоқтатайын айта бермей» деген ұлы Абай күллі әлемге қазақ жаны мен санасының құпиясын көбірек ашты. Өлеңдері арқылы да, «Қара сөздерімен» де.
Дегенмен де, Абай өзі танып-біліп, зейіндеп-зерделеген қазақ жанының бүкіл құпиясын түгел жайып салмай, соңына көп жұмбақ қалдырды десек дәлірек болатындай. Абайдың қазақтанымы мұхиттағы алып айсберг секілді. Үштен бірін кейінгіге ашық ұғындырып берді де, қалғанын астарлап кетті. Меніңше, оның «Қара сөздерін» тәржімандардың орыс тіліне «Слово назидание» деп аударып жүргені дәл балама емес. «Қара теңіз», «қара шаңырақ» дегендегі «қара» сөзі ұлылық мағынасын беретінін бұл күнде орыстармен қоса бүкіл әлем жұрты біледі. Ана жылы Өскеменде Абайға еңселі ескерткіш қойылып, ашылу салтанатына барғанымызда сөз сөйлеген орыстың белгілі жазушысы Александр Радионов: «Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» орысшаға сөзбе-сөз «Черное слово» деп аударсаңыздар әлдеқайда дұрыс болады, бұл сөзде ұлылық бар, солай деп аударыңыздар! Бұл «Слово назидание» дегеннен әлдеқайда күштірек!» деген сөзі есімде қалды... Бірақ біздің орысша сөйлеп-жазғанда орыстың өзін жолда қалдыратын тілмаштарымыздың өз уәжі, аргументі бар сияқты...
Бірде маған қазақтың орыс тілдес өнертанушы ханымы:
– Сіз неткен бақыттысыз, Абайды түпнұсқадан оқып-түсінетін, – деді, – сосын: – Ал біздің оқып жүргеніміз нағыз Абай емес, оның аудармасы ғана, –деп қосты. Мен оның сөзі мен әлпетінен ана тілін білмегеніне қатты қынжылған өкінішті байқап, жаным ашып кетті. Абайды түпнұсқадан оқи алмауын бақытсыздыққа балаған сұңғылалығына ішім жылып қалғанын несін жасырайын? Бұл жерде оның нәзік дауысымен өз ана тілін түсінбейтін бірнеше ұрпақтың бақытсыздығы айғайлап тұр еді.
Біздің көбіміз осы кезде ұлттық мұрат-ұлттық идеямыз неден бастау алатынын біле бермейміз, «ұлттық идеология қайда?» деп қақсаймыз. Негізі бұл ұлттық санаға байланысты мәселелер. Біз Абай жұмбағын кемеңгер ақынның жеке басының жұмбағы емес, күллі қазақ ұлтының, қала берді бүкіл Қазақстанның жұмбағы деп қарастыруымыз керек. Абайдың ғажайып құдіреті оның шығармаларына үңілген сайын осындай ойға итермелейді. Бірақ біз бұл жұмбақтың шешуін, соңғы отыз жылда қалыптасқан әдетімізбен, жұртымызды да, ырқымызды да біртіндеп билегісі келетін сұқ көзді сыртқы инвесторларға артып қойып қарап отыра бермей, өзіміз шешкеніміз жөн. Жұмбақсыз жан, құпиясыз адам жоқ. Дей тұрсақ та, қоғамдық санада «Інжіл құпиясы», «Құран құпиясы», «да Винчидің құпиясы» дейтін белең алған ұғымдар бар. Абай жұмбағы – қазақ жанының құпиясы да осы тектес құбылыс. Біздің ұлттық санамыз алдымен Абайды жете танып, ол қалдырып кеткен қазақ құпиясын – ғасырлардың ұлттық жұмбағын толық түсініп, түгел игеріп, шешкен жағдайда ғана әлемнен өз орнын ойып ала алады. Еліміз де солай. Бұл жолда ұлы Әуезов ұсынған ғылыми амал, зерттеу әдісі, өз қолымен салып беріп кеткен танымдық биік баспалдақ бар. Қазақстан қаншама дарқан, ақкөңіл, ашық-шашық, аста-төк ел болғанымен Абай өзі жасырып кеткен ұлттың жұмбағын сыртқа көп әшкерелеп, әйгілей бермей, қазақ жанының құпиясын қымтап ұстағаны жөн деп білемін. Түбінде «Қазақ жанының құпиясы», «Қазақтың ұлттық санасы», «Қазақтың мақсат-мұраты», «Қазақ жұмбағы», «Қазақ феномені» деген сияқты ұғымдар әлемдік деңгейге шығатын күннің келеріне сенемін.
Өйткені Абай – сананың сәулесі, жүректің жұлдызы!
Абай – адамгершіліктің асқары, шындықтың шыңырауы, рухтың ғарышы!
Абай – «қор елде туып, қорлықпен өтсе де» (Шәкәрім) бар болмысы, бүкіл ұлы дарынымен, қатыгез ортада қайғыға тұншыққан қасіретті тағдырымен ұлтының ұлы болашағына жол ашып берген кемеңгер. Біз, Алаш елі, Абай барда адаспайтынымыз анық! Сондықтан Абаймен өмір сүрейік! Бүгінгі Абай күні құтты болсын!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы